» » Ұлылар ұлағатына ұйыған жөн

Ұлылар ұлағатына ұйыған жөн

Орамал – жалпы әйел заты үшін киелі дүниелердің бірі. Ол жайлы түрлі өсиеттер, құнды әңгімелер өте көп. Бірақ киелі бұйымның да өз иесі болады. Орамал тартып, малынып ұзын көйлек киген бұрымдының бәрі иманы берік, уәдешіл, текті, инабатты деп тағы да айта алмаймыз. Иман орамалда емес, иманның өзегі ол жүректе. Сол орамалдың ішінде жүріп-ақ қылмыс әлеміне қадам басып жүргендер, арынан бұрын өз нәпсісін жеңе алмайтын мұңлықтар бар. Орамал тартқанның бәрі періштедей пәк, мақтадай таза, бетінен ұяты төгіліп тұр деп, дөп басып айта алмаймыз. Оның ішінде діни түсінігі төмен, өзге діннің шылауында адасып жүргендер де бар. Осылай екенін біле тұра «мектеп қабырғасында білім алып жүрген қыздарымызға орамал тартқызу» керек деп әлеуметтік желіде қол жинап жатқандардың бар екенін байқап отырмыз. Бақытты балалық шағында жүрген балауса қыздарымыз орамал тағып мектепке барғаннан ол әдепті, шынайы, парасатты бола қалады ма? Жалпы сыртқы сипаты ішкі жан дүниесінің кем-кетігін толтыра алады ма? «Сырты бүтін, іші түтін» болып жатса қайтеміз?

«Бойы бұлғаң,
Сырты жылмаң.
Кімді көрсем мен сонан.
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Бұл – Абай ғұламаның теңеуі. Басына мектепте жүріп орамал байласа, тек сыртының ғана жылтырағын ойлап, іші қалтыраған ұрпақ өсірмейміз бе? Мәселе осында. Орамал ол жұбайлық өмірдің символы секілді дүние болса, жарасымды. Әр нәрсенің өзінің сәні, жөн-жобасы, реті болады. Ата-бабаларымыз баяғы өркениеті дамымаған заманда ғұмыр кешсе де оң жақта отырған қыз балаға ешқашан орамал таққызбаған. Жаңа түскен келінге «айналайын, қарағым, орамалың құтты болсын!» деген үлкендердің әдемі тілегі де біздің ұлттық болмысымыздан, қазақи қалпымыздан хабар береді. Мектепте орамал тартпай-ақ дінге де, дәстүрге берік болу әр адамның өзінің жан дүниесінің қалауы болмай ма? Естеріңізде болса, Ақтөбеде бір топ ата-ана осы мәселені ушықтырып, жоғарғы билікке арызданған болатын. Ақырында заң аясында бұл мәселенің дұрыс еместігі дәлелденіп, нүктесі қойылған болатын. Енді фейсбук парақшасында оқушы қыздардың мектепке орамалмен баруына рұқсат етілуін қалаған бір топ азаматтар «қол жинап жатырмыз» деп даурығып жатыр. Міне, бұл енді көзі ашық, көкірегі ояу адамға ұят нәрсе.

Дін өкілдерінің айтуынша, ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті. Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды әрі білім алуды әмір еткен. Құран Кәрімнің ең алғаш түскен аятының өзі «Оқы» деген бұйрықпен басталуы ерекше назар аударарлық. Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білім­сіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.

Өте құптарлық пікір. Қалай бұлқынсақ та бір қоғамда өмір сүрген соң ортақ заңға, бірегей тәртіпке бағынуымыз керек. Қоғамнан бөлінуге ешкімнің құқығы жоқ. Дін өкілдері де мұны растайды. Олай болса, мектеп қабырғасында орамал тарту дегеннің қате түсінік екенін ойланған жөн. Жүрек түкпіріндегі иман бір жапырақ орамалмен өлшенбейді. Рухы биік жанның орамалы жүрегінде құндақтаулы тұрғанын ұмытпайық. Әсіресе мектеп ол білім ұясы екенін де бір сәт естен шығармағанымыз жөн. Ал білім мекемесінің өз ережесі мен қағидасы бар. Ал тәртіпке бағынған ешқашан құл болмайды. Тәртіп пен тәрбие – ортақ ұғым. Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген болатын. Ұлылардан қалған ұлағатты сөзге ұйығанымыз жөн. Басқа жол жоқ.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

08 ақпан 2022 ж. 115 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 992

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031