» » Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі

Мемлекеттік тіл- қазақ тіл » Ақмешіт жастары «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек,  Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.

Адам мен адамды, ел мен елді, тұлға мен мемлекетті бір-біріне жалғайтын осы тіл. Оның коммуникативтік рөлін солай түсінген дұрыс. Тіл – құрал, ал коммуникация дегеніміз байланыс. Яғни, тілдің байланыс құралы ретіндегі міндеті де, қызметі де маңызды. Оны тек ұтымды қолдану керек. Сонда мемлекеттің іргесі нығайып, елдің ынтымағы арта берері анық. Өйткені мемлекеттік тіл – ел бірлігінің темірқазығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін ұдайы айтып келеді.

Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында «Тіл туралы» заңға да бірқатар өзгерістер енді. Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. Соңғы өзгеріске сәйкес «Тіл туралы» Заңның 19-бабына әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазылуы тиіс. Бұған дейін «Тіл туралы» Заң бойынша көрнекі ақпараттарды жазуда мемлекеттік және орыс тілдерін  қатар қолданылып келген еді. Енді өзгеріске енген жаңа Заңмен тек мемлекеттік тілді қолдану міндеттеледі.

Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетіп, жарқыратуымыз керек. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Оған қоса мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатыр. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл - заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ», – деді. Мұнын алдында, яғни Президент өзінің алғашқы Жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталды. Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін атап өтті. 

Ия, тіл – бұл ұлт келбеті. Сондықтан да Қазақстан Республикасының бас құжаты – Конституцияда «қазақ тілі – мемлекеттің барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі», – деп нақты көрсетілген. Бүгінде қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілік арттырылып отыр. Мемлекеттік қызметке, халықпен тығыз жұмыс жасайтын лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беріледі. Алайда Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге шектеу қою емес.

Мәселен, Қазақстан Республикасының соттарында іс жүргізу және сот өндірісін жүргізу мемлекеттік тілмен қатар ресми тілді жүзеге асырылып отыр. Мемлекеттік органдармен сотқа жолданатын құжаттар да мемлекеттік тілде рәсімделіп келеді. Осы арқылы сот өзінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, ел азаматтарының объективті ақпарат алудағы конституциялық құқықығын жүзеге асырып қана қоймай, сот билігінің беделін нығайтып, сот жұмысының сапасын жақсартады.

Қорыта айтқанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оның мәртебесін биіктетіп, қолдану беделін арттыруға бағытталған жұмыстар тоқтаған емес. Тірлігі мен тынысы бір, жері мен ынтымағы жарасып отырған елдің тілі де бір болса, ұлт бірлігінің басты факторы екенін қазақ тілі дәлелдеп шығады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ат салысу. Мемлекет тарапынан бұл бағытта заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеу үшін, ең алдымен, тілді білуге деген қажеттілік туындауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, әрбір адамға тілді үйренуге деген ниет пен білім қажет. Ананың сүтімен бойға дарыған туған тілді құрметтеу – ең қымбат, ең асыл қасиеттердің бірі. Ал осы қасиеттерді жасөспірімдердің бойына сіңіріп, қазақ тілінің мәртебесіне сызат түсірмеу баршамыздың жұмыла көтерген жүгімізге байланысты.

Рахат АҚҚАСЫНОВ,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы
28 ақпан 2022 ж. 203 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930