» » Отбасының тыныштығы заңмен қорғалады

Отбасының тыныштығы заңмен қорғалады

Әлімсақтан қазақ халқы туыстық пен отбасындағы тыныштыққа баса назар аударатын ел. Сондықтан да әдеби қорымыздың інжу-маржаны болып саналатын шешендік және нақыл сөздер көп қалған. Солардың бірі: «Ағайынның азары болса да, безері болмас», – деген ұлағатты, ғибратты сөз. Алайда, бүгінгі жаһандану кезеңінде ағайындардың арасында азары да, безері де бар екенің отбасылық дау-жанжалдың көбейгеніне қарап аңғару қиын емес.
    
 Көп жағдайларда отбасылық дау-жанжалдың өрбуі тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан орын алады. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау  – Қазақстан Республикасының басым бағыттарының бірі болып табылатындықтан отбасының тыныштышы заңмен қорғалатыны белгілі.
       Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер саны артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе қоғамның әлсіз топтары әйелдер мен балалар, қарттар ұшырайды. Көп адамдардың пікірінше, отбасылық зорлық-зомбылық тек күйеуі мен әйелі арасында орын алады, алайда деректер ересек балалардың қарт аналары мен әкелеріне сыйламаушылық танытып, былапыт сөздер айтып, отбасы тыныштығын алатынын көрсетіп отыр. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай-шудан шаршаған адамдар сондықтан құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.
Отбасының бұзылуына қоғамдағы жаһандану, шет ел құндылықтарын сіңіру факторлары әсер етеді. Алайда, ажырасушылардың көбісінің айтатыны: «Мінезіміз келіспеді». Яғни, ортақ мәмілеге келулері қиын. Содан кейін көп жас ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдарына қойған мақсаттарын түсінбейтін сияқты. Әлгі жаһандану құндылықтары мен қазақи тәрбиенің қарама-қайшылығы да отбасы шырқының бұзылуына әсер етеді. Бұларға әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қосыңыз. Бұл тұрғыдан айта берсе, әңгіме көп. Күнделікті сот тәжірибесінде түрлі тағдырға куә боламыз. Мысалы, 2 жыл бұрын отау көтерген Н-мен А-ның тағдырын алайық. Жастар бірін-бірі қалап, саналы түрде отбасын құрамыз деп қосылған. Әйелі босанғанша тату-тәтті тұрмыс кешкен. Алайда, бала дүниеге келгеннен кейін әйелі өзінің үйіне, яғни өз жұртына кетіп қалуды әдетке айналдырады. Ақыр соңында айлап, жылдап өзінің ауылында жатып алған. Одан қалды күйеуіне психологиялық, маральдық қысым көрсетіп, түрлі әрекеттерге көшкен. Әйелінің осындай қылығына әбден шаршаған күйеуі отбасын қанша сақтап қалуға тырысса да, әйелінің бей-берекет жағымсыз әрекеті салдарынан соңында сот шешімімен ажырасып тынды. Сондықтан отбасы берекесінің берік болуы ер азаматтармен қатар, әйелге де байланысты екенің ұмытпаған абзал.

ҚР Конституциясының 27-бабында: «1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. 2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. 3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» делінген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 214-IV Заңы заңдылық; адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері сақталуына кепілдік беру; адамның және азаматтың дене зардабын және психикалық зардап шегуіне жол бермеу; отбасын қолдау және сақтау; құпиялылық; өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен және азаматпен жеке жұмыс жүргізу; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алу шараларының жазалау шараларынан басымдығы;кешенділік және жүйелілік принциптеріне негізделген. Заңның басым бағытттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам Заң аясында қорғауда болады.

Кез келген қоғамның алдында тұрған негізгі мақсат қоғам тыныштығы мен отбасы бірлігі, өскелең ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Жасына және әрекет қабілеттілігі шектеулі болуына байланысты балалар ересек адамдарға қатысты тәуелді күйде болады. Сол себепті олардың ересектермен салыстырғанда, ерекше құқықтары бар. Бұл жөнінде түрлі құқықтық құжаттарда бекітілген.

Қазақ халқы отбасы құндылықтарына ертеден асқан құрметпен қараған. Отбасындағы әкенің, ананың, ұл мен қыздың өзіндік орындары айқындалып, бір-бірін сыйлаудың жазылмаған заңдары қалыптасқан. Мұндай дәстүр қазіргі қазақ қоғамында да жалғасын табуда. Бұрындары ауыл ақсақалдарының тобықтай сөздерімен сақталып келген отбасы құндылықтары бүгінде заңмен қорғалады. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөліген. Тіпті, осы бағыттағы заңдар жыл өткен сайын қатаңдатылып келеді.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінің айтатын болсақ, Қазыбек бидің мына нақыл сөзі үлгі тұтарлық: «Тату болса – ағайын жақын, ақылшы болса – апаң жақын, инабатты болса – келін жақын, бауырмал болса – інің жақын, сыбайлас болса – нағашың жақын, еркелейтін немерең жақын, өз ұрпағың – шөберең жақын, бәрінен де өмірге әкелген анаң жақын». Міне, осындай ғибраттарды біліп, ұғып өскен ұрпақ қана ажырасуға, басқа да келеңсіз қадамдарға бармайды деп ойлаймын. Отбасымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!

Д.ШАДАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы
09 наурыз 2022 ж. 240 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930