ЖАЛАҒАШТА БІРЛІК КҮНІ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Мереке барысында татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі Жалағаш халқын аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің темірқазығы 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
«Халқымызда, «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін» - деді аудан басшысы.
Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде аудан тұрғындары әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Бейбіт елдің аспанында ән айтылды, күй тартылып, би биленді. Ең бастысы, көпшілік еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілге тиек етіп, бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді.
Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда Жалағаш жеріне де түрлі ұлт өкілдері табан тіреп, киелі мекеннен пана тапты. Бауырмал қазақ халқымен бір түйір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласты. Міне, соның нәтижесінде бүгінде Жалағаш ауданында бірқатар ұлт өкілдері ауызбіршілікпен тату-тәтті ғұмыр кешуде.

