» » БЕС БАСТАМА – БАСПАНА АЛУДЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

БЕС БАСТАМА – БАСПАНА АЛУДЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

«Нұр Отан»  партиясының аудандық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары ­Балайым Кесебаева мен Фахриддин Қаратаев құқық қорғау оргондары қызметкерлерімен кездесті. Жиынды партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева жүргізіп отырды.
Депутаттардың ел жағдайымен етене танысудағы мақсаты – Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша елді мекен тұрғындары, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, аймақта жоғары деңгейде шешілетін күрмеуі қиын мәселелерді анықтау. Өңірге келген халық қалаулылары еліміздің алға қойған үлкен мақсаты әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарында болу екенің жеткізіп, Үндеудегі 5 бастама қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне қуатты серпін беретінің тарқата айтты.
Бүгінде аудан тұрғындары Елбасы Үндеуінде міндеттелген халықты баспанамен қам­тамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуы, шағын және орта  кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстардан хабардар. Халық қалаулылары осы бастамаларға кеңінен тоқталып, Елбасы жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндеттерді насихаттады.
Елбасының 5 бастамасы қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне қуатты серпін беретіні белгілі. Аталған бес бастамада – еліміздің әр отбасына баспана алуға мүмкіндік береді. Құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкелетін «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын бастау үшін жол картасы әзірленген. Ұлттық Банкке жүктелген бұл бастама бойынша ипотекалық несие беру тамыз айынан басталады деп күтілуде. Сонымен бірге, Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант қосылып отыр. Оның жартысынан астамы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім алуға бағытталады. Бастама Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын инженерлер, ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология, ІТ саласының кәсіби мамандарын дайындауға мүмкіндік береді, – деді депутаттар.
Нақтырақ айтсақ, бес әлеуметтік бастама – ел ішінде қызу талқыға түсіп, орындалуынан үлкен үміт күттіріп отырған бағдарлама. Оның әр тармағының іске асуы ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың одан әрі оңалуына, білім, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік салаларының тың серпіліспен дамуына оң әсер етпек. Басқосуда бес әлеуметтік бастаманы жан-жақты талдаған мәжілісмендер оларды іске асыру тетіктерінен хабардар етті.  Сондай-ақ, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту тармағы туралы да сөз болды. Бұл бастама 2019 жылдың басынан бастап жүзеге асырылмақ. Елбасы ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз, яғни 60125 теңге жалақы алатын азаматтардың табыс салығын азайтуды тапсырды. Бұл – еліміздегі жалдамалы жұмысшылардың кем дегенде үштен бірінің, яғни 2 млн-дан астам адамның айлығы жұмыс берушіге салмақ салмастан көбейеді деген сөз.
– Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасын да ата-аналар мен үйлерінен жырақта білім алатын студенттер қуанышпен қабылдады. Көп ретте жатақханаларда орын болғанымен, онда тұруға жағдай жасалмауы студенттерді пәтер жалдауға итермелейді. Мәселен, қазір ата-аналар балаларын жатаханаға жатқызуға құштар емес. Себебі, ол жердің қауіпсіздігіне алаңдайды.  Сондықтан, енді барлық тұрмыстық қажеттіліктері ескерілген, жайлы жабдықталған жатақханалар салынбақ, – деді ­Б.Кесебаева.
Шағын несиелендірудің тиімділігін де түсіндірді. Мәселен, елімізде шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызды құрайды екен. Бір шағын несие орта есеппен көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осыған Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөлу арқылы, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл шағын несие алатындардың санын еселеп арттырмақ. Әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін бұл бастаманың маңызы зор. Мұны айтқан Ф.Қаратаев аймақ дамуындағы елеулі өзгерістерге де тоқталды.
– Сыр елінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі ел дамуының айқын көрінісі. Елбасы Жолдауында міндеттелген жұмыстар өңірде нақты жүзеге асқан. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Мұны көріп, біз де қуанып отырмыз. Енді әлеуметтік 5 бастамада айтылған жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікті одан кеңейтуге атсалысайық, – дейді ол.
КӨКЕЙДЕГІ САУАЛДЫ
ПАРЛАМЕНТ ҚАБЫРҒАСЫНА АПАРАДЫ
Мәжіліс депутаттары қазіргі таңда Парламентте 44 заң жобасы қаралып жатқаның жеткізді. Халық қалаулыларымен кездескен көпшілік кейбір заң актілеріне қатысты сауалдар жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиынға қатысушылар мектеп инспекторларының штаты, Медиация заңы, мал ұрлығы, бейне-бақылау құрылғысы жайында ұсыныс білдірді.
– Жасыратыны жоқ қазір қоғамда түрлі қатігездіктер орын алуда. Осыны болдырмау мақсатында мектеп инспекторларының штатын бір жақты етсе, яғни білім беру мекемесінде арнайы инспектор штаты ашылса, – деді Қ.Мұстафаева. Сондай-ақ, аудандық ішкі істер бөлімінің бастысы Н.Ибраев құқық қорғау саласындағы жай-күйді жеткізіп, ұрлықтың көбейгенің сөз етті.
– АІІБ-нің полицейлеріне бірнеше жұмыс жүктелген. Олар жол қауіпсіздігін бақылап, қоғам тыныштығын күзетеді. Соңғы жылдары штаттары да қысқарып жатыр. Енді, осы қызметкерлер айтылған жұмыстармен қоса, бөтеннің мүлкін иеленген ұрыларды да қолға түсіріп жүр. Осы бірнеше жұмысты қоса атқарғандықтан олар бәріне бірдей үлгіре бермейтін кездер де кездеседі. Бәрімізге белгілі қазір мал ұрлығы өршіп тұр. Осы тұрғыда ауыл ішіне, көлік қозғалысы көп жолдарға бейне-бақылау құралдары орнатылса тұрлі қылмыстарды ауыздықтауға сеп болар еді, – дейді Н.Ибраев. Сонымен бірге, ол маскүнемдермен жұмыс жасауға белгілі бір заң жобасы ұсынылса деген ойын жеткізді. Жиын да түрлі сауалдар жолданып, қолдаыстағы заңға қатысты көпшіліктің көкейіндегі ой-пікірлер де назарға алынды. Меймандар осы мәселелерді парламент қабырғасында көтеретінің жеткізді.
Мұнан соң, мәжілісмендер қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың мұң-мұқтажына қанығып, азаматтардың ұсынысымен бөлісті. Тұрғындарды алаңдатқан ол мал ұрлығы. Қабылдауда болған жерлестер осы мәселені алға тартты. Әлеуметтік қызметке, жәрдемақы, кәсіпкерлікке қатысты пікірлер де айтылды.
ӨҢІРДЕ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК БАР
Мәртебелі меймандар аудандық ішкі істер бөлімінің құрылыс алаңында болып, жаңа ғимараттың жобасымен танысты. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен кәсіпкерлік нысандарына апарды. Облыстық бюджет есебінен салынып жатқан АІІБ –нің типтік жобадағы жаңа ғимараты осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Құрылыс қарқының көзбен көрген халық қалаулылары «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аялдады. Онда тұрмысқа және мектепке қажетті киімдер, сондай-ақ, қорғаныс, өрт сөндіру, полицейлерге арналған түрлі киімдер тігілуде. Кәсіпкер тапсырыс көлемі артса, жұмысшылар санын одан әрі көбитуді көбейтуді көздеп отыр.
– Мұндағы тігіншілерінің барлығы өз ісінің шеберлері. Серіктестік арнайы мемлекеттік тапсырыспен әскери киімдер тігеді. Әскерилердің үстіндегі киімдер барынша ыңғайлы, төзімді және кез келген ауа райына қолайлы болуы тиіс. Сондай-ақ, адамның қимыл-қозғалысын шектемей, еркіндікті қамтамасыз етуі керек. Тігін орталығы да осы ережелерге сай, сапасы сын көтеретін тауар дайындап сонау Алматы қаласына дейін жөнелтіп отырады, – деді шеберхана директоры Ж.Өзденбаев.
Сол күні депутаттар Аққұм ауылында бас қосты. Меймандар әуелі Елбасы жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндеттерді айқындап, әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастамаларды насихаттады.
Халық қалаулылары алдында ауылдағы ағайындар да өздерінің ұсыныс-пікірлерін бүгіп қалмады. Мәселен, тұрғындардың көбісі кәсіп бастаушыларға берілетін жеңілдетілген несиелердің игілігін көргісі келеді. Алайда, кейбірінің кепілге қояр мүлкі жоқ. Мұны айтқан аққұмдықтар депутаттар алдында сауалдарын жолдады. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева өңірге арнайы келген меймандардың сапарына сәттілік тіледі.
Тіректі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан депутаттар «Бақдәулет-57» ШҚ болып, мал бордақырау алаңымен танысты.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
10 сәуір 2018 ж. 737 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930