ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЖАЛАҒАШТЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бахтиярұлы жұмыс сапарымен өңірге келді. Халық қалаулылары амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық аурухана ғимаратымен танысып, аудан активімен кездесті.Тозығы жеткен нысанның қазіргі жай-күйіне қанық болған меймандар жобасы дайындалған жаңа ғимарат құрылысына қажетті қаржы мәселесін шешуге күш салатындарын жеткізді. Жаңа нысанның жобасымен танысқан депутаттар ел аманатын жоғары жақа жеткізетіндерін айтты. Мұнан соң, меймандар аудан әкімдігінде бас қосты. Елбасы жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндеттерді айқындап, әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастамаларды насихаттады. Басқосуға аудан активімен бірге депутаттар, ардагерлер мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Мәжілісті аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жүргізіп, өңірге табан тіреген меймандардың сапарына сәттілік тіледі.– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында және Үндеуінде ел дамуына тың серпін беретін жаңа бағдарды ұсынды. Бұл қазақстандықтардың болашағына деген сенімін нығайтатын қадамдар. Еліміздің алға қойған үлкен мақсаты – 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарында болу. Елбасының 5 бастамасы қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне қуатты серпін беретіні белгілі, – деді өңір басшысы.Бес әлеуметтік бастама – ел ішінде қызу талқыға түсіп, орындалуынан үлкен үміт күттіріп отырған бағдарлама. Оның әр тармағының іске асуы ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың одан әрі оңалуына, білім, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік салаларының тың серпіліспен дамуына оң әсер етпек. Басқосуда бес әлеуметтік бастаманы жан-жақты талдаған сенаторлар оларды іске асыру тетіктерінен хабардар етті. Сондай-ақ, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту тармағы туралы да сөз болды. Бұл бастама 2019 жылдың басынан бастап жүзеге асырылады. Елбасы ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз, яғни 60125 теңге жалақы алатын азаматтардың табыс салығын азайтуды тапсырды. Бұл – еліміздегі жалдамалы жұмысшылардың кем дегенде үштен бірінің, яғни 2 млн-дан астам адамның айлығы жұмыс берушіге салмақ салмастан көбейеді деген сөз. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасын да ата-аналар мен үйлерінен жырақта білім алатын студенттер қуанышпен қабылдады. Көп ретте жатақханаларда орын болғанымен, онда тұруға жағдай жасалмауы студенттерді пәтер жалдауға итермелейді. Сондықтан балаларға арналып барлық тұрмыстық қажеттіліктері ескерілген, жайлы жабдықталған жатақханалар салынбақ.Шағын несие беруді көбейту туралы тарқата айтқан депутат Бекмырза Қайыпұлы жеңілдетілген несиенің тиімділігіне тоқталды. Елімізде шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызды құрайды. Бір шағын несие орта есеппен көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл шағын несие алатындардың санын еселеп арттырмақ. Әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін бұл бастаманың маңызы зор.Ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашатын бастамаларды талқылаған сенаторлар қазір қоғамға қажетті біршама заңдар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Мәжілісте аудандық мәслихат депутаттары мен ардагерлер мәртебелі меймандарға сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Аудан экономикасының тірегі ауыл шаруашылығы, оның ішінде дәнді дақыл болғандықтан өңірдегі шаруашылықтар әр жылда күріштен мол өнім алуға тер төгіп келеді. Алайда, жауапты мамандар күріш егістігін субсидиялайтын кезде оны бидай дақылымен салыстырады екен. Шаруашылық төрағалары күрішті күтіп баптау бидайдан әлдеқайда қиын екенін алға тартты. Сенаторлар бұл мәселе Парламентте бірнеше рет көтерілгенін айтып, әлі де күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.– Ауыл шаруашылығы саласына берілетін әрбір субсидияның есебі, мөлшері бар. Біз де сіздер айтқан сауалды Парламентте көтердік. Бірақ, министрлер бұл субсидия шаруашылықтың аяғынан тік тұрып кетуі үшін берілетін көмек дейді. Бұл мәселені әлі де көтереміз, – деді жоғарғы палата депутаттары.Ал, өңір басшысы ветеринария саласына қатысты және кент тазалығымен айналысатын мекемелерге мемлекеттік сатып алу кезінде қойылатын талаптар жөнінде сауал жолдады. Мәселен, кент тазалығымен айналысатын кәсіпкер ауданнан болса, жұмыссыз адамдар екі қолға бір күрек табар еді. Бірақ, мемлекеттік сатып алу кезінде бөлінген қаржыны сырттағы кәсіпкерлер иеленіп кетеді. Бұл мәселе де сенаторлар назарына ұсынылды.Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев халық қалаулылары көптеген мәселені шешуге атсалысып жүргенін айтып, алғыс білдірді. Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ. Жаңалықтар 03 сәуір 2018 ж. 790 0