Qazkom банкін Halyk Bank-ке қосу процесі аяқталды
«Қазкоммерцбанк» АҚ-ны «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ге қосу процесі аяқталды, деп хабарлайды Halyk Bank-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ мен «Қазкоммерцбанк» 2018 жылдың 28 шілдесінде 2018 жылдың 27 шілдесіндегі ахуал бойынша Табыстау актісіне қол қойылғанын хабарлайды», – делінеді біріккен банк хабарламасында.Мәлімденгендей, аталған Табыстау актісі арқылы «Қазкоммерцбанктің» барлық мүлкі, құқықтары мен міндеттері «Халық банкіне» заңды түрде табысталады.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметованың сөзінше, бір жарым жылға созылған үлкен процесс өз соңына жетті.
«Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанктің» біріккен технологиялық платформаға көшу шаралары кестеге сәйкес аяқталды. «Халық банкінің» тарихы мен Қазақстанның қаржы секторында жаңа кезең басталды», – дейді ол.
Хабарланғандай, Табыстау актісін бекіту туралы шешім 2018 жылы 26 шілдеде “Халық Банкі” акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында, “Казкоммерцбанк” акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында және де “Казкоммерцбанк” және “Халық Банк” акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында қабылданған.
Сонымен қатар, «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» барлық қажетті технологиялық жұмыстарды аяқтады. Нәтижесінде ендігі «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкінің» клиенттеріне «Халық банкінің» барлық филиалы мен бөлімінде қызмет көрсетіледі. «Қазкоммерцбанкінің» еншілес ұйымдары «Халық банкінің» еншілес ұйымдарына айналады.
Stan.kz