» » Той өткізу үрдісінде түйткілді тұстар көп

Той өткізу үрдісінде түйткілді тұстар көп

https://egemen.kz/article_photo/1537239219_article_b_1500_.jpegТаяуда Парламент Сена­ты­ның Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев twitter-дегі парақ­шасында еліміздегі той өткізу­дің форматын жаңарту тура­лы пікірталастарды қолдай­тын­дығын, қазіргі қазақ тойында қалыптасқан қасаң көзқарасты өзгертіп, көзбояушылық, даң­ға­залық, ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтты. Сенат спикері бұл ретте бауырлас өзбек, түрік, түрікмен халықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысудың жөн екенін жеткізді.

Шын мә­нінде қазақстан­дық­тардың қазіргі той өткізу мәдениеті туралы мәйекті әңгіменің қозғалатын уақыты әбден жетті. Өйткені ертеден еншілес дәстүрімізден тамыр үзбейтініміз қандай ақиқат болса, жақын-жуықтың басы қосы­латын қуаныштан тыс қалмауға тырысатынымыз да сондай анық. Яғни, бізге бү­гінгі керегі – той иелерінің тым мақтангөйлікке мойын бұрмай, адал ниет, ақ көңілмен дастарқан жаюы дер едік. Қардың көбесі сөгіліп, қа­ра жердің беті көрінгеннен қара­шаның қара суығы түскенге шейін қазақтың қара шаңы­ра­ғында шаттықтың үні естіліп, той маусымы жанданып сала береді. Наурызда басталатын нау­қан маусымда түрленіп, шіл­деде ширап, тамызда сиреп, қыркүйек пен қазан айын­да біртіндеп түйінделетіні бел­гілі. Бұл қыстыгүні бет ашыл­май­­ды, шашу шашылмайды деген сөз емес. Тек қонақ шақы­­руға қолайсыздау уақыт бол­ған соң, көпшілігі жаз уақы­тын күтеді. Бұл алыс-жақын ағайын­ қуанышқа төрт көзі түгел келіп қатыссын дегені болар. Жадыраған жаз маусымы кі­ре бастағанда аспабын арқа­лаған асабалардың да қатары қа­лыңдай түседі. Сапасы мен бағасы сай келмей жататындары да жетерлік. Жаттанды бағ­дар­ламаға жаттығып алғандар да, тапқыр әзілмен тамсандыра білетін тамаша тамадалар да бар. Мемлекеттік қыз­мет­тен гөрі мейрамхана жағала­ған асабалардың айлық табы­сы айтарлықтай ау­қымды. Себебі аптаның ая­ғы жақын­да­ғанда біреудің қы­зы ұзаты­лып, біреудің келін тү­сірген қуа­нышы болып жатады. Жараған аттай жарыса шауып, қыз­мет етіп жүрген асабалар кіші­гірім кештің өзінен де орташа айлық көлеміндей қаражат алады. Жалпы, той алдында асабамен жеке жолығып, келетін қонақтары, туған жер, ауыл-аймақ жөнінде мәлімет беріп өткені артықтық етпейді. Қазіргі кездегі асабалардың көңілден шығуы білім-білігіне байланысты. Аузынан мақал-мәтел, қара өлең, жыраулар сөзі төгіліп тұрған жас жігіттер бар. Көңілден шықпайтындары жеңіл әзілден арыла алмай жүргендер деуге болады. Қазіргі тойларда «шоумендер» көбейіп кеткені де рас. Киім киісі, шаш үлгісі де таби­ғаты­мызға тән емес. Үмбетбай Уай­дин­нің «Той – тәрбие орны» дейтін сөзі бар. Яғни тойда тәрбиелік мәні бар мәтіндер көбірек айтылып, ата-ананың орны деген ұлы ұғымдарды ұмытпау керек. Осы ретте жүйелі сөздің жүйрігі ретінде сұранысқа ие асабалардың бірі, белгілі айтыскер Асхат Қылыш­бекті әңгімеге тартып, той тізгінін ұстағандардың аяқ алысы жайлы пікірін білген едік. «Бұрын асаба болатын кісі ретінде той болатын әулетті жақынырақ танитын, сол аймақтағы азаматты алды­ра­тын еді ғой. Қазір асабаларды бір об­лыс­тан бір облысқа алдыртады. Ол облыстың менталитетін, тұрмыс-тір­ші­лігін өмірі көрмеген асаба болуы да мүмкін. Астананың тұрғыны Аты­рау­дың тойын басқарып жатады. Екеуі екі өңір болғандықтан айыр­ма­шылығы айтарлықтай көп. Кейде қымбатқа жалдаған асабасы той ие­лерінің көңілінен шықпай жатады. Оның бірден-бір себебі той ұйым­дас­тыру агенттіктерінің көптеп ашылуы. Алматының өзінде 360-қа жуық орталық бар деп естідім. Қазір көпшілігі уақыт шығындамай бәріне бір жерден тапсырыс бергісі келеді. Той жасағысы келген жандар осындай орталықтарға барып, өзіне ұнаған асабаны таңдайды. Той иесі асабаны көрмеуі де мүмкін. Тек агенттіктегі азаматтардың ұсынуына құлақ қояды. Олар жарнама жасауды қатыратыны соншалық, ұсынған тамаданың тек сәтті шыққан тойларын көрсетіп, той иесіне өткізіп жіберуі де мүмкін. Үміт арт­­қан асабасы көңілінен шықпай қал­са ең бірінші опық жейтін той ие­лері. Сон­дықтан да асаба таңдағанда ба­­рын­­­ша мұқият болған абзал», дейді ол. Тойдың ішкі аурасына үңіліп, бү­гін­гі думанды бұрынғы, тіпті 90-жыл­­дар­дағы тойлармен салыс­тыр­­­сақ, арасы жер мен көктей. Ол кез­дегі тойлар қара шаңырақта немесе аулаға құрылған брезент шатырда өтетін. Тоқырау кезінде той жасаса да пейілдері ала-бөтен сол тойларды кәдуілгідей сағы­на­сың. Қолындағы барымен қонақ күткен қолы ашық қазақтың шү­кір­­шілігі шүбәсіз еді. Қазіргідей уақы­ты шектеулі, бір-бірімен орынсыз бақ­талас емес. Сол кездегі меймандар да шынайы тойдың шырайын кіргізіп, той тойлау үшін ғана келетін-ді. Ал қазір аумағы атшаптырым тойханалар салынды, сыйымдылығы 1500-ге дейінгі мейрамханалар бар, даста­р­қанға құстың сүтінен басқаның бәрі қойылады. Тіпті күллі қауым алдында көлікпен кіретін сарайлар да бар. Бұл бұл ма, тікұшақ қонатын алаңқайы бар мей­рам­ханалар салынып жатыр. Со­н­дықтан әлбетте бұрынғы мен қазіргі тойларды салыстыруға келмейді. «Той десе қу бас домалайды». Қазақ­­тың шаттықтан шаршағанын көрген жоқпыз. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай той жасайтын халықпыз. Осын­дай кең пейіл, керемет дархан бол­мыс­тың арқа­сында мейрамханалар­дың да ме­рейі асып, табысы артып, кәсібі ілгерілеуде. Айталық Астана қа­ла­сындағы мей­рам­ха­налардың бірінің әкімшісі Ақназар Дін­мұха­медті сөзге тартқанымызда, ол жаз бен күз өнер өкіл­дері­­нің та­быс табатын мезгілі екенін жет­кіз­ді. «Бірі ән айтып, бірі би билеп, бірі той жүргізіп өзінің ризығын теріп жүр. То­лассыз тойлардың арқа­сын­да мей­­рам­­­ханалардың басым бөлігі осы уа­қ­ыт­­та бос емес. Қыста той азай­ғаны­­мен, кіш­і­гірім залдарда шағын отырыс­тар өтіп жатады», дейді мейрамхана әкімшісі. Міне, осы орайда қазіргі қазақ тойы­на мәдениет, тәртіп, қанағат сияқты ұғымдарды орнықтыру ауадай қажет. Себебі асабасы мәдениетті болса тойда арзан әзілдер айтылмайды, анайы ойындар ойналмайды. Ақ кимешекті әжелерді кекетіп, ақ сақалды аталарды мұқатып, бала-шағасының алдында беталды қылжақтамайды. Тойшыл қауымға сөзін өткізіп, ықыласқа кенелу үшін сайқымазақтың кейпіне енбейді. Біреудің басына, біреудің шашына тиіспейді. Мәдениетті асабаның мәртебесі қашанда жоғары. Екіншіден, тәртіп. Бұл ең әуелі тойға шақырыл­ған қонақтарға қажет. Қонақтардың тәртіпсіздігі тойға келу уақытынан бас­талады. Сағат күндізгі екіге шақырған тойға – бесте, беске шақырған тойға кешке баратынымыз соның бір дәлелі. Сонымен бірге үлкендер тілек айтып, бата беріп жатқанда жастар жағы өзі­мен-өзі шулап тост көтеріп, бокал соғыс­тырып жатады. Бір жақыны ақ­та­рылып, ақжарма лебізін білдіріп жат­қанда қатарласып кейбір аға-жең­ге­леріміз үй іші, ауыл арасындағы әңгі­мелерін тауыса алмай әлек... «Тойға ша­қыр­масаң ренжімеуі мүмкін, бірақ той­ға шақырып алып сөз бермей кетсең қат­ты өкпелейді» дейтін асабалардың әзі­лі бар. Сон­дық­тан көңілдерін жықпай сөз тіз­гі­нін ұстатқанмен, микрофонды қай­та алудың өзі кейде мұңға айна­ла­тыны бар. Айтып жатқанын ешкім елемесе сөзі жетім екенін масаң мейман да ес­кер­мейді. Ортаға шыққан отыз адам бір сәт отырған меймандардың қас-қабағына қарағаны да абзал. Яғни тойдың жүйелі өтуі үшін қонақтар қауымы тәртіпке бағынуы шарт. P.S: Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сүндет той деп сүрініп, шілдехана деп шауып жүрген, атамыздың алпыс жасы, енеміздің елу жасы деп ентігіп жүретін той иелері қанағат деген қасиетті ұғымды қаперінен шығармаса, қазақы қазы­намыздың берекесі кетпей, берері көп, беделі биік болары даусыз. Қал­талы қауым­нан қалыс қалмаймын деп қаншама қазақтың қарызға батып той жаса­ғанын да байқап жүрміз. Елге күлкі, жұртқа мазақ болмайын деп жалғыз атын сойып, жүген жетектеп қалғандар да жетерлік. «Біреу тоңып, біреу тойып секі­ре­ті­нін» естен шығармау керек. Әңгіменің ауаны бұрынғы той­ларға бұрыла қал­са, «қазір адам басқа, заман басқа» деп орта жолдан бұра тар­татындар да бар. Өз қолың өз аузыңа жетпей жатып, жақсы көріну үшін банкке қарызға бат­қан­ша, бір күн­­дік мерекені тойлаймын деп, мың күндік бере­кеден айырылғанша әр­кім көрпе­сі­не қарай көсілсе дейсің. Барымен базар қылып, шынайы көңіліңмен бір ке­се шәй ұсынсаң да, мейманыңның мерейі тасымай ма?! Өмір дейтін өзенді қа­нағат қайығымен жүзіп өткенге не жетсін, шіркін?!.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»


18 қыркүйек 2018 ж. 893 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930