» » ЖАҢА ЖОЛДАУ – ТИІМДІЛІК ТЕТІГІ

ЖАҢА ЖОЛДАУ – ТИІМДІЛІК ТЕТІГІ


Сәрсенбіде ауданға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов пен ­Наталья Жұмаділдаева жұмыс сапарымен келді. Меймандардың алғашқы сапары Мәдениет ­ауылынан бас­тау алды. Тіректі елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысқан халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, ­Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттердің маңыздылығы ­жайында әңгіме өрбітті. Жиынға модераторлық жасаған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жолдаудың қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіруде және халықтың тұрмыстық жағдайын арттыруға оң бағыт сілтейтінін тілге тиек етіп, мемлекет келешегі үшін маңызды құжат екенін жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қатысушыларға саяси құжатты ке­ңінен насихаттады. Сондай-ақ, ол тіректі елді мекеннің қазіргі жағдайына да жоғары баға берді.
– Ауылға кіріп келе жатқаннан-ақ бұл өңірде ілкімді істердің қолға алынып жатқанын айқын аңғаруға болады. Сапарымыздың бас­ты мақсаты – сіздердің хәл-жағдайларыңызды біліп, сауалдарыңызға жауап беру. ­Сондай-ақ,­ Елбасы Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттарға тоқталу болатын. Олардың жүзеге асырылуын­ да сіздерге жеткіземіз. Биылғы Жолдау қазақстандық­тардың әл-ауқатының өсуі, табыс және өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Бұл құжатта негізгі бағыттар айқындалды. Алдағы уақытта қандай нақты жұмыстар атқарылуы қажеттігі де көрсетілді. Мұны жүзеге асыру үшін ҚР Парламенті Мәжілісінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Заң жобалары қаралып, Жолдауды жүзеге асыруға бағытталған қаражаттар көрсетілуде, – деді Н.Сабильянов.
Халық қалаулысы саяси құжатта әсіресе, ден­саулық және білім саласын ілгерілетуге айқын басымдық берілгенін айтады. Сондай-ақ, денсаулық саласында көптеген қордаланған мәселелердің барын да жасырмады. Елімізде бағдарлама мен заң болғанымен алғашқы медициналық санитарлық көмекке қолже­тімділік толық қамтамасыз етілмей отыр­ғанын айтты. Оның сөзінше, бұл мәсе­ленің алдын алуға бағытталған бірқатар шаралар Жолдауда қарастырылған. Ауыл­дық жерлердегі амбулаториялардың мате­риал­дық-техникалық базасын жақсарту жайы соның бір дәлелі іспетті. Сондай-ақ, келер жылдан бастап учаскелік медицина қызмет­керлері мен медбикелердің жала­қысын көтеру де бұл құжатта қамтылды.
Келер жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханаларда қағазсыз цифрлық нұсқада жұмыс жүргізу қолға алынады. Цифрлық нұсқада жұмыс жасау ауруханалар мен емханаларда кезек күту мәселесін ауыздықтайды. Бұл 2020 жылға дейін әрбір қазақстандық үшін электронды денсаулық паспортын қалыптастыруға жол ашады.
Жалпы, Жолдауда бұл салаға айтар­лықтай басымдық берілген. Елбасы да Астанадан онкологиялық ғылыми орталық салу қажеттігін ескерткен болатын. Халық қалаулысы аталған орталыққа қазіргі таң­да ел қазынасынан тиісті қаражаттың қарал­ғанын да атап өтті. Сондай-ақ, ол денсаулық саласын ілгерілетуде бұқаралық спортты дамыту да маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұған қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды құжатта нақты көрініс тапқан. Алдағы уақытта облыс, аудан және ауылдық елді мекендердегі спорттық кешендер мен білім ошақтарындағы спорт залдарды тиімді пайдалану қолға алынады. Мұнан бөлек, спорттық түрлі шараларды ұйымдастыру үшін алаңдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жайы да қарастырылады.
Нұртай Сабильянов қос саладан бөлек тамақ сапасын жақсарту алдымен адам өмірін жақсартуға жол ашатынын жеткізді. Осы орайда, елімізде тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтер сапасын қадағалау мақ­сатында арнайы бақылайтын комитет құрылады. Ол алдағы уақытта еліміздегі барлық кәсіпорындар өндіретін тауар сапасын бақылауда ұстайды. Бұл бірінші кезекте кез келген кәсіпкердің өнім шығарарда жауапкершілігін қалыптастырады. Халық қалаулысы қазіргі таңда кәсіпкерлерге бар­лық жағдай жасалып жатқанын жет­кізіп, бірқатар кедергілердің алынып тас­тал­ғанын айтады. Алайда, елімізде та­мақ, азық-түлік өнімдерін өндіруде бір­қа­тар олқылыққа жол беріліп жатқанын да жасырмады. Мәселен, елімізде әсіресе, өңделген сүт өнімдерінің 25-27 пайызы талапқа сай келмейтін көрінеді. Мұнан бөлек, сатылымдағы бала­лар ойын­шығының 35-37 пайызының да адам өміріне зиян екені анықталған. Осын­дай олқылықты болдырмау үшін Н.Сабильянов бақылау комитетінің құры­луын орынды деп есептейді.
Жолдауда мұнан бөлек көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының жақса­ра­тыны да айтылды. Осы орайда, мәжіліс­мен Парламент қабырғасында арнайы заң жо­басының ұсынылып жатқанын жеткізді. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – мем­лекеттік көрсетілетін қызметтің саны мен сапасын да қатар арттыру. Депутаттың айтуынша, бұл заңның халық үшін тиімділігі мол.
Кездесуде елдегі қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мақсатында ішкі істер органдарында реформа жүргізу 2019 жылдан бастау алатыны айтылды. Қазіргі таңда осыған қатысты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Н.Сабильянов бұл саладағы көптеген кемшлілікті халықтың айтып жүргенін және тиісті мемлекеттік органдар да бұған көз жеткізіп отырғанын жасырмады.
Халық қалаулысының айтуынша, жем­қор­лыққа қарсы күресті күшейту шаралары алдағы уақытта жалғасын табады. Бұл ке­шегі Жолдауда да толық қамтылған болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігі артады. Мәселен, ұжымдағы қызметкерлердің бірі қыл­мыстық жауапкершілікке тартылатын болса, мұндай жағдайға қатысты бірінші басшылардан да жауапкершілік талап етіледі. Бұл бірінші кезекте қоғам дертін ауыздықтауда маңызды рөл атқарады. Депутаттың сөзінше, көбіне жемқорлық мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуында белең алуда. Бұл мәселеге қатысты ҚР Парламенті мәжілісінің бірінші оқылымында мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы мақұлданған болатын. Енді келесісі екінші оқылымға да әзірленуде. Мұнда мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар жауапкершілігін арттыру жайы қарастырылады. Келесі кезекте бір өңірде жүзеге асатын жобаны баға түсіру арқылы басқа өңірдегі үміткерлер жеңіп алғанымен сапасына жауап бермейтін жағдайлар да кездескен болатын. Екінші оқылымға ұсынылатын құжатта бұл мәселенің де алдын алу жайы қарастырылған. Мемлекеттік сатып алуға қатысып, ұтып алған мердігер бұрын жұмыстың 33 пайызын өзі атқарып, қалғанын қосалқы мекемеге сілтесе, енді негізгі мердігерге 66 пайызын жүзеге асыру жүктеледі. Мұның барлығы жұмыс сапасын арттыруға жол ашады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елбасы­ның жыл сайынғы Жолдауларында жүк­телген мін­деттерді жүзеге асыру мақ­са­тын­да Сыр елінде серпінді жобалардың қолға алынып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ауызсу, жол жөндеу жұмыстары бойынша Жалағашта да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Елбасы Жолдауындағы міндеттерді іске асыруда Қызылорда облысында атқарылған жұмыстарды жоғары бағалаймын. Қай саланы алып қарасаңыз да Сыр елінде серпін байқалады. Бүгін келіп жатқан Жалағаш ауданында да осындай оң нәтижелердің куәсі болып отырмыз. Мәселен, биылдың өзінде Жалағашта 4 елді мекенде ауызсу сапасын жақсарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Келер жылы аудан орталығында жаңа аурухананың құрылысы басталады. Бұл бірінші кезекте медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұнан кейін газбен жабдықтау жұмыстары қолға алынса, халықтың да көгілдір отынның игілігін көретін күні алыс емес деп ойлаймын, – деді халық қалаулысы.
Басқосуда сөз алған ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева да саяси құжаттағы негізгі басымдықтарға кезек беріп, оны жүзеге асырудың маңыздылығын кеңінен тарқатты. Сондай-ақ, Жолдаудағы ұстаздар мәр­тебесін көтеру жайында өз ойын білдіріп, бұл шешімнің білім сапасын әлі де ілгерілетуге жол ашатынын жеткізді. Осы орайда Наталья Жұмаділдаева ата-ана мен ұстаздар арасындағы түсініспеушіліктің салдары бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға кедергі келтіретінін де жасырмады.
Қос депутаттың сөзінен кейін тұрғындар кө­кей­де жүрген сауалдарын жолдады. Өз кезе­гінде жергілікті халықтың бірі соңғы жылдары белең алған мал ұрлығы мәселесін ортаға салса, келесісі жол мәселесі де қиындық тудыратынын алға тартты. Ал, халық қалаулылары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің кезең-ке­зеңімен жүзеге асатынын және бірқатарын Пар­ла­мент қабырғасында ортаға салатынын жет­кізді.
Депутаттар мұнан кейін аудан орталығына келіп, кент тұрғындарымен жүздесті. Мұнда да Жолдауда көрсетілген негізгі басымдықтар ­жайына кезек беріліп, қатысушылар тарапынан жолданған бірқатар сауалға жауап берілді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЙ.
27 қазан 2018 ж. 718 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930