» » Мәскеу сапары

Мәскеу сапары


Халықаралық конференцияға қатысу мақсатында Ресей федерациясының астанасы Мәскеу қаласына Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сыр медиа»­ ЖШС-на қарасты аудандық газет қызметкерлері жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназиясына және шығыс жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев жерленген “Ваганьково” қорымына, абай құнанбаев ескерткішіне барды. Сондай-ақ, Сыр журналистері М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен халықаралық конференцияға қатысып, Ресейде білім алып жатқан Сыр жастарымен кездесті.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА ҚҰРМЕТ

Сапардың алғашқы күні Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназиясынан бастау алды. Бүгінде Юлия Литвинова басқаратын білім ошағында мыңнан аса оқушы білім алады. Білім ордасы 1971 жылы пайдалануға берілген. Гимназияға қазақтың батыр қызының есімін беру туралы ұсынысты майдандастары жасаған. Соғыста Әлия Молдағұловамен бірге болған мергендердің ұсынысымен ашылған мектептің бүгінде бес ғимараты бар.
Қызылордадан келген делегацияны аталған гимназияның орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, білім ошағы жанынан ашылған «Алия» телестудиясы мен «Школьный вестник» газетінің жетекшісі Елена Палицкая күтіп алды. Бұл білім ордасында Әлия Молдағұлова атындағы музей де бар. Музей меңгерушісі Наталья Степанова өзі жетекшілік ететін 1 «Г» сыныбымен бірге тарихи жәдігерлерді таныстырды. Сондай-ақ, қазақтың батыр қызының ерлігі мен қайсарлыққа толы ғұмырын сөз етті.
лия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында өмірге келген. Ата-анасының есімдері Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлова екенін айта кеткен жөн. Әлия бала кезінде анасынан айырылып, кейіннен Алматыдағы ағасының қолында тұрған. Ал, 1935 жылдан бастап Ленинградтағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Оқуда алғырлығымен дараланған Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Онда батырлар тақтасына Рубен Ибаррури,­ Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Музей меңгерушісі осы тұсты ерекше әсермен баяндады. Әлия соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, көп ұзамай майданға жіберу туралы өтініш жібереді. Бірақ, жасы жетпеген соң оны соғысқа алмайды. Елдің қиналғанын көзімен көрген қайсар қыз қалай да майдан даласына аттануды көздейді. Сол тұста снайперлер дайындайтын әйелдер мектебі ашылады. Әлия 1943 жылы осы снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебінің алғашқы түлектерінің бірі болады. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Алғашқыда оның дене бітіміне қарап, әлжуаз деп ойлаған командирі Әлияны асханаға жібермекші болған көрінеді. Батыр қыз “Мен соғысу үшін келдім” деп жауап берген екен. Сонда оның қайсарлығына тәнті болған командирі мұнтаздай таза винтовкасын көріп, “Сен міндетті түрде жаумен соғысасың” деп Әлияны алғы шепке жөнелтіпті. Қазақтың қайсар қызы ерлігімен танылып, жау әскері сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. Сұм соғыс кімді аясын. Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Оған 1944 жылғы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Шара аясында гимназия ауласында орналасқан Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, білім ұясына естелік сыйлықтар табысталды. Сыйлықтардың қатарында қазақтың таным-түсінігі мен болмыс-бітімін айшықтайтын кәдесыйлар мен кітаптар болды. Олардың арасында жалағаштық Рысбай Кәрімовтің Ұлы Отан соғысы жайлы “Ржев қазанында қайнағандар” атты кітабы да болғанын айта кеткен жөн. Гимназия директоры Юлия Сергеевна мұндай бағалы сыйлықтар мұражайдан лайықты орын алатынын айтып, алғысын жеткізді.
Қазақтың қайсар қызына арналған ескерткіш 2005 жылы қойылған. Бұл кезде Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 60 жыл толса, Әлия Нұрмұхаммедқызының 80 жылдығы екен. Музей меңгерушісі Н.Степанова осы оқиғаны баяндап, ескерткіштің бой көтеруіне сол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Қырымбек Көшербаевтың көп септігі тигенін жеткізді. Сондай-ақ, Сыр өңірінен барған делегация гимназия жанынан ашылған газет пен телестудияның жұмысымен шұғылданатын белсенді оқушылармен кездесті. Мектеп орналасқан көше де батыр есімімен аталады. Осыған қарап-ақ, Ресейде қазақтың қайсар қызына деген құрметтің ерекше екенін ұғуға болады.




ШЫҒЫС ЖҰЛДЫЗЫ ЖАТҚАН ЖЕР

Түстен кейін қызылордалықтар шығыс жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев жерленген “Ваганьково” қорымына барды.
Ғани Мұратбаев дегенде көз алдымызға жастардың көшбасшысы елестейді. Оның ел үшін жасаған еңбектерін сөз етпегеннің өзінде, талай жасқа пана болғанын айта кеткеніміз абзал. Ол Жетісуда мұғалімдер даярлайтын курс­тар ұйымдастырды. Бұл жерден қаншама адам білім алды. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры қызметін атқарды. Бұл жағынан келгенде Ғани Мұратбаевты үлкен жүректі жан ретінде тануға болады. Сондай-ақ, ол «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болғанын айта кеткеніміз жөн. Кезінде бұл басылым есімдері республикаға белгілі көптеген журналистің қанаттануына мүмкіндік жасаған ұстахана саналды. Осындай жұмыстары арқылы Мұратбаевтың қайраткерлегін көреміз. Аз ғана ғұмырында талай игілікті істі қолға алған Ғани Мұратбаев қашанда қазақ жастарына үлгі болып қала берері сөзсіз.
Сыр өңірінен барған делегация Ғани Мұратбаевтың рухына құраннан дұға бағыштады. Осы сәтте ерекше оқиға орын алды. Күн бұлттанып тұрғанымен жауын жауатындай сыңай танытпаған болатын. Бірақ, құран оқылып жатқанда аспаннан ақ нөсер төгіліп, шелектеп жаңбыр жауды. Біз мұны нұр жаудыға балап, қайраткердің әруағы бір аунаған шығар дедік.


ІЗДЕНІС ЖОЛЫНДА

Сыр журналистері М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде өткен халықаралық конфе­ренцияға қатысты.
Конференцияны ММУ журналистика факультетінің деканы, профессор Елена Вартанова ашып, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтармен таныстырды.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясындағы ақпараттық қоғам­ды дамыту, БАҚ және жалпы коммуникацияны жетілдіру жөніндегі комиссиясы қоғамдық палатасының құттықтау сөзі оқылды.
Шара аясында Италиядағы Перуджи университетінің профессоры, М.В.Ломоносов атындағы ММУ “Құрметті профессоры” Паоло Манчини саланы дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Пленарлық отырыста Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчини дәстүрлі басылымның бүгіні мен бұқаралық медианың перспективаларына тоқталды. Ескі және жаңа эхокамералар жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси коммуникация жүйесінде ақпарат құралдарының рөлі, жаңа медиадағы аудиторияның назарын аударатын элементтер мен жарнамаларды орналастыру сынды мәселелерге тоқталды.
Сонан соң мінберге Финляндиядағы Хельсинки универ­ситетінің профессоры Ханну Ниеминен көтерілді. Ол әлеуметтік сенім мен БАҚ туралы ойларын ортаға салып, азаматтардың ақпараттық құқығы жайлы баяндады. Ол бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға объективті, жедел ақпарат таратудың жолын іздеуде екенін жеткізді. Осы ретте, масс-медиа элементтерін біріктіре алатын әлеуметтік желілер басымдыққа ие бола бастады. Яғни, редакторлық бақылау мен түзеуден өтпейтін блогерлердің ақпарат таратуда белсендігілі байқалып келе жатқанын тілге тиек етті.
Қазіргі таңда цифрлы қоғам мәселесі алдыңғы қатарда тұрғаны белгілі. Осы орайда ақпарат таратудың да өзіндік әдебі болуы тиіс. Бұл жөнінде Ұлыбританиядағы Нортумбрия университетінің профессоры Массимо Рагнед айтып өтті. Британдық ғалым жаңа медианың алдында кездесіп отырған мәселелерге кеңірек тоқталды.
Мұндай конференциялардың берері көп екенін айта кеткен дұрыс. Жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылаған жиын секциялық жұмыстарға ұласты. Жалпы, көтерілген тақырып аз емес. Журналистиканың бүгіні мен ертеңі кеңінен сөз болды. Әсіресе, цифрландыру мәселесі талқыланып, оған бейімделудің жолдары айтылды. “Сайтпен қалай жұмыс жасау керек?” , “Материалдардың көрілімін қалай арттыруға болады?”, “Сайтқа қандай мақалаларды салған дұрыс?”, “Олардың көлемі қанша болуы қажет?” секілді толғандырып жүрген бірнеше сұраққа жауап алғандай болдық. Сонымен қатар, экономика тақырыбына қалам тартатын журналистердің біліктілігі, дәстүрлі және заманауи БАҚ проб­лемалары ортақ тақырыпқа айналды.
ТМД-дағы журналистік білім беру проблемаларын сөз еткен дөңгелек үстелде БАҚ-тың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Дөңгелек үстелге ММУ журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова, Санкт-Петербург университеті журналистика факультетінің деканы, профессор Анатолий Пую, Беларусь мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Ольга Самусевич, Финляндиядағы Тампере университетінің профессоры ­Каарле­ Норденстренг, өзбекстандық Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзод Кудратходжаев, Қырғыз-Ресей университетінің профессоры Алексей Куликовский сынды ғалымдар қатысты. Онда заманға лайықты журналистерді дайындау, оларды жұмыспен қамту мәселелері қозғалды. Сонымен бірге, заманауи БАҚ құндылықтары әңгіме өзегіне айналып, дәстүрлі басылымдардың бүгіні мен келешегі сөз болды. Кез келген ақпаратты талдап, анықтап барып оқырманға ұсыну қажет. Бұл жерде нақтылық бірінші орынға шығары сөзсіз. Дегенмен, ақиқатына көз жеткізбей жатып, жаңалықты таратуға болмайды. Интернет ресурстарды пайдаланатын мамандар жылдам хабар таратамыз деп көбіне айтылған қағидаларға мән бермей жатады. Қалай дегенде де, цифрландыру дәуірінде жаңа медияға бейімделе отырып, ақпарат таратуда алдыңғы қатарда болғанымыз жөн. Бірақ, жаңалықтар құрамы шындыққа негізделгені дұрыс.
Осы негіздегі ойлар ортаға салынған дөңгелек үстелде облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина пікір білдіріп, жаңа медиа мен олардың жұмыс жасау принциптеріне тоқталды. Ал, "Сыр медиа" ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов дәстүрлі және жаңа медианың проб­лемалары мен перспективаларын сөз етті.
Конференцияның екінші күнінде дәстүрлі және заманауи БАҚ мәселелері көтерілді. Пленарлық мәжілісте Германияның Бремен университетінің профессоры Андреас Хелп, АҚШ-тағы Оңтүстік Колифорния университетінің өкілі Филип Сейб, Венгрия ғылым академиясынан Пал Тамаш, ММУ профессоры Елена Вартанова сынды есімдері әлемге әйгілі ғалымдар баяндама жасады.
Бұл күнгі секциялық жұмыстардың бір парасы аймақтық БАҚ проблемаларына арналды. Мұнда Ресейдің әр өңірінен келген журналистер мен ғалымдар өз аймақтарында БАҚ-ты дамыту жолындағы атқарып жатқан тәжірибесімен бөлісті. Бәсекеге қабілетті болу үшін заман ағысына ілесе білу қажеттегі айтылды. Бұл ретте тақырыпты зерттеу, оны аша білу, сараптамалық материал әзірлеу, әлеуметке, қоғамға қажетті идеяны көтеру секілді ортақ мәселелер назарға алынды.

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ЖАНЫНДА
Мәскеуге сапар кезінде қызылордалық журналистер Ресей астанасындағы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне барды. Бұл ескерткіш 2006 жылы қойылған.
Қазақ екі адамды хәкім деп атайды. Соның бірі – Мәскеуде тас мүсіні бой көтерген Абай атамыз. Ол кісі 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келді. Абай – үлкен тақырып. Оның философиялық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері тағысын-тағы таусылмайтын қыры мен сыры көп. Сол себепті, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қысқаша тоқталғанды жөн санадық.
Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар, Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский шығармаларын оқып, Гете, Байрон мұраларына ден қойды.
Абай Құнанбайұлының өмір жолымен жақсы таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке араласқанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепті, қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буады. Ол – «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайды, келешекті көруге болады. Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді. Соның нәтижесінде Шығыстың екі хи­каясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың бір топ мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегиннің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығармаларын аударған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі.
Хәкім Абай өмірінің соңғы жылдарында «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Сонымен қатар, орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиетінде бүтін бір дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды.
Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі, оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.
Біз де өз кезегінде Абай рухына тағзым етіп, оның өшпес мұрасынан хибрат алдық. Мәскеу төріндей ескерткішті қа­зақ­қа деген құрмет деп түсіндік.

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСУ
Сапар аясында Мәскеуде білім алатын Сыр жас­тарымен кездесу ұйымдастырылды. Жалпы, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі ретінде атап өтуге болады. Биыл 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуы­­на келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланғанын атап өткеніміз дұрыс.
Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінде (НИТУ МИСиС) өткен кездесуге 80-ге тарта сырбойылық студент келді. Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина мен “Сыр медиа” ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов білім жолында жүрген жастарға табыс тіледі. Студенттер атынан сөз алған Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінің магистранты Аслан Қасен мен К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 4-ші курс студенті ­Айсана­ Өрікбай Ресейдегі Сыр жастарының атынан шетелде оқуға жағдай жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Жалағаш-Мәскеу-Жалағаш.

30 қазан 2018 ж. 1 948 2

Гость Jeaplause от 3 ақпан 2019 20:18
Buy Xenical Online Price Of Levitra In Canada Kamagra En Hipertension Arterial http://ausgsm.com Levitra 10mg Orodispersible Bayer Viagra Vente Canada Cafagote Cialis Efectos Mujeres Cephalexin And Tendons canadian pharmacy cialis 20mg Kamagra 100mg Berichte Cialis Sources In Canada

Гость Jeaplause от 10 ақпан 2019 19:10
Cialis Sky Pharmacy Viagra Billiger acheter levitra 20mg prix en Fast Ejaculation Can Amoxicillin Ca Use Urticaria cialis achat canada Ordering Prednisone From Canada Can Amoxicillin Test Positive For Cocaine Keflex Talin And Clotrimazole tadalafil cialis from india Unterschied Viagra Cialis Levitra

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031