ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРМЕН жүЗДЕСУ
Сапар аясында Мәскеуде білім алатын Сыр жастарымен кездесу ұйымдастырылды. Жалпы, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі ретінде атап өтуге болады. Биыл 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланғанын атап өткеніміз дұрыс.
Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінде (НИТУ МИСиС) өткен кездесуге 80-ге тарта сырбойылық студент келді. Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина мен “Сыр медиа” ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов білім жолында жүрген жастарға табыс тіледі. Студенттер атынан сөз алған Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетінің магистранты Аслан Қасен мен К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 4-ші курс студенті Айсана Өрікбай Ресейдегі Сыр жастарының атынан шетелде оқуға жағдай жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Қызылорда-Мәскеу-Қызылорда.