БОЛЖАМДАЛҒАН БЮДЖЕТ ЖОСПАРЫ ҚАРАЛДЫ
Аптаның бейсенбісінде өңірде ауданның 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетті қалыптастыруға қатысты мәжіліс өтті. Аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев модераторлық жасаған жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат депутаты Райкүл Байназарова, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Басқосуда сөз алған А.Дәрібаев алдымен 2019-2021 жылдарға арналған аудан бюджеті жайында кеңінен тарқатты. Баяндамашының сөзінше, 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет ҚР Бюджет кодексіне, Елбасының халыққа жыл сайынғы Жолдаулары, 2019-2021 жылдарға арналған Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджеттік параметрлер негізінде әзірленген. Жергілікті түсімдермен жалпы сипаттағы трансферттерді қоса есептегенде келер жылғы аудан бюджетінің көлемі 6 млрд 431 млн 835 мың теңге, 2020 жылға 6 млрд 442 млн 544 мың теңге, ал, 2021 жылға 6 млрд 442 млн 544 мың теңгеге болжамдалды. Сондай-ақ, келер жылғы шығындар көлемі 6 млрд 431млн 835 мың теңгеге жоспарлануда.
Бюджеттің кірістер мен шығыстар бөлігіне кеңінен тоқталған А.Дәрібаев аудандағы бірқатар мәселе жайын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен қосымша қаржы бөлуді қажет ететін мәселелерді де айтып өтті.
Оның сөзінше, өңірдегі білім ошақтарының 90 пайызы дизель отынымен жылытылады. Яғни, 18 мектеп сұйық отынмен жылытылса, қалған 2 білім ошағының пеші қатты отынға арналған. Осы ретте сұйық отын бағасының нарықта тұрақсыздануы аудандағы 18 мектеп ғимаратын жылыту үшін дизель отынын сатып алуға қаржы жетіспейді. А.Дәрібаев бұл мәселе ауданда жыл сайын қайталанып тұратынын айтты. Себебі, 2 жыл бұрын 2017-2019 жылдарға аудан бюджетінің жобасын қалыптастырған кезде 1 литр сұйық отынның бағасы 100 теңгеден есептелген. Бағаның өсуі қаржы тапшылығына әсер етеді. Баяндамашы мәселені шешу үшін 2019 жылға облыстық бюджет есебінен аудан бюджетіне сұйық отынның айырма бағасына қосымша қаржы бөлу қажеттігін айтады.
Таң ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Таң ЛТД» ЖШС дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасына 2 спорт ғимаратын әзірлеуде. Бүгінде бір спорт ғимаратының техникалық құжаты жасалып, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына құжаттары өтті. Қызылорда облысының аумақтық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы аталған серіктестікпен бизнес жоспар әзірлеуге келісім-шартқа отырып, құжат мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары 2019 жылға облыстық бюджет есебінен әзірленіп жатқан спорт ғимаратының ұстау шығындарына да қаржы бөлу керектігін айтты. Мұндай мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік нысандар салу жұмыстары кенттің өзінде де қолға алынуда. Аудан әкімінің орынбасары мұнан бөлек Жалағаштағы күрделі жөндеуді қажет ететін басқа да нысандар жайын кеңінен тарқатты.
Мұнан кейін ауыл әкімдері де қаржыны қажет ететін елді мекендердегі бірқатар мәселені алға тартты. Сондай-ақ, халық қалаулысы Райкүл Байназарова Таңдағы ауыл әкімдігі ғимаратының сапасы сын көтермейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол бұл мәселені шешуге қаржы бөлу керектігін айтады.
Басқосуда облыстық мәслихат хатшысы аудандағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бірқатар мердігер мекеменің жұмысы баяу жүріп жатқанын қатаң сынға алды. Осы ретте Н.Байқадамов бірінші кезекте сапаға мән беру қажеттігін атап өтті. Жиын соңында көтерілген мәселені шешу жұмыстары алдағы уақытта қаралатыны айтылып, қатысушылар тарапынан жолданған бірқатар сауалға жауап берілді.
К.БАЛҒАБАЙ.
Пікір 3