» » ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

Әлемдегі дамыған мемлекеттер тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы миллиондап табыс табады. Мәліметтерге көз жүгіртсек, АҚШ қоқысты қайта өңдеу кәсібін ХІХ ғасырда жолға қойып, бюджетін дәл осы саламен көбейтіп отыр. Істің көзін білетін жапондар да қоқыстың 90 процентін кәдеге жаратады, Германия оны тиімді бизнес көзіне айналдырып үлгірген. Олар істен шыққан тауарды шетелден де қабылдайды, Қытай өнеркәсібі қарапайым пластикалық қоқыс қалдығынан дайындалған киімдерді экспортқа шығарады. Ал елімізде бұл бағыттағы ілгерілеушілік енді ғана байқалып келеді. 
Облыс көлемінде де жыл сайын ресурстық әлеуетті одан әрі дамытып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай қайта өңдеу мақсатында қажетті шаралар қолға алынуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет-конференцияда облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова тарқатып айтты.
– Мемлекет басшысы Жолдау­да «Шағын және орта бизнес су­бъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдық­тарды заман талабына сай утилизация­лау және қайта өңдеу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді» тапсырды. Қазіргі таңда тиісті жұмыс атқарылуда. 9 ай ішінде 120 мың тонна қалдық жиналып, оның 3040 тоннасы пайдаға жаратылды, – деді Марат Ердәулетұлы.
Оның айтуынша, өңірдегі қай­та өңдеу саласында қызмет көр­сететін кәсіпкерлер  белсенді. «Ыбы­райхан және К-ЛТД» компаниясы 2004 жылдан бері қатты қалдықтар айналымын басқару ісімен айналысып келеді. Өзге кәсіпкерлер де тұрмыстық қатты қалдықтардан шатыр жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығаруда. Мәселен, «Эко-Н Сервис», «ТемірЖас Group» ЖШС істен шыққан, құрамында жарамсыз сынабы бар шамдарды залалсыздандыруды жүзеге асырып келеді. Қармақшы ауданындағы «СтройСервис» серіктестігі аудан тұрғындарынан және көрші аудандардан полиэтилен пакеттерді қабылдап, пластмасса труба шы­ғаруды жоспарлап отыр. Қа­залы ауданындағы полигонды се­нім­герлік басқаруға алған «Қа­залы Көркем-Сервис» ЖШС да 10 мың­ға жуық макулатура қал­дық­тарын пресстеп, Шымкент қала­сына жө­нелтуге кірісуде.
Спикер тозған автокөлік дөң­гелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығару өндірісін жолға қойған «Smart Rubber» ЖШС жұмысына ерекше тоқталып өтті. Мұнда жарамсыз дөңгелек бірнеше сатылы өңдеуден өткеннен кейін ұнтаққа айналады. Оған полиэтилен ұнтағы қосылып, екі қоспадан дайын өнім – жерасты суару түтігі шығарылады. Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 проценті суды үнемдеу технологиясына көшіріл­мек. Осыған байланысты алдағы уақытта жерасты түтігіне деген сұраныс артарына сенім мол. Оның үстіне қазір резеңке ұнтақты алушылар жиі кездеседі. Ол футбол алаңына төселеді, сондай-ақ битуммен араласса, асфальт сапасын жақсартуға септеседі екен.
Жұлдызай Айтжанова облыс тұрғындарының 60 проценті тұр­мыстық қатты қалдықтарды тасы­малдау қызметімен толық қам­тылғанын атап өтіп, қалдықтарды көмуге қатысты енгізілген өзге­ріс­термен таныстырды.
– Келер жылдан бастап ҚР экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес, полигондарда пласт­масса, пластик, полиэтилен қал­дық­тары және полиэтилентереф­талат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар, шыны сынықтары, түсті жә­не қара металдар сынығы, литий, қорғасын-қышқыл батарея­лары, электрондық және электр жаб­дықтары қалдықтарын көмуге тый­ым салынады деп жоспарлануда. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ қалдықтарын және құрылыс материалдарының қал­дық­тарын полигондарда көму­ге шек­теу қойылады, – деді Ж.Айт­жанова.
Жалпы тақырып турасында ай­тылған дүние көп. Өткен жылы Ел­ордада ұйымдастырылған «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде де тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жайы кеңінен насихатталған болатын. Расында, елімізде қазба байлықты жаратудан бөлек, атал­ған өндіріс түрін жандандыру жүйелі түрде қолға алынса, жа­ңа жұмыс орындары ашылып, қазы­наға табыс түсер еді.

М.ҚАЛЫМБЕТ.
11 қараша 2018 ж. 2 345 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930