Тату көрші – тұрақты дамуға негіз
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысты, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
Туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған форумға екі елдің өңірлері мен облыстарының басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдері қатысты.
Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бұл форум тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танылғанын атап өтті.
– Форум осы уақыт ішінде елдеріміздің саяси-экономикалық өзара ықпалдастығының маңызды институтына айналды. Бұл басқосу посткеңестік кеңістікте үлгі боларлық формат ретінде танылды. Өткен форумдар аясында біз 200-ден астам шарттар мен келісімдер жасастық. Бұл құжаттардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ, экономиканың тұтас салаларын дамытуға тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Қазақстан үшін стратегиялық одақтас әрі сауда-экономика саласындағы маңызды серіктес екенін атап өтті.
– Биылғы 8 айдың ішінде елдеріміз арасындағы сауда айналымы 11 миллиард доллардан асты және бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 18 миллиард долларға жетуі мүмкін. Өзара сауда саласындағы өңделген өнімдердің үлесі артып, 82 пайызға жеткені қуантарлық жайт. Ресей Қазақстан үшін өңделген өнім экспорттайтын ірі нарық болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі мен экономиканың басқа да салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту барысындағы екі жақты қарым-қатынастарды ілгерілетудің нәтижелеріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев туризм саласының жаһандық экономикадағы маңыздылығын айтып, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
– Бүгінгі форум өте маңызды әрі өзекті мәселе – елдеріміздің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде де экономика өсімінің тетігі болып саналады. Қазақстан мен Ресей бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туристердің легін арттыруға және 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты.
– Ынтымақтастықтың екі жақты туризмді дамыту сияқты маңызды бағытына арнайы тоқталғым келеді. Ресейдегідей Қазақстанда да туристер үшін демалысты жақсы өткізіп, тамашалауға болатын көптеген көрікті жерлер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді.
Мемлекет басшысы өкілетті органдар тарапынан шешуді талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласына қатысты бірқатар жәйттерді, соның ішінде туристердің өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа да мәселелерді атап өтті.
Қазақстан Президенті форумның екі жақты өңіраралық іскерлік қатынастарға зор серпін беретініне, Қазақстан мен Ресейді дамытудың жаңа белесіне жол ашатынына сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірлерін қорытындылай келе, Ресей Федерациясының Президентіне екі елдің Үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін елдеріміздің аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсыру керектігін айтты.
– Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді. Осыған байланысты, елдеріміздің Үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көршілес елдермен визалық және көші-қон режимін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастықтың жүйесін құруды, сондай-ақ, медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.
– Күш біріктіре отырып, әлем тарихындағы бірегей Байқоңыр ғарыш алаңына қатысты туризмді дамыту керек. Бұл мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлердің келесі жылға арналған бірлескен жоспарларына енді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін осы орталықтың және соның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.