» » ҚЫЗЫЛОРДА БОЛЫП СОҒЫП ТҰР, АЛАШТЫҢ АЛЫП ЖҮРЕГІ

ҚЫЗЫЛОРДА БОЛЫП СОҒЫП ТҰР, АЛАШТЫҢ АЛЫП ЖҮРЕГІ

Биыл ел ордасы­ Астананың – 20, қасиетті Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласының – 200 жылдық мерейтойы­ қатар келіп отырған ерекше жыл. Сүйікті қаламыздың негізі қаланғанына 200 жыл толуына орай Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде “Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда ” атты мерекелік концерт өтті.
Қызылорданың мәдениет майталмандары өнер көрсеткен шараға аудан халқы көптеп жиылды.
Сахна шымылдығы «Жастар» театрының «Мен Қызылорда қаласынанмын» атты прологымен ашылды.
Шара барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөй­леп, жылы лебіз білдірді. Сондай-ақ, шаһар басшысы Қызылорданың кешегісі мен бүгініне тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Концертте бірқатар азаматқа Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жалағаш жұртының атынан ризашылығын білдіріп, Алашқа ана атанған аймағымыз дами берсін деген ықыласын жеткізді.
Салтанатты шара мұнан әрі қарай қызылордалық өнерпаздардың концертіне ұласты.

Концертте өнер көрсеткен «Сырлы саз» халықтық фольклорлық ансамблі, Р.Ахметов бастаған жыраулар, Ү.Медеуова, Ә.Төлегенов, Е.Берстенбаев, А.Шүкіров, Ә.Әмірбек, А.Төре­ғали, Д.Қыдырбай сынды әншілер, «Мереке» вокалды аспаптар ансамблі, балалардан құралған «Сыр жұлдыздары» тобы және «Арайлы» би тобы көптің қошеметіне бөленді. Біз өз кезегінде көрермендерді сөзге тартқан болатынбыз.
– Қала өнерпаздары қойған концерт кө­ңі­лімізден шықты. Астананың – 20, Қызылор­даның – 200 жылдығына орай өткізілген шарадан мәдени-рухани азық алдық. Барлық облыс тұрғындарын сүйікті қаламыздың мерей­тойымен құттықтаймын. Қызылордамыз көр­кейіп, өркендей берсін, – деді Самал Жалбырова есімді кент тұрғыны.
Атыңнан айналайын, Ақмешіт, бүгінде ерек­ше қарқынмен дамып келеді. Соңғы деректер бойынша аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды, Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 ­пайы­зы. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия, Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сияды. Тіпті, алпапуыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен. Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Алашқа ана атанған аймақтың бас қаласы сырбойлықтар мақтан етер шаһар. Өйткені, Қызылорда тек облыс орталығы ғана емес, сондай-ақ, ғылым мен білімнің мекені, әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, жеті ауданды бір жерге тоғыстырған күретамыр. Бүгінде алып құрылыс алаңына айналған Қызылорда жұрт қызыға қарайтын аймаққа айналды.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
М.АХМЕТ (сурет).

13 қараша 2018 ж. 660 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930