2020 жылға қарай 6,6 мың шақырым жол ақылы болады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде кезекті үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мың шақырым автожол салу және қайта жаңғырту, республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автожолды жөндеу көзделген. Бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылды, 7,5 мың шақырым автожол жөнделді. Барлық нысандарда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жол құрылысына пайдаланылған отандық өндірушілер материалдарының үлесі 95% құрады», - деді министр.
Ол «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша «Астана – Теміртау» учаскесі аяқталды және келесі жылы «Теміртау – Қарағанды» жол учаскесі мен Қарағанды қаласының айналма өту учаскелерінің құрылысы аяқталатынын айтты.
«Ақылы автожолдарды дамыту бойынша биыл қазан айында ішкі Істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Қорғас» және «Астана – Теміртау» учаскелерінде ақы алу жүйелері тестік пайдалануға енгізілді. Қаңтар айының екінші жартысында ақы алуды бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 5 900 шақырымды, соның ішінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде ақы алу жүйесін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып қалды. Жалпы, 2020 жылға қарай ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолға төлем алу жүйесі қосылады», - деді Қасымбек.
Пікір 2