» » АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТЫҢ БАҒАСЫН ХАЛЫҚ БЕРЕДІ

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТЫҢ БАҒАСЫН ХАЛЫҚ БЕРЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Орталық атқарушы орган басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы” Жарлығына сәйкес, кешеден бас­тап аудан және ауыл әкімдерінің есеп беру кездесу жиындары өтуде. 14 қаңтардан бастау алған шара осы айдың 24-не дейін жалғасады деп күтілуде. Алғашғы есепті кездесулер Қаракеткен, М.Шәменов, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде өткізілді. Жиынға Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Ә.Қарлыханов, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Қаракеткен ауылы:
БІЛІМ САЛАСЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ ДЕН ҚОЙҒАН

Аудандағы білім саласына ерекше мән беретін ауылдың бірі – осы Қаракеткен елді мекені. Жал­пы, мектептегі білім деңгейін оқушы өресі көрсететіні белгілі. Кез келген мұғалім шәкіртінің шыққан биігімен мақтанып жатады. Ал, бұл ауылға қарасты мектептердің ұстаздары берген білімімен де, шәкіртерінің шыққан биігімен де мақтана алады.
Ел алдындағы есептің елеулі міндет жүктейтіні белгілі. Атқарылған жұмыстың бағасын халық береді. Ал, сол халықтың алдына келіп, өткен жылғы тындырымды тірлікті саралау, елдің ұсы­ныс-пікірін ескеріп, алдағы күнге жоспар құру мәселесі Жалағашта жолға қойылған деуге болады.
Қаракеткен ауылында өткен халық алдында есеп беру жиынында алдымен учаскелік полиция инспекторы, капитан Мұрат Бекмұрзаев хабарлама жасады. Учаскелік инспектордың айтуынша, өткен жылы Қаракеткенде 28 әкімшілік құқық бұзу дерегі анықталып, әкімшілік шаралар көрілген. Округ бойынша 52 азамат аң аулау мақсатында қару ұстайды. Оларға аңшы қаруын сақтау мен алып жүруге байланысты профилактикалық шаралар жүргізілген. Есепті мерзімде 17 қылмыс орын алса, оның 7-і тіркелген. Осындай мәліметтерді алға тартқан полиция капитаны алдағы уақытта халықпен тығыз байланыс орнатып, ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жұмыс жасайтынын айтып өтті.
Мұнан соң Қаракеткен ауылдық округінің әкімі Қайрат Өлментай хабарлама жасап, 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді. Қаракеткен және Далдабай елді мекендерінен құралған ауылдық округте 1550 адам тұрады. Ауыл әкімінің айтуынша, 2018 жылы 11 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізіп, 1 млн 765 мың теңге қаржы алған. Өткен жылы жұмыссыз ретінде 21 адам тіркеліп, оның 21-і ақылы негізді қоғамдық жұмысқа, 2-і жастар тәжірибесіне, 8-і уақытша жұмысқа, 10-ы тұрақты жұмысқа орналасты.
Әлеуетімізді арттыратын саланың бірі кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл тұрғыда облымызда 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлекті қолдау жылдары деп жарияланған. Ауыл бойынша 2018 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 бірлікті құрап отыр. «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» жол картасы аясында өткен жылы Қаракеткен ауылдық округінде 11кәсіпкерлік субъектісін ашу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 13 кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, жоспар 118,2 пайызға орындалған. Сондай-ақ, ауылдық округ бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 9 кәсіпкер 32 млн теңгеге қаржыландырылды. «Zhas Project» жастарға арналған жобасы бойынша ауыл тұрғыны Фариза Аширалиева 1 миллион теңге грант жеңіп алып, өнер үйірмесін ашты.
Осы негізде хабарлама жасаған ауыл әкімі білім, мәдениет, спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қаракеткен ауылындағы № 114 орта мектебінде 209 оқушы білім алса, 45 мұғалім, 47 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Өткен жылы ҰБТ-ға 11 оқушы қатысты. Нәтижесінде қорытынды балл орташа 98,4 пайызды құрап, аудан бойынша 2 орынға ие болды. Бұл білім ұясының түлектері алдыңғы жылы да ҰБТ-да жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін айта кету керек. Ал, Далдабай елді мекеніндегі №115 негізгі мектепте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Вilimbook» дербес оқыту планшет-компьютерімен жабдықталған кабинет ашылды. Осының өзі жоғарыда бұл ауылда білім саласын өркендегу ерекше мән берілген деген сөзімізді растай түседі.
Ауыл әкімінен соң аудан басшысы Қайратбек Сәрсенбаев хабарлама жасап, өткен жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған басым жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты.
Өнеркәсіп өнімдеріне талдау жасалып, өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 104,9 пайыз, ауыз су 144,4 пайыз, электрмен жабдықтау 105,0 пайызға орындалды. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2018 жылдың 11 айында 5 млрд 339 млн теңгені құрап (2017 жылы 4 млрд 345 млн теңге), өткен жылдың осы кезеңімен салыстырмалы бағаммен алғанда 14,9 пайызға артты.
Құрылыс жұмыстары да қарқын ала бастады. Мәдениет елді мекенінде 90 орындық балабақша ғимараты, 150 орындық клуб, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, Мәдениет елді мекенінде спорттық кешен, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Еңбек елді мекенінде шағын маркет пен мейрамхана ашылып, халықтың қуанышын еселей түсті.
Осы сынды мәліметтерді алға тартқан аудан әкімі басқа да салаларға тоқталды. Жиын соңында ауыл тұрғыны Таңатар Ахметов атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, елдің атынан ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол мектепке баратын жол жөндеуден өтсе деген ұсынысын айтты. Аудан басшысы елдің өтініші бірінші кезекте орындалатынын жеткізді. Ал, ауыл ақсақалы Естай Тұрабаев әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтып, батасын берді.


М.Шәменов ауылы: ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ АРТЫҚ

Бұл күні түске дейін ат басын тіреген ауылдардың қатарында М.Шәменов елді мекені де бар. Жалпы, 1165 адам тұратын ауылда біршама жұмыс жасалған. Солардың ең бастысы ретінде халықтың ауызсумен қамтылғанын атап өтуге болады.
Халық алдындағы есепті кездесуде учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Айбек­ Асылбекұлы баяндама жасады. Полиция инспекторының сөзіне сүйенсек, бұл ауылда 50 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, өткен жылы 6 қылмыс дерегі тіркеліп, оның 2-і ашылған. Аудандық полиция бөлімінде аңшы мылтығын қолданатын 20 азамат тіркеулі. Олармен үнемі жұмыс жасалып, қаруларының сақталу заңдылығы тексеріліп тұрады.
Учаскелік полиция қызметкерінен соң ауыл әкімі Ғалымжан Есжанов баяндама жасап, өткен жылғы жұмыстарды саралады.
Жалпы, ауылдық округ бойынша жергілікті өзін-өзі басқару есеп шотына 2018 жылы салықтың 6 түрінен барлығы 485 мың теңге қаржы түсті. Аталған қаржы санитариялық тазалыққа, ауылды абаттандыруға жұмсалды.
Жыл басында аз қамтамасыз етілген отбасы оқушыларына «Қайырымдылық» акциясы ұйымдастырылып, «Мега-Агро» ЖШС «Мектепке жол» акциясына 150 000 теңге көлемінде қаржы бөліп, әл-ауқаты аз қамтамасыз етілген отбасының 20 баласына спорттық киім мен оқу құралдарын алып берген. Шараға ауылдық мекемелер де өз үлесін қосып, аталған санаттағы балаларға демеушілік көрсетті.
Жоғарыда бұл ауылда ауызсу мәселесі шешімін тапқанын айтқан болатынбыз. Ауылдық округ бойынша ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында екі кезеңмен жүргізілді. Бірінші кезеңге 2017 жылы 118 млн 284 мың теңге бөлініп, игерілген. Екінші кезеңге 2018 жылға 170 млн 839 мың теңге қаралып, ауылдық округтегі барлық үйдің ауласына ауыз су кіргізіліп, бұл мәселе толық шешімін тапты.
Кәсіпкерлік бойынша да атқарылған жұмыстар жоқ емес. Ауылдық округ бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 3 жоба дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған болатын. Оның екеуі қолдау тауып, жұмыстарын жасауда. Ауыл тұрғыны М.Тияқбаева «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында құс өсіру мақсатында 500 мың теңге грант иегері атанып, өз жұмысын бастады.
Ауыл әкімі өз хабарламасына осындай мәліметтерді арқау етті. Сонан соң аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жалағаш жері – қашанда толайым тірліктер атқарылатын, елдегі шараларды назардан тыс қалдырмайтын өлке. Еліміздің бас шаһары – Астана қаласының 20 жылдығы, Алаштың анасы атанған – Қызылорда қаласының қос ғасырлық мерейтойының кең көлемде аталып өтілуі осының дәлелі. Сонымен қатар, саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды дәріптеу мақсатында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде өткізілді. Мерейтойлар аясында кенттегі «Жеңіс паркі» қайта жаңғыртылып, «Тағзым» аллеясы болып атауы өзгертілді. «Тағзым» аллеясына мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың бюсттерімен қатар, 1930 жылдардағы әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған Қарақұм көтерілісіне арналған монумент-ескерткіш және Невада-Семей, Ауған соғысы, Чернобыль техногенді апатының салдарын жоюға қатысқандарға арналған белгі қойылды. Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекеніне қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби философ Ілияс Қабыловтың ескерткіші орнатылды. Мерейтой аясында республикалық ақындар айтысы, ғылыми-тәжірибелік конференция, қазақ күресі, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізілді.
Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Егін шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар. Аудан диқандары рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырып, қамбаны қазынаға толтыруда.
2018 жылдың 11 айында 14 662,4 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Өткен жылы барлығы 36391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім толық жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер немесе 126587 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, егілген 401 гектар жаздық бидай, 4559 гектар жаңа жоңышқа, 4456 гектар ескі жоңышқа, 641 гектар картоп, 1000 гектар бақша, 2200 гектар мақсары дақылдары толық жиналды.
Облыс әкімі 2018 жылдың басында облыс бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкерліктің дамуы алдыңғы қатарға қойылып, аудан бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1076 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті. Ауданда 2344 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Денсаулық, білім, мәдениет саласының жұмыстарында да ілгері өрлеуге бет бұрыс жасалуда. Білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. ҰБТ қорытындысымен өткен жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Ауданның көрсеткіші 87,5 балды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,9 балға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ауданымыз облыста алдыңғы қатарда. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша да Жалағаш аудандар алдында екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Мәдениет, спорт саласындағы қол жеткен жетістіктер де баршылық. Аудан орталығында бірқатар республикалық жарыстардың өтуі – өрелі де өнегелі істің нәтижесі.
Аудан әкімінің сөзінен соң ауыл тұрғыны Сағынәлі Құнанбаев жасалған жұмыстарға оң баға беріп, ауылға бейнекамера орнатылса, учаскелік полиция инспекторы мен ауыл әкіміне жаңа қызметтік көлік берілсе деген ұсыныс айтты. Аудан басшысы бұл ұсыныстардың жіті назарда болатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Амангелді Мінайдаров атқарылып жатқан жұмыстарға жұрттың көңілі толатынын айтып, елдің ризашылығын білдірді.

Бұқарбай батыр ауылы:
Кәсіпкерлік қанат жаюда

Аудан әкімінің есепті кездесуі Бұқарбай батыр ауылында жалғасты. Басқосуда өңір басшысы ауыл тұрғындарын аудан бойынша жүзеге асқан ауқымды жобалардан хабардар етті. Сондай-ақ,­ ауыл әкімі Сағат Байділдаев пен учаскелік полиция инспекторы Ержан Әбдірамановтың жыл бойы атқа­рылған жұмыстары тыңдалды.
Алдымен, көпшілік алдында қоғамдық тәртіптің жай-күйін баяндаған ауыл инспекторы Ержан Әбдіраманов өткен жылы орташа санатты 7 қылмыс орын алғанын айтты. Бұл қылмыстың 4-еуі ашылмаған. Сонымен бірге, өткен жылы Бұқарбай ауылында 1 пәтер ұрлығы тіркеліпті. Инспектор ол пәтерде адам тұрмағандықтан қылмысты ашу қиындық тудырып тұрғанын жеткізді. Ал, ауылда ауыр және аса ауыр қылмыс тіркелмеген.
Негізі, қылмыскерлердің жолын кесуге бір ғана полиция инспекторы аздық ететіні анық. Ол үшін ауыл тұрғындары да өз мүлкіне ұқыпты қарап, жайылымдағы малды қадағалап, пада ұйымдастыру керек. Келелі жиында сөз алған көпшіліктің пікірі осыған саяды.
Мұнан соң, екі мыңнан аса тұрғыны бар Бұқарбай батыр ауылының әкімі Сағат Байділдаев ел болып жұмыла кіріскен игілікті істерді хабарлап, жыл бойы атқарылған жұмыстарды тұрғындар назарына ұсынды.
– Өткен жылы ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігі нәтижесінде біраз жұмыстар жасалып, ауыл келбеті одан әрі айшықтала түсті. Кәсіп­керлікке бет бұрған тұрғындардың да үлесі басым. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған” бағдарламасы аясында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген 25 азамат “Бизнес-Бастау” және “Бизнес-Кеңесші” жобалары бойынша қысқа мерзімді оқу курстарын аяқтады. Бағдарлама шеңберінде “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы ауылдық округ бойынша барлығы 6 жоба 16 млн теңгемен қаржыландырылды. Ал, “Микробизнес – Қызылорда” бағдарламасы аясында 8 жобаға 20 млн теңге берілді. Сонымен бірге, “Ауыл Несие Серіктестігі” ЖШС арқылы егін шаруашылығы бағыты бойынша 4 жоба 47 млн 500 мың теңге қаржы алды. Өткен жылы өңірімізде алғашы рет жүзеге асқан “Zhas projekt” жобасы аясында 4 жоба құрамындағы 12 адам қайтарымсыз несие жеңімпазы атанды. Олар қазіргі уақытта бизнес жобаларының талаптарына сәйкес елді мекен тұрғындарына тегін қызмет түрлерін ұсынып, тұрақты түрде жұмыс жасауда. Жоғарыда атап өткендей «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық округтен 13 жоба ұсынылып, 5 жоба 240 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант игері атанды, – деді ауыл әкімі.
Былтыр Бұқарбай батыр ауылдық округі бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 23 кәсіпкер 447,9 млн теңгеге қаржыланды. Олардың қатарында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантқа ие болған кәсіпкерлер бизнес жобаларына сәйкес жұмыстарын бастап кетті. Айта кетейік, ауылдық округ бойынша барлық кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 122, жұмыс жасап тұрғаны – 115, тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны – 7. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері 95 пайызды құ­райды.
Жалпы, Бұқарбай батыр ауылының ажары көпті тамсандыратыны белгілі. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін орталық алаңнан бас­тап, сәулеті келіскен ғимараттардың барлығы бір жерге топтасқан. Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстардың жолға қойыл­ғаны алыстан көзге көрініп-ақ тұр. Дей тұрғанмен, ауыл тұрғындарын мазалайтын бір мәселе бар екен. Ол денсаулығың сыр бергенде дереу келе қоятын ауыл дәрігерінің жоқтығы. Осы мәселені көтерген ауылдықтар тұрақты және уақытпен санаспайтын дәрігер керектігін назарға ұсынды. Бұл мәселеге жауап берген аудандық аурухананың бас дәрігері А.Бекбергенова ауылға аптасына екі мәрте келіп тұратын жауапты дәрігер бекітілгенін айтты. Алайда, тұрғындардың талап-тілегі ол емес. Ауылдағы ағайындарға керегі тұрақты дә­рі­гер екен. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тың­даған өңір басшысы ауданның бас дәрігеріне бұл жүйесіздікті жолға қоюды ескертіп, аталған мәселені дереу ретке келтіруді тапсырды.
Ауыл әкімінің сөзінше, ауылдық емханада 1 дәрігер, 12 медбике, 7 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Ауылдық емханаға өткен жылы 1 желтоқсан – “Тұңғыш Президент күні” мерекесі қарсаңында аймақ басшысы жалпы құны 6 млн теңге тұратын су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық болған тұр­­ғындар мұнан соң аудан көлемінде атқа­рыл­ған жұмыстарды тыңдады. Былтыр өңірдің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын ауыз тол­­тырып, зор мақтанышпен айтуға болады. Эко­номикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеу­меттік проблемаларды шешуге бағытталған жұ­мыстардың нәтижесінде, экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты.
Өткен жыл еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы болды. Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында халықтың әл-ауқатының өсіп, тұрмыс сапасының жақсаруына оң септігін тигізетін бастамаларды атады. Әсіресе, педагог қызметкерлердің мәртебесін арттыру туралы заң қабылдау, жастар жылын жариялау, ең төменгі жалақыны арттыру сынды идеялары жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Сондай-ақ, Ел Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасы» еліміз үшін өзекті әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді.
Ал, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Ұлы даладағы өркениеттің тамыры тереңде жатқанын айғақтайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтасып жатыр. Ел Президенті осынау мақала арқылы Ұлы дала құндылықтарын кейінгіге мирас етудің айқын бас­тамасын жасады. Есепті кездесуде осылай деген өңір басшысы өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерді елмен бірге тағы бір пысықтады.
– Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында қанша­лықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған ауданымыз да өз үлесін қосып келеді. Сыр еліндегі құт мекеннің бірі – Жалағаш ауданы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын зор ықы­ласпен қабылдап, қашан да қолдап отыр. Өңірде экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты. Есепті кезеңге өнеркәсіп өнімдерін өндіру 7,3 пайызға артып, 4,5 млрд теңгеге жетті. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2018 жылдың 11 айында 5 млрд 339 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырмалы бағамен алғанда 14,9 пайызға көбейді. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 8 млрд 448 млн теңгеге немесе 100,4 пайызға орындалды, – деді өңір басшысы.
Жалпы, өткен жылы аудандағы қай сала болсын толағай табыстарға қол жеткізді. Соның бірі – спорт саласы. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 28 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады екен. Өткен жылы 90 спорттық іс-шара өткізіліп, бұл шараларға 19580 аудан тұрғыны тартылыпты. Бұл салаға қолдау да аз емес. Былтырғы жылы ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 23,3 млн теңге қаржы бөлінген.
– Жыл қорытындысымен спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 12 алтын, 12 күміс, 18 қола медаль алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 3 күміс, 4 қола медальды иеленді. 3 спортшы – «ҚР-ның спорт шебері», 166 спортшы – «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындаса, ауданның 14 спортшысы ҚР Ұлттық құрама сапына енді. Ауданымызда спорт саласын дамыту мақсатында биылғы жылы Жалағаш кентінде жалпы құны 460 млн теңге көлеміндегі спорт кешенін салу жоспарымызда бар. Оған бюджеттен қаржы қаралып, кент орталығынан жер телімі нақтыланды. 2019 жылы жаңа спорт кешені бой көтеретін болады, – деді аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы таяу арада аудандық аурухана құрылысының іргетасы қаланатынын жеткізді. Қазіргі таңда құрылысты бастауға рес­публикалық бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлінген.
Ел болып еңсерген жетістіктерді тыңдап, та­ра­зыға салған ауыл тұрғындары өз ұсы­ныс-пікір­лерін жеткізіп, жиын со­ңын­­да аудан, ауыл көлемінде атқа­рыл­ған жұмыс­тарға оң баға берді.


Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ,
Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Маханбет ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет).

15 қаңтар 2019 ж. 764 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930