Ер мұғалім көбеймей, мектептің "мұңы" бітпейді
Сыр өңіріндегі мұғалімдердің 85 пайызы әйелдер
Қызылорда облысы бойынша ер мұғалімдердің саны – 14,6 пайызды құрайды. Яғни, өңірдегі 20968 мұғалімнің 3065-і ғана – ер азаматтар, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz тілшісі.
Бастауыш сыныптарда ер мұғалімдер мүлде жоқ. Олар негізінен орта мектептерде жұмыс істейді. Көпшілігі дене тәрбиесі, технология, алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ береді. Педагогикалық мамандықтардың еңбекақысы аз болғандықтан ба, әйтеуір жігіттердің ол мамандыққа аса қатты қызығушылығы болмай тұр. Мысалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің педагогика мамандығы бойынша өткен жылы 418 түлек бітірген. Олардың 87-і ғана – жігіттер. Ер балалардың басым бөлігі жаратылыстану, физика-математика факультеттерінде дәріс алады.
Қазірде оқу-тәрбие орталықтарының басым бөлігінде әйел мұғалімдер басшылық етеді. Тіпті, дене тәрбиесі, алғашқы әскерге дайындық пәндерінен қыз-келіншектер сабақ бере бастады. Алайда ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын азаматтар бала тәрбиесі мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, бұл өрескел олқылық деп отыр. Әсіресе, ер бала үшін әке қаншалықты қажет болса, мектептегі ер мұғалімнің де орны бөлек.
Нағашыбай Төлепов,
Арал қаласы Т.Шевченко атындағы №13 мектептің мұғалімі:
«Мектепте ер мұғалімдер көп болса, тәртіп орнайды»
– Мектепте әйел мұғалімдер өте көп. Қазір мектептегі ер мұғалімдер дене тәрбиесі, технология мамандары ғана жүр. Негізгі физика, математика, қазақ тілі пәндерінен ер мұғалімдер жоқтың қасы. Тіпті, әйелдерше өкпелейміз майдаланып, әйелдердің жүрміз ақылын пайдаланып. Қолдарындағы билікті желеу етіп ер мұғалімдердің аузын аштырмай, басын көтертпейтін дәрежеге жеттік. Мұнымен балаларға түгіл қыз балаға қандай тәрбие беріп отырмыз? Ата-аналар жиналысына келген жас аналар баланы қажет кезінде тәртіпке шақырғанымыз үшін жерден алып, жерге салады. Тіпті еркек құрлы көрмей аузымызды аштырмайды. Мен айтар едім, сол жас қыздар кезінде мектеп табалдырығы, жоғарғы оқу орындарында әйел мұғалімдердің тәрбиесін көп алып, олардың қарамағындағы ер азаматтарға өктемсіп сөйлегендерін көріп өскен қыздар. Қазір мектепте ер азаматтардың беделі өте төмен. Олар мектепте еңсесін тіктеп, басын көтеріп жүруі үшін әйелдер істейтін ішкі жұмыстардан босату керек. Мысалы, керек емес бос қағазбастылықтан. Ұжымында ер мұғалімдердің беделі жоғары болса, оқушылар да оларды тыңдап, жасқанып, нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сондықтан да мектепте азаматтар мен әйелдердің үлес саны бірдей болуы керек. Сонымен қатар, мектеп басшылары мен орынбасарлары тіпті сынып жетекшілерінің де ер азаматтардың болғаны жөн дер едім. Мектепте ер мұғалімдер көп болса тәртіп орнайды. Ал тәртіп бар жерде білім деңгейінің жоғары болатыны анық. Терең білім мен саналы тәрбиені сіңіріп өскен ұрпақ жаман әдеттен аулақ болады, жемқорлықтан алыс жүреді. Жемқорлық болмаған жерде бәсекеге қабілетті ел дамиды. Міне, мәңгілік ел ұрпақтарының тәрбиесі мектеп қабырғасынан басталып отыр. Ондағы ер мұғалімдердің санының көп болуы ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке ерте шығаруды ұсынып отыр. Мен осы мәселе аяқсыз қалмай іске асқанын қалаймын. Себебі мектептегі мұғалімдер 30 жылдан артық балаға ешнарсе бере алмайды. Одан да жаңа заманның озық ойлы жастары келіп мектепті көтерсін. Осы мәселе шешілгенде ғана ер азаматтарымыз мектепке көптеп келе бастайды. Сондай-ақ, мектеп директорының қаптаған орынбасарларының санын қысқарту қажет. Оқу және тәрбие жөніндегі екі орынбасар болса жеткілікті емес пе?!
Рабиға Игенбаева,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ, Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты:
«Мектепте қағазбастылық көп»
– Педагогтық мамандықтарда ер балалардың аз болу себебін тереңнен іздеудің керегі жоқ. Себебі ер жігіт – отағасы, ол бала-шағасын, отбасын асырауы қажет. Бүгінгі таңда қоғамдағы әйелдердің орны, маңызы жоғары екендігі белгілі. Әйелдердің ішінде жоғары еңбекақы алатындар, басшылық қызмет атқаратындар, жалпы жауапты қызметте жүргендері көп. Ал, ер адамның, оның ішінде қазақ жігіттерінің психологиясы бойынша ер азамат әйелден биік, жоғары, алда жүруі керек. Таңертеңнен кешке дейін жүріп алатын айлығы оларды қанағаттандырмайды.
Бұл біріншіден. Екіншіден, мектепте, тәрбие ұйымдарында ұжымда ер кісі пайда болса, оны әкімшілік болсын, ұжымдастары болсын пайдаланып алуды көздейді. Сыныпта партаның, тақтаның бұрандарын бұрату, босап тұрған шегені қаққызып алу т.б. мың сан жұмыстарды мойындарына ілуге дайын тұрады.
Тағы бір себебі, мектеп басшылығының қызмет бабын пайдалануы. Аулада қар күреу, қоршауды жөндеу, көлігі болса, қажетті жерлерге апарып, әкелу, кезекшілікке алдымен ер кісілерді қою сынды жұмыстар жігіттердің мұғалім болсам, ұстаздық қызмет жасасам деген талабына тұсау болады.
Өкінішке қарай, азайды деп қанша байбалам салғанмен, мектептерде қағазбастылық көп. Бұл да ер азаматтың психологиясына сәйкес келе бермейді. Біздер білім алған 70-ші жылдары мектептегі мұғалімдердің жартысына жуығы ер азаматтар болатын. Ол кездегі халықтың мұғалімге деген көзқарасы да өзгеше еді. Банкир, менеджер, мұнайшы деген мамандықтар жоқтың қасы болып, мұғалім ең мәртебелі мамандық боп есептелетін. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданса, бұл олқылықтар жойылады деп есептейміз.
https://kyzylorda-news.kz