Елімізде бір адамға ондаған көлік тіркелгені туралы деректер тексерілетін болады Дүйсенбі, 28 Қаңтар , 2019 17:53
Елімізде 2017-2018 жылдары автокөлік иелеріне қатысты мәліметтерде 169 миллион қателік түзетілген. Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев осылай дейді деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Бүгін өткен үкімет отырысында автокөліктер туралы деректер базасында қате деректер кездесетіні туралы мәселе көтерілді. Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержанның айтуынша, көлігін сатқан немесе көлігі болмаған адамдарға салық қарызы жазылған екен.
«Бұл проблема бүгінгі күнге дейін шешілмей тұрғанға ұқсайды. Себебі салықтарды есепке дұрыс жазбау автокөлік иелері бойынша деректер базасының жаңартылмайтындығын көрсетеді. Көлік иелері бойынша деректер базасы уақытылы жаңартылуы үшін министрлік қандай шаралар қабылдауда? Ішкі істер министрлігінің сервистік орталық ақпараттық жүйесі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесін интеграциялау қашан қамтамасыз етілетін болады?» – дейді Құдайберген Ержан.
Депутаттың сұрағына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мұндай проблеманың туындауына Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің базаларын біріктіру себеп болғанын айтты. Ол 2017-2018 жылдары Ішкі істер министрлігі көлікке қатысты 16 миллионнан аса қателікті түзегенін атап өтті.
«Ендігі 16 150 жазбаны түзету керек. Бұл жұмыс 5-6 айда бітеді деп ойлаймыз. Ендігі көлік туралы ақпарат Қаржы министрлігіне онлайн тәртіпте берілетін болады. Мұндай қызмет 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап іске қосылды», – дейді ішкі істер министрінің орынбасары.
Сонымен қатар қаржы министрі Әлихан Смайыловтың сөзінше, бұдан былай көлікке қатысты қателіктерді болдырмау үшін, биылғы жылдан бастап Қаржы министрлігінің ақпарат жүйесіне арнайы форматтық-логистикалық бақылау енгізіледі.
«Мәселен, бір адамға жүздеген көлік тіркелетін болса, онда мұндай салық төлеушіге бірден хабарландыру жіберілмейді. Алдымен, біз тексеріп, анықтап аламыз. Содан кейін ғана хабарландыру жіберетін боламыз»,- дейді Смайылов.
Stan.kz