ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Елімізде азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып, әлеуметтік салаға өзгерістер енгізілді. Солардың бірі – жыл басында қолға алынған бірыңғай жиынтық төлем механизмі. Бұл жүйе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады.
Аудан әкімдігінде әлеуметтік саладағы енгізілген өзгерістерге байланысты облыстық мобильді топ мүшелері ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оған меймандармен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Басқосуда төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Ержанов «Мемлекет басшысы ең маңызды мәселелердің бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту екенін атап өтті. Өйткені, табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар сондықтан олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмағаны бәрімізге белгілі. Бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуінің басты мақсаты да осы – өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуді біршама жеңілдету» екенін мәлімдеді.
Мұнан соң бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі және жұмыспен қамту саласындағы өзгерістер туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, бірыңғай жиынтық төлем – салықтың жаңа түрі емес. Бұл төрт салық түрі: жеке табыс, әлеуметтік сақтандыру қорына, медициналық сақтандыру қорына, зейнетақы қорына аударылатын төлемдерді бір мезгілде төлеу тетігі болып табылады. Бұған Қазақстан тұрғындарының барлығы міндеттеледі. Жалпы, Қазақстанда зейнетақы үш көрсеткішті қамтиды. Базалық зейнетақы, ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы, яғни, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аударымдар және жинақтаушы зейнетақы, оған 1998 жылдың 1 қаңтарынан бергі аударымдар жатады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 16 037 теңгені құраса, ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге, ал, базалық әлеуметтік төлемдердің көлемін есептеу үшін төменгі күнкөріс көлемі 29 698 теңге көлемінде. Бұдан бөлек, басқосуда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Лиман Боранбаева, облыс бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Денеева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының бас сарапшысы Абылайхан Рахымов, облыстың еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Сәуле Алшоразова электрондық еңбек шарттары, электрондық еңбек биржасы, базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруі, әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғайтылуы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің заңына енгізілген өзгерістер және тағы басқа да жаңалықтар төңірегінде ақпарат берді.
Айта кеткен жөн, МӘМС жүйесінің толық жұмыс жасауына кедергі болып отырған белсенді емес тұрғындар санын жыл соңына дейін нақтылау үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті және медициналық сақтандырудың медициналық пакеттері нақты бекітілген. Жүйе толығымен іске қосылғанда сол пакеттер арқылы барлық азаматтар медициналық қызмет алатын болады.
Жиын соңында ақпараттық топ мүшелері өздеріне қойылған сұрақтарға жауап берді.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.