» » Таңдау мен мүмкіндік

Таңдау мен мүмкіндік

Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға орай алқалы жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Ержанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова, облыстық еңбек және бақылау басқармасының бөлім басшысы Сәуле Альшоразова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас сарапшысы Абылай Рахымов пен ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Рүстем Дастанұлы өз сөзінде, бейресми жұмыспен қамтылған халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы қабылданғанын айтып, осы бойынша кент және барлық ауылдық округтерде жүйелі жұмыс жүргізілетініне тоқталды. Ал, сарапшы А.Рахымов МӘМС жүйесінің тиімділігі мен оның артықшылығын түсіндірді. Сонымен, медициналық сақтандыру дегеніміз не? Бұл жүйе толыққанды қашан жүзеге аспақ? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек...
Қазіргі таңда медициналық сақтандыру жүйесінің қоры жұмыс жасағанымен, толыққанды жүзеге асқан жоқ. Себебі, еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жұмыссыз тұрғындардың статусын реттеу, әлеуметтік мәртебесін анықтау жайы әлі аяқталмай отыр.
Егер, бұл жүйе жүзеге асса, ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешпек.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Сондай-ақ, зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтаға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі, – деді жиында сөз алған Г.Қалмақова.
Мәселен, аталған сақтандыру жүйесі қолданысқа енетін болса, қорға қаражат әрбір азаматтың еңбек ақысынан ұсталады екен. Есесіне, сапалы ем алуға мүмкіндік мол. Қазіргі таңда, түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, тиісті еміне қаражат таба алмай жүр. Міне, осы тұста әрбір салымшы аталған қордағы қаражатты емге жұмсай алады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған.
– Дамыған өркениетті елдерде алғашқы медициналық көмек түрі жақсы дамыған. Яғни, ауруды пайда бола бастаған кезінен анықтап, оны түп-тамырымен жойып жібере алады. Дамыған елдердегі халықтың өмір сүру жасының ұзақ болуы да сондықтан. Ал, біз денсаулығымызды күтінбегендіктен қазір жаман аурулардың түрі де, онымен ауыратындардың саны да артып кетті. Ал, оларды емдеуге тағы сол ақша жетіспейді. Егер қымбат дәрілерді сатып алуға қаражат болса олардың өмірлерін ұзартуға да болар еді. Демек, бұл жерде проблеманы айналып келгенде тағы сол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шешеді. Жалпы, енді ірі шенеуніктен бастап, жұмыссыз азаматтар да бірдей сапалы медициналық көмек ала алады, – дейді сарапшы мамандар.
Иә, қазіргі заман жаңа заман. Нарық талаптарына сәйкес біз жан-жақты білім жинап, заман ағынымен қатар жүзуіміз керек. Қай тәсіл өмірімізді жеңілдететінін жете зерттеп, оны қолданысқа енгізудің жолын табуымыз қажет. Сол жаңашылдықтың бірі осы медициналық сақтандыру. Бұл өз кезегінде, дәрігерлік қызмет көрсететін – медициналық мекемелердің, олардың қызметкерлерінің сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Басқа жағынан, науқастар емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Ең тиімдісі, қорға салған 2 мың теңгеңізге 2 млн теңгенің емін алуға мүмкіндік бар. Жиында бас қосқан сала мамандарының пікірлері осыған саяды.
Мұнан соң, облыстық еңбек және бақылау басқармасының бөлім басшысы Сәуле Абжалелқызы ұжымдық шарт жасау жөнінде түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, барлық жұмыс берушілер мен мекеме қызметкерлері бірлесе отырып, ұжымдық шарт жасасу керек.
– Бұл біріншіден жұмысшыларға тиімді. Біздің уақытымыздың көбі жұмыста өтеді. Сондықтан, отбасына аса қатты көңіл бөлуге уақыт жете бермейтіні анық. Сол себепті, жұмыскердің жағдайын ескеріп, сұрауы бойынша демалысқа жіберуге және тағы басқа да мәселесіне көңіл бөлуге, өзара түсіністік танытуға тиіспіз. Міне, осы мәселелердің барлығы ұжымдық шарт бойынша жүзеге аспақ, – деді С.Альшоразова.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Р.Ержанов тиісті сала басшыларына аталған мәселелерді тұрғындарға кеңінен түсіндіру керектігін жеткізіп, алдағы уақытта семинар ұйымдастыруды тапсырды.

Н.ҚАЗБЕКОВ.

17 ақпан 2018 ж. 1 154 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031