Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық қызметін аяқтады 31 қаңтарда Қазақстан белгіленген жоспарға сай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық қызметін аяқтады. Бірақ Кеңеске мүшелік жыл соңына дейін жалғасады. Әлемдегі аса беделді Кеңеске бір ай көлемінде төрағалық еткен Қазақстан өзінің белсенді іс-қимылымен кең ауқымды бірқатар маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықаралық қоғамдастықтан оң бағасын алды. Осы орайда бүгін біз еліміздің соңғы бір айда, дәлірегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде атқарған жұмысына тоқталып өтуді жөн көрдік.Тәуелсіздік алғалы бері халықаралық қоғамдастықтағы орнын нығайта түскен еліміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әрі осы органға биылғы қаңтар айында төрағалық етуі арқылы өзін жаңа қырынан көрсете білді. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауіпсіздікті нығайту, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытында ұстанған сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің алғашқы жылын табысты аяқтағаны белгілі. Ал осы ұйымдағы екінші жылын Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде бастаған еліміз соңғы бір ай көлемінде әлемдік қоғамдастық ауқымында өзара сенім мен келісімді нығайту, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу сынды күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді шешуге қатысты көптеген игі істердің ұйытқысы бола білді. Бүкіл адамзатты толғандырып келе жатқан жаһандық түйткілдерді оңтайлы шешу ісіне бұған дейін де белсене атсалысып келе жатқан Қазақстан аталған органның төрағасы ретінде өткізген бір ай шеңберіндегі қызметі еліміздің сыртқы саясаттағы бедерлі белестерінің бірегейі болып қалары сөзсіз. Қазақстанның Кеңестегі төрағалық қызметінің алғашқы күні аталған органның қаңтар айындағы жұмысының бағдарламасы ұсынылды әрі еліміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде жұмыс жоспарының басты тармақтары талқыланды. Басқосуда дипломаттар Қазақстан төрағалығының бағдарламасы сапалы дайындалғанына назар аударды. Нақтылай айтқанда, Кеңеске мүше мемлекеттердің өкілдері Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталасты қамтитын Қазақстанның қаңтардағы бағдарламасының мазмұндылығын атап көрсетті. Сол күні Қазақстан бастамасымен БҰҰ тарихында тұңғыш рет Қауіпсіздік Кеңесіне жаңадан сайланған тұрақты емес алты мүше – Кот д’Ивуардың, Экваториялық Гвинеяның, Кувейттің, Нидерландтың, Перу мен Польшаның туларын көтеру рәсімі өтті. Осылайша, Қазақстан БҰҰ ҚК тәжірибесіне Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелерінің туларын көтеру дәстүрін енгізді. Қазақстанның төрағалығымен өткен келесі жиын – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның отырысы болды. Осы жылдың 9 қаңтарында ұйымдастырылған бұл басқосуда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздандыру мәселелері бойынша Жоғары өкіл Изуми Накамицу «Сириядағы химиялық қаруды жою бағдарламасындағы прогресс» атты баяндамасын ұсынды. Сондай-ақ Кеңес мүшелері Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның жұмысын талқылады әрі баяндамада қамтылмаған күрделі мәселелер бойынша пікір алмасты. Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған келіссөздер үшін өз алаңын ұсынған Қазақстан тарапы Сирияда химиялық қаруды қолдану қауіп-қатерін толығымен жоюдың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар осы күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалығымен Конго Демократиялық Республикасындағы жағдайы бойынша тиісті шаралар ұйымдастырылды. Айта кетейік, Африка құрлығында орналасқан бұл елде сонғы 20 жыл аралығында әртүрлі қарулы қақтығыстар болуда. Оларды реттеуге жәрдемдесу үшін Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес БҰҰ тұрақтандыру миссиясы әзірленді. Сондай-ақ Қазақстанның ҚК төрағасы ретінде 13-15 қаңтар күндері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға соңғы жеті жыл ішіндегі алғашқы сапарын ұйымдастырғанын ерекше атап өтуге болады. Сапар барысында аталған орган Ауғанстанды көрші елдермен, ең алдымен Орталық Азиямен өңірлік экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды. Бұл сапар 2010 жылдан бері бірінші рет Қауіпсіздік Кеңесі мүшелеріне Ауғанстан үкіметі күш-жігерінің және осы елдегі тұрақтылықты орнатуға бағытталған халықаралық қоғамдастық көмегінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді. Кездесулердің қорытындысы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері мен Ауғанстан тарапы қауіпсіздік пен дамудың өңірлік және кешенді көзқарастарын қабылдау қажеттілігін атап өтті. Қабулдағы пікірталастар Ауғанстанды маңызды әріптес ретінде қарау қажеттілігін көрсетті. Жалпы, сапар барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері мен ауған тарапы халықаралық қоғамдастықтың, көршілес елдердің Ауғанстанмен, әсіресе терроризмге қарсы күресте ынтымақтасу қажеттілігін атай отырып, өңірдегі үйлесімділікті жақсартуға шақырды. Сонымен қатар, бұл кездесулерде Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіру мақсатында жасаған Астананың көмегі бірнеше рет атап өтілді. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, еліміздің аталған Кеңеске төрағалығының мән-маңызын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің алқалы жиыны жоғары деңгейге көтерді. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде ұйымдастырылған жиында БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерриш өз баяндамасын ұсынды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады. «Орталық Азияның бұл мәртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың Дүниежүзілік ұйымның осы маңызды «үніне» айналдық. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірінші жылы өтті. Біз Кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауғанстан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эритрей жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз», деген Мемлекет басшысы Кеңестің барлық мүше мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ризашылығын жеткізді. Жалпы, осы жиын тұрғысында бұған дейін газет бетінде жеткілікті түрде ақпараттар берілгенін есекере отырып, қысқарта айтар болсақ, басқосуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Мәлімдемеде қазіргі халықаралық қатынастар саласындағы маңызды мәселелер қамтылып, оны шешу жолдары ұсынылған. Мұндай құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретінде алғаш рет қабылданды. Сонымен бірге 18 қаңтарда БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің бастамасымен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексінің алғашқы жобасын таныстыруға арналған жоғары деңгейлі іс-шара өтті. Жобаны таныстыру мен оны талқылауға ұйымның 100-ден аса мүше мемлекетінің делегациясы қатысты. Жиында БҰҰ Бас хатшының орынбасары – Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронков пен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча баяндама жасады. Қазақстаннның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қ.Әбдірахманов еліміздің халықаралық терроризмге қарсы күреске қосқан үлесі ретінде бастамашылық жасаған кодекс бойынша жұмыстың мақсаттары мен негізгі мазмұнын атап өтті. Құжаттың негізгі мақсаты – терроризмнен азат әлем құру мақсатында 2045 жылы БҰҰ-ның жүз жылдығына қарсы контртерроризм бойынша серіктес елдердің халықаралық коалициясын құру. Өз кезегінде В.Воронков қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оны тұрақты дамыту жолындағы Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлін, әсіресе халықаралық қауіпсіздік жөніндегі басты жаһандық органдағы табысты төрағалығын және террористік құрылымдармен қарсы күрес мәселелерімен байланысты үш санкциялық комитетке басшылығын ерекше атап өтті. Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстанның төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында министрлік деңгейіндегі пікірталастар өтті. Шараға Орталық Азия елдері сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, БҰҰ Бас хатшысы және Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты. Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасының БҰҰ ҚК-ге арнаған саяси Үндеуіндегі жеті басымдықтың бірі – Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгілі аумағына айналдыру болып табылатынын жеткізді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның өңірлік бастамасына жоғары баға берді, атап айтқанда су ресурсын басқару, энергетика, инфрақұрылым мен білім саласындағы бастамаларға қолдау білдіретінін айтты. А.Гутерриш сонымен бірге, Президент Н.Назарбаевтың еліміздегі оқу орындарында 1 мыңға жуық ауған жастарын оқыту бастамасын ерекше атап өтті. Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің делегация басшылары ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қауіпсіздік мәселелерін шешу жолында Ауғанстанға экономикалық тұрғыда әсер етудің маңыздылығын атады. Олар Ауғанстанға қауіп ретінде емес, әлеуеті зор әрі келешегі кемел серіктес ретінде қараған дұрыс деді. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда біздің еліміздің жұмсаған күш-жігеріне жоғары баға берді. Жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының Мәлімдемесі барлық мүшелердің бірауыздан қолдауына ие болды. Бұдан бөлек, 23 қаңтарда Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Малидегі мәселелерге арналған ашық брифинг өткізілді. Отырыс барысында Қазақстан делегациясы елдегі қауіпсіздікті нығайту шаралары ұзақ мерзімді тұрақты қаржыландыру, сондай-ақ елдің орталық және солтүстік өңірлерінің даму стратегиясымен бекітілген, кешенді және келісілген экономикалық дамуына жәрдемдесу арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Бұған қоса, 25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан «Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында Кеңестің кезекті ашық пікірталасын өткізді. Жиында Палестина-Израиль қарым-қатынасы ерекше назарда болды. Кеңес мүшелері екі мемлекет басшыларына халықаралық келісімге келуге, Қауіпсіздік Кеңес мүшелері екі жаққа алдын ала шарт қоймай келіссөздерді қайта жалғастыруға шақырды. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері тараптардың араңдатушылық әрекеттерден бас тартып, келіссөздерді жандандыруы керектігін жеткізді. Қатысушы мемлекеттер өкілдерінің көпшілігі АҚШ-тың БҰҰ-ның Палестинаға көмек көрсетуіне берілетін қаржысын қысқартқанына алаңдаушылық білдірді, себебі бұл қаражат Таяу Шығыстағы босқындар шығынының 50 пайызын қамтиды. Ал оның қысқаруы босқындардың онсыз да ауыр жағдайын қиындата түседі. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде мемлекетіміздің Израиль-Палестина шиеленісін екі мемлекеттің қатысуымен шешу формуласын қалайтынын жеткізді. Қорыта айтқанда, біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жасаған төрағалық қызметінде өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап шықты. Бұл өз кезегінде Тәуелсіз еліміздің сыртқы саясаттағы аса ірі қадамы болды.Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Жаңалықтар 02 ақпан 2018 ж. 1 246 0