» » ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗҒАН ЗАМАН НЕМЕСЕ БАЛАНЫ НЕГЕ ҮЙРЕТІП ЖҮРМІЗ?

ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗҒАН ЗАМАН НЕМЕСЕ БАЛАНЫ НЕГЕ ҮЙРЕТІП ЖҮРМІЗ?

Жақында әлеуметтік желіден көңілді тап­қырлар клубының кезекті әзіліне көзім түсті. Кө­рер­­мендердің ішек-сілесі қатып күліп, қос қол­дап шапалақ ұрғанына қарап, айтқан әзілде­рінің өткенін байқайсың. Астарына үңілсек, олар былай дейді:
– Кеудеңе не деген көөөп медаль тағып алғансың? Мынау не медаль?
– «Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері»
– Қойш?
– Не болды таңқалып, мұны кім алмай жатыр?, – деді саспастан біреуі.
Бұл әзілдің астарында үлкен ой жатыр. Қаншама рет осы атақ жөнінде журналистер қалам тербеп, зиялы қауым өкілдері үн қосқан еді. «Арзан атаққа үйір адамдар пәленбай сомға сатып алып жатыр» деген пікірлер тарады. Отандық журналистердің қорықпай қозғағанына қарағанда осында шындық жатыр. Атағы алты атанға жүк болатын дүние­лердің құны кетіп барады. «Атақ алмаған адам қалды ма екен?» деген екіұдай ой келеді. Бұл Абай хәкім айтқандай, мақтангерлік пе екен? Әйтпесе, оңды-солды кездескенге үлестіріп бере салатын «Қайраткерліктің» қайраты осы ма? Сіз де бұған таңғалмассыз. Негізі, біздің айт­пағымыз бұл емес.
Жоғарыда бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғап едік қой. Мектеп – тәрбие, білім берумен қатар, шығармашылықты шыңдайтын кіршіксіз тазалық ортасы, ар мен ақиқаттың алаңы да болуы керек. Себебі, бала ең алғашқы тәрбиені де, білімді де осы жерден алады. Айналаны танып-біледі, өсе келе қоғам қалай қарай бағытталса, сонда икемделе бас­тайды. Қысқасы, жас ұрпаққа не ұсынсаң, ол соны тұтынады.
Елімізде Білім және ғылым министр­лігіне қарасты оқу орталықтарының ұйым­дас­тыры­луы­мен өткізілетін ақылы конкурстар бар. Аты айтып тұрғандай оған қатысушылар алдын ала қаржысын төлеп тіркеуден өтеді. Содан кейін ғана бақ сынай алады. Бұлардың алдыңғы қатарында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Дарабоз» оқу орталығы, аймақтық білімді жетілдіру секілді орталықтар ұйымдастыратын қашықтық және ұлттық интернет олимпиадалары, «Кенгуру», «Золотое руно», «Ақбота» интеллектуалдық марафондары шеп бастайды. Қатысу үшін әр олимпиаданың талабына қарай 500-1000 теңгеден бастап, ал шығармашылық конкурстарға 10000-15000 теңгеге дейін ақша төлеу керек. Тіпті, ақшаңызды «Каспий голд» арқылы да төлеуге мүмкіндік қарастырылған. Бұл оқу орталықтарының қолы ашық. Өйткені, әрбір қатысқан оқушыны да, жетекшісін де, тіпті, ата-анасын да сертификат, «Алғыс хатсыз» қалдырмайды екен. Интернет арқылы қазақстандық оқушылардың білімін жетілдіріп, шығармашылығын шыңдап беретін онлайн тәлімгердің саудасы қызып тұр. Біздің ауданда да бұл сайыстарға қатысушылар көп екен. Аудандық білім бө­ліміне хабарласқанымызда осыған көзіміз жет­ті. «Бізге жоғарыдан хат келеді. Сол хатты сәйкесінше кентішілік, ауылдық жерлердегі барлық мектептерге ұсынамыз. Әрі қарай мектеп мұғалімдері ата-аналардың келісімі бойынша жұмыс жасайды. Егер ата-ана ақылы болса да қатыстырамын десе оқушы қатысады» – дейді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Айдос Бәтенов. Мектептерге хабарласқанымызда, директорлардың ғылыми-әдістемелік және бағдарлы ісі жөнін­дегі орынбасарлары да осыны айтады. Жыл басынан бері бірнеше рет қашықтық олимпиадалар өтіпті. Қатысушылар да көп. Сонда бұл онлайн конкурстардың, ақылы марафондардың пайдалы тұсы қайсы? Егер бала оны алдын ала ақша төлеп сатып алатын болса?! О заманда, бұ заман мектеп оқушысына дәрежелі дипломдарды сатып алып беріп отырсақ, ол баланың бойында нендей қасиет қалыптасатынын біліп отырмыз ба? Өз қолымызбен баланы оңай олжаға, жеңіл іске тәрбиелегеніміз емес пе? Бүгін дипломын сатып алған бала, ертең білімді де, басқасын да сатып алуға болады екен деп ойламай ма? Көк қағазға сатып алынған құр мадақтамалар кімге керек, егер баланың басында білімі болмаса? Озық отыздыққа енуді алдына мақсат тұтқан тәуелсіз еліміздің ертеңін осыған үйретсек, келешектің кемел болуын ойлаудың өзі қиын. Қоғамды жегідей жеген жемқорлықпен бүгін күресудеміз. Бұл – қоғамдық дерт. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Ұрпағымызды осыған бейімдесек, жемқорлықпен бүгін күресіп керегі не? Бүгінгі тал шыбық ертең өркен жайып, тамырын тереңге тартқанда нендей тірлік қылсаң да әлің келмесі ақиқат қой. Бұдан шығар түйін біреу ғана. Білім бүгінгідей кенжелегені былай тұрсын, мына беталысымен болашақта тоқырамасына кім кепіл?.. Бүгін өзіміз жаман әдетке баулып отырған балалар ертең елдің экономикасын емес, қалтасының, қара басының қамын ойлағанда ұлттық рухтың өшкенін көріп жүрмін.
Абай ақын «Адам баласының ең жаманы – талапсызы. Пайда, мақтангерлік, әуесқойлық – шайтан ісі» деген. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев та: «Кейбір қулар қазақтарға бір жапырақ мақтау қағазын беріп, сен мықтысың, кереметсің, бәленсің, түгенсің деп мақтап, өзінің шотына пәленбай долларды аудартып алады. Ғылыми атақты «на всякий случай» деп алғандар көп. «Алда-жалда жұмыстан қуылып кеткенде, бір жерге барып, кафедра меңгерушісі боламын» деп ойлайды. Оның басқа шарасы жоқ. Әрі-беріден соң оның ғылымды дамытуға шамасы да келмейді», – деген еді бір сөзінде.
«Арзан атақты алып ал да, шартарапқа шекеңнен қарай бердінің» кері келіп жүрмесін. Біздікі көпке топырақ шашу емес. Тек, ақиқаттың алаңынан алыстап, әділдіктің ақ туын құлатып алмайық деген ниет қана.
Сөз соңы. Салиқалы ұрпақ, саналы азамат тәрбиелеуде ұстаздың да, ата-ананың да сіңірер еңбегі зор. Перзентіңізге тәрбие беруде нендей қателікке бой алдырып жүрсіз? Қандай қасиеттерді үйретуде, қандай кеңестерді айтуда кеш қалдыңыз? Тиісінше, балаңыздың өмірін қалай қарай бағыттап келесіз? Бұл әрбір ата-ананы ойландыруы тиіс сұрақтар.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
16 наурыз 2019 ж. 415 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930