Құт қызды жағалап жүреді
Қазақ отбасында қыз баланы төрге отырғызады. Мұнысы – ертеңгі күні бөтен үйдің келіні болатын баласына көрсеткен құрметі. Қыз баланы жат жұрттық дейтініміз де сондықтан. Оларға болашақ ана ретінде қарап, барынша ибалы, инабатты етіп тәрбие берген. Сондай тәлім көрген арулар болашақта бүтін бір елдің анасына айналып, күллі жұрт құрмет тұтқан кейуана дәрежесіне жеткен. Нұх пайғамбар жайлы айтылатын мына бір оқиға қазақтың қызды төрге отырғызатын ұғымымен сабақтасып жатыр.
Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Иафес деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Ол да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі. Нұх дастархан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек? Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарханда отырғанда:
– Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Нұх:
– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті.
Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты.
А.БЕК.