» » ЫСЫРАПШЫЛДЫҚҚА ЫНТАҢЫЗ АУМАСЫН немесе төраға пікірінен түйген ой

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚҚА ЫНТАҢЫЗ АУМАСЫН немесе төраға пікірінен түйген ой

БАҚ-та жазылған той жөніндегі пікірталасты қолдаймын. Той мен салтанатты шаралардың форматын өзгерту керек. Кереметтей өтікізіп, ысырапшылық етуді тоқтату қажет. Өзбектерден, түріктерден, түрікмендерден үлгі алу керек. Тойды ұлттық дәстүрге сай жасағанымыз жақсы.
Бұл – ҚР Парламенті Сенатының төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі той­ларға қатысты айтқан пікірі. Қазақ «Жиған-тергенің тойға шашылсын» дегенді тура мағынасында түсініп жүр-ау. Бұл тілектің түп-төркіні жиғаның жақсылыққа жұмсалсын дегенге саятынын әрбір қа­заққа жете ұғындыру қажет. Мейрамханаларда жайылған дастархан мен ондағы кейбір асабалардың той басқару мәнерін бір сәт еске алсаң, төрағаның тұщымды ойын жоққа шығаруға еш негіз таба алмайсыз. Әрине, той да жақсылық. Бірақ, ысырапшылдық басқосудың мақсаты қай­ғы немесе қуаныш екен деп бөліп жармайды. Мұны марқұм болған азаматқа құран бағыштауға арналған кейбір құдайы астан да байқап жүрміз. Бірді айтып екіге кетті демессіздер. Негізгі айтпағым, қазіргі тойлардағы ас та төк астың ысырап болып жатқаны, ондағы кейбір асабалардың мағынасыз сөздері мен ұлттық тәрбиенің тамырына балта шабатын жүйесіз ойындары еді.
Осыдан біршама уақыт бұрын ОҚО-да өткен жас жұбайлардың тойы есте­ріңізде болар. Сонда тойға арналып жасалған алып торт көпшіліктің назарын өзіне аударды. Ресейлік шебер Ренат Агзамов әзірлеген бұл торттың құны – 179 мың АҚШ доллары. Хан сарайы пішіндес торттың диаметрі – 3, биіктігі – 4,2 метр. Бір өкініштісі, бұл өнім бізге шет елден келді. Яғни, 66 млн теңгеден астам қаражат сыртқа кетті. Бұл біздің көзбен көргеніміз ғана. Болмаса, жай ғана торттың өзін сырттан алдырған той иесі бұл жиын үшін қанша қаржыны ысырап қылғанын кім білсін?.. Байдың асын байғұс қызғандының кері деп келеке етпессіздер. Бірақ, ортамен де санассақ, нұр үстіне нұр болар еді. Айтпақшы, бұл торттың құны Ұлыбританияның ханзадасы Гарри мен Меган Марклдың тойына қойылған торттың бағасынан 3 есе қымбат болып шықты. Бәсекелестік те жаңағы ысырапшылдық тәріздес, қай жерден болмасын шыға келеді. Бұл жағдайдан кейін қазақ тойларында 150-200 келі тартатын торттардың дастарқанға қойылғанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Жалпы, шығындалудан шет қалмайтын тұсымыз болса, ол той болды. Осы ретте білім саласына жиі енгізетін реформа қазақ тойына да қажет сияқты. Себебі, біздің жиындағы дастарқан мен жасалатын кәде-кәуметтің барлығы ысырапшылдыққа ынтасы ауып тұр.
Жолдасымыз үйленетін болып, той басқаруға қай асаба тәуір екен деп әлеуметтік желіден қарап едік. Онда толған асабасымақ бауырларымыздың жүйесіз сөздері мен анайы ойындары жау­лап алыпты. Бір тойда асаба жерде аунап билеуден жарыс ұйымдастырып жатыр. Қазақ та қызық қой, талап солай екен деп, жата қалып жер бауырлауда. Жұрт күліп жатыр, олар күлген сайын қатысушылар жерге аунауын үдете түседі. Соған қарағанда күлдіріп жатырмыз деп ойлайды-ау, басқаша болжайын десең, күлкі болып жатқанын біреуі байқамайды.
Жалпы, асабалардың той басқару мәнеріне қатысты талай теріс пікір айтылып жүр. Бірақ, бұл көзқарасты олар негізсіз деп тапқан-ау, шамасы. Болмаса, қазіргі қазақ тойындағы мағынасыз сөздер мен жүйесіз әзілдер жүйкеңді жұқартады. Білім болмаған тұста қазақ ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді кейінгі ұрпақ бойында осы той арқылы жаңғыртты емес пе?! Ал, білім дамыған тұста жиын-тойларда құлдырағанымыз қалай? Осы тұста той, салтанатты жиындарды өткізуді бір жүйемен заң арқылы бекітпесек, та­ғы­лымнан жұрдай болар түріміз бар. Аса­балардың бір-екеуін сөзге де тартқан едім. Олар «Қазір жұрт жеңіл әзілге жақын. Сондықтан, олардың талғамына сай жұ­мыс жасаймыз» дейді. Негізі талапқа сай жұмыс жасау тек бизнесте басты рөлді атқарады. Әрине, қазіргі таңда асабаны да кәсіпкер ретінде танып жатырмыз. Бірақ, ұлттық тәрбиеге қатысты мәселеге келгенде талғам бағыт беруші жағында болуы керек.
Негізі тойларда ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырса игі іс болар еді. Бұлай көпшіліктің көңілін аулау көз алдыңа ертегі болып елестейтін шығар. Бірақ, кезінде қазақ тойлары осындай сайыстарымен қызық болған. Асабаларға енді ұлттық ойындар арқылы қонақтың көңілін аулау қиынға соғар. Алайда, тартымды дүниелерді ел жадында қайта жаң­ғыртқаны дұрыс. Ал, дастарқан жайына келсек, жағдайы төмен отбасы да, ауқатты әулет те бір деңгейде қонағына ас ұсынуы қажет. Себебі, жұрттан қалмаймын деп шығынға батып жатқан отбасыларды көзімізбен көріп те жүрміз.

К.БОЛАТ.

22 қыркүйек 2018 ж. 804 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930