Дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық керек
Былтыр жергілікті шаруашылықтар Сырдың басты салысынан мол өнім алып, жылдағы дәстүрді жалғай білді. биыл да солай болады деп сенеміз. Бұл өз кезегінде аграрлық аймақтың әлеуетін арттыруға сеп болып отыр. Жалпы, Жалағаш ауданы Жер-ананың берген ырзығын ысырап қылмай жинап алып, келер жылдың қамын жасауда қарап қалмайды. Дегенмен, аса қатты болмаса да өткен жылы шаруашылықтар үшін судан аздап тапшылық байқалған еді. Биыл да солай болатын сыңайлы. Осы ретте су тапшылығына байланысты ауданның бірқатар елді мекеніндегі күріш алқаптары қысқартылады. Мәселен, Жаңаталап, Аламесек, М.Шәменов ауылдарын қоса қамтығанда барлығы 200 гектар күріш егістігі қысқартылады деп күтілуде. Бұл туралы аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов баяндады.
Биыл аудан бойынша 36 749 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 21 800 гектары – күріш. Басқосуда алқап көлемі қысқарғанымен мол өнім алу үшін тиісті жұмыстар атқарылатыны айтылды. Ал, тұқым дайындау жұмыстарына келсек, биылғы егіс үшін 5 500 тонна тұқым қамбаға құйылды. Бұйыртса, Сыр салысының түрлі сортын Жер-Анаға табыстар күн де алыс емес. Шаруашылықтардың барлығы көктемгі егін науқанына дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
Көктемгі дайындық жұмыстарының қыр-сыры қаралған мәжілісте аудан басшысы жергілікті ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстарының тиімділігіне тоқталды. Тіпті, мұндай жұмыстар жүргізілген бірқатар аймақтарда толымды тірліктің жүзеге асып жатқанын да жеткізді. Сонан соң шаруашылық басшылары өздерін мазалайтын сауалдарын ортаға салып, шешімін табудың қамына кірісті. Мұнан кейін күн тәртібіндегі келесі мәселеге кезек берілді.
Жалағаш соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша облыста аудандар арасында көш бастап келеді. Өткен жылы да мектеп түлектері ұстаздарының артқан сенімін ақтай білді. Мұның бәрі бірінші кезекте атқарылған жұмыстың сапалылығының жемісі деп білеміз.
2017 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңмен жүзеге аса бастады. Тестілеудің екі тәсілі бойынша да түлектеріміз оң нәтиже көрсетіп келеді. Биыл да жақсылық жалғасын табады деп сенім артамыз. Осы жылы 28 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп базасында өтетін қорытынды мемлекеттік аттестаттауда мектеп бітірушілері ана тілінен эссе, Қазақстан тарихынан, алгебра және анализ бастамаларынан, орыс тілінен (қазақ тілі) және таңдау пәнінен емтихан тапсырады. Ал, 20 маусым мен 5 шілде аралығында ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірушілер тестілеуден өтеді.
Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу форматы биыл еш өзгеріссіз. Бірақ, биылғы оқу жылындағы бір ерекшелік жоғары оқу орындарына түсу үшін жылына 4 рет ҰБТ өтеді. Қаңтар, наурыз, тамызда өтетін ҰБТ ақылы негізде түсушілер үшін арналған. Бірақ, қаңтар мен наурыз айларында болатын ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілер маусым айында өтетін ҰБТ-ға және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады. Сонымен қатар, ҰБТ-ға қатысушының ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаты болса, ол «Шет тілі» пәнін тапсырудан босатылады.
Биыл аудан бойынша 287 бітірушінің қаңтар айындағы ҰБТ-ға 111-і қатысты. Енді келесі тестілеу 24-29 наурыз аралығында өтеді деп жоспарлануда. Тестілеу 3 міндетті және талапкердің таңдаған мамандығы бойынша бейінді 2 пәннен тұрады. Тест тапсырмалары оқушылардың функционалдық сауаттылығын, логикалық ойлау қабілетін, мәтінді оқи, түсіну, талдай білу деңгейін, пәндерді терең меңгеруін анықтауға бағытталған. Онда ұсынылатын 120 сұрақтан мүмкін болатын 140 балдың 50 балын жинаған талапкер жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік алады.
Былтыр аудан бойынша 246 түлек ҰБТ-да өз бақтарын сынап, білімдерін ортаға салды. Нәтижесінде, орташа балл 87,5-ті құрады. Сондай-ақ, өткен жылы 344 бітірушінің 334-і жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті. Бұл бітірушілердің 97,1 пайызын құрайды. Ал, жаңағы ҰБТ-ға қатысқан 246 бітірушінің 189-ы мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Бұл – үлкен жетістік.
Жастардың білімін одан әрі жетілдіруіне жұмыс жасауда жалағаштық ұстаздар аянып жатқан жоқ. Жемісін де көріп келеді. Биылғы оқу жылында да талапкерлерді 151 мұғалім дайындауда. Енді сол нәтиже қайталанса дейміз.
Басқосуда өткен тестілеулерде төмен балл алған оқушылары бар мектеп директорларына мұндай олқылыққа алдағы уақытта жол бермеу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, аудан басшысы білім нәрін оқушының санасына сіңіруде аянбай еңбек етіп жатқан ұстаздар қауымының да жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Бердібек Нұрмаханов аудан бойынша мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында анықталған кемшіліктерге кеңінен тоқталды. Мұндай олқылықтардың орын алуы бір бөлімде бірнеше рет қайталанған кездер де болған. Сондықтан, аудан әкімі алдағы уақытта тиісті сала басшыларына жауапкершілікпен жұмыс жасау қажеттігін ескертті.
Жиында мұнан бөлек тағы екі мәселе қаралып, мемлекеттік органдардың интернет ресурстарын мониторингілеу нәтижесі айтылып, сенбілік жұмыстарының да сапалы өтуі басты назарға алынды. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі атқарылған жұмыстың аз емес екенін жеткізіп, әлі де жүзеге асуы тиіс шаралардың барын жоққа шығармады.
К.БОЛАТ.