» » Елімнің сәулетті шаһары

Елімнің сәулетті шаһары


НҰР-СҰЛТАН – БОЛАШАҚ ҚАЛАСЫ
Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаштың ас­қақ айбары – ару Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Бұл да еліміз үшін тарихи шешім деуге болады. Астана атауының өзгеруі сарабдал саясаттың арқасында жеткен жетістіктерімізге, жасампаз, жастар қаласының негізін қалаған Тұңғыш Президентімізге деген құрметтің белгісі. Нұр-Сұлтанның болашағы жарқын, келешегі кемел. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – Қазақстанның жаңа әлемдегі жарқын бейнесі, батыс пен шығысты жалғастыратын алтын көпір.
Иә, әлем елдерінің назары Нұр-Сұлтанға ауғаны қашан. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы мемлекетіміз саяси оқиғаларды бастан кешіріп, ірі бастамаларды қолға алып, сол жолда егемен ел ретінде өз тарихын қалыптастырып үлгерді. ХХ ғасырдың аяғында, өткір әлеуметтік және шаруашылық қиындықтар кезеңінде Рес­публика Президенті батыл шешім қабылдады. Елбасы тәуекел еткен бұл қадамның саяси-экономикалық маңызы терең еді. Астананы қиырдағы Алматыдан жер кіндігіндегі Ақмолаға көшіру арқылы қазақ тәуелсіздігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Бұл идеяның астарындағы көрегендікті жылжып өткен жылдар айқындап жатты. Есіл жағалауынан орын тепкен елордаға қарап, өңірлер бой түзеді. Мемлекетке еш қиындық туғызбастан, респуб­ли­ка көлемінде алып құрылыстар басталып, тоқырай бастаған өндірістер қайта жанданды. Жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, ел экономикасы артты. Ежелгі Есілдің жағасында көрікті, жас қала қанат жайды. Осымен қазақ елі әлемдік өркениетке үлес қоса алатын қабілетті ел екенін дәлелдеді.
Нұр-Сұлтанның келбетін жасау үлкен талап пен жаңашылдықты қажет етті. Президент архитектурасы жағынан өзгеше, келешек ұрпақтың көңілінен шығып, уақыт сүзгісінен өтетіндей осы заманғы технологияларды игеруді, озық шешімді талап етті. Алайда, мұндай күрделі де ауқымды міндет дүниежүзілік архитектуралық және құрылыс мәдениетін игергенде ғана заманауи қаланың бой көтеретіні белгілі еді. Сондықтан да, бұл жұмысты қолға алу үшін, Нұр-Сұлтанның бас жоспарын айқындауға әлемге танымал дарынды сәулетшілер жұ­мылдырылды. Осыншама идеяның, ау­қымды бас­тамалардың нәтижесінде шырайлы ша­һар, әсем қала – Нұр-Сұлтан сән-салтанатымен бой түзеді. Елорданың сәулеті ХХІ ғасырдың алып алаңына айналғандай. Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтатын жетістіктер мен мақтанышпен баяндайтын тарих тағылымы да бүгінгінің мол мұрасына айналды. Егемен Қазақстанның жаңа астанасында сән-салтанаты жарасқан, сәулеті келіскен әсем ғимараттар бой көтерді.

АЛҒАШҚЫ АСТАНА

Ел астанасы – Қазақстанның саяси-әкім­шілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы. Қазақ елінің өз саясатын жүргізетін, өз даму үрдісін айқындаған, бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы – тәуелсіздіктің жемісі. 1920 жылы 22 қыркүйекте Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылған соң, 1920-1925 жылдары Орынбор Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген, Сырдария және Жетісу облыстары және Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. Астананы Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жөнінде қаулы қабылданып, алайда Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілген болатын. Содан соң, 1925 жылы 9 ақпанда мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке ауыс­тыру туралы қаулы қабылданды. Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ» деп, «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда қаласы деп өзгерту туралы қаулы қабылданды. 1925 жылы мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына, Қызылорданы Қазақстанның сая­си, экономикалық және мәдени орталығы ретінде орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов сынды бірқатар қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Осылайша, Қызылорда қаласы 1929 жылдың мамыр айына дейін «Қазақ АКСР-нің» астанасы болды.
Мұнан соң, Жоғарғы билік өкілдері Сыр өңірінің экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз деп тауып, ел астанасын Алматыға ауыстыру жөнінде қаулы қабылдады. Елорданың Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір теміржолының іске қосылуы да тікелей әсер еткен. Ауа райы қолайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Астана болған жылдары Алматы миллионнан астам халқы бар, жан-жақты дамыған әсем де шырайлы шаһарға айналды.
Сонымен, 1991 жылы Қазақ елі тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен кейін, ел астанасын оңтүстік-шығыстан орталыққа көшіру мәселесі көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жаңа астананы орналастыруға оңтайлы жерді, қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аймағы мұқият зерттелді. Зерттеу нәтижесінде барлық жағынан қо­лайлы деп танылған Ақмола қаласы болды. Зерттеуші арнайы топ бұл қаланың орналасқан жері сәулетшілік тұрғысынан кез келген жобаны жүзеге асыруға толығымен мүмкіндік береді деген. Мамандардың бағалауы бойынша Ақмолада тұрғын үйлер мен әкімшілік, іскерлік ғимараттарын салу бағасы да Алматымен салыстырғанда едәуір арзанға түседі деп топшыланған.
Қазақстанның жаңа астанасын салу – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі идея. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Мұнан соң, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілген болатын. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Содан бері 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алып, 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. Жалпы, Қазақстан астаналарының тарихы өте бай. Әрқайсысының ел игілігі, дамып өркендеуі үшін қосқан үлесі зор. Сол жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің бас қаласы болып қалыптасып, мемлекетте жаңа, жас қаланың іргетасы қаланды.
НҰР-СҰЛТАННЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасынан орын тепкен Нұр-Сұлтанның бүгінгі келбеті – әлем жұртшылығына аян. Жас қала, қазіргі таңда түрлі форумдар мен саяси жиындар өтетін маңызды орталыққа айналды. Экономикасы мен мәдениеті қарыштап дамудың даңғыл жолына түсті. Күн сайын келбеті артып келе жатқан шырайлы шаһарда бой көтерген зәулім сарайлар мен жаңа ғимараттар да аз емес. Қалаға ат басын бұрып, табан тіреген шетел азаматтары жас қаланың әсемдігіне тамсанып, көкпен таласқан «Бәйтерек» монументіне бас сұқпай кетпейді. Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулетті орындардың алғашқы сапында «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайы» және «Қазақ Елі» монументі тұр. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы еліміз үшін маңызды, саяси форумдар мен үлкен басқосулардың мекеніне айналды. Ел Президентінің резиденциясы – Ақорда әсем де, салтанатты келбетімен қаланың ажарына сән қосып тұр. Мемлекеттік маңыз беретін ең айшықты ғимарат, оның ішкі сәулеті де ұлттық өнер мен дәстүрге мол. Осы ғимараттардың өзі тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың белгісі іспетті.
Нұр-Сұлтан қаласының 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен шыққан белестері аз емес. Қазақстанды әлемге танытқан Елорданың даму жағдайы да, архитектуралық құрылысы да ерекше. Нұр-Сұлтан қаласы арқылы әлем жұрты Қазақстанды таныды. Аз уақыт ішінде азаттықпен қатар, ел іргесінің беріктігін қалап, береке-бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет атандық. Өз патшасы, өз саясаты, ұлан-байтақ жері мен кеңпейіл халқы бар – Қазақстан әлемдік аренада өзін танытты. Оған бірден-бір себеп болған «Экспо – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі. Айтулы көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 115 мемлекет қатысып, әрқайсысы өзінше болашақ энергиясының қайнар көзін ұсынды. Дүние жүзіне есігін айқара ашқан Елордамыздың әсем келбетіне тамсанбаған адам жоқ. Төрткүл дүниеге Қазақстанның дербес мемлекет екендігін, бәсекеге қабілетті екендігін тағы да бір дәлелдеді. Елорданың көз сүйсіндірер әсем көркін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол – тәуелсіз мемлекеттің Елордасы ғана емес, сондай-ақ қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Елорда – біздің арман-тілектеріміздің жүзеге асуының белгісі.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев аса үлкен жауапкершілікті мойнына алып, соңына дейін жеткізе білді. Тәуелсіздік алған жылдары жаңа, азат мемлекеттің негізін қалау, өз саясатын қалыптастыру секілді қиын да күрделі кезеңнен халықты алып шықты. Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегі мен жүйелі жұмысы ел жадында. Қайсар мінезі мен көрегенділігінің арқасында тарихи дүм­пулерден мойымай, жаңа қаланың құрылысын қалады. Елорда – тәуелсіздігіміздің бойтұмары, бүкіл қазақстандықтардың ортақ мақтанышы, достық пен бейбітшіліктің мекені. Әлем елдері тамсанып қарайтын ару астанамыз бұдан әрі өркендеп, тек жақсылыққа қадам бассын дейміз.

Нұр НАУАН.


27 наурыз 2019 ж. 1 025 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930