» » ТАПСЫРМА АЯҚСЫЗ ҚАЛАДЫ, НЕГЕ?

ТАПСЫРМА АЯҚСЫЗ ҚАЛАДЫ, НЕГЕ?

Қазір басшыларға, оның ішінде ауыл әкімдеріне қойылар талап жоғары. Ауылға басшылық ететін әрбір азамат елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта отырып, өз аймағында қылмыстық және қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерге де жол бермеуі тиіс. Өйткені, бүгінгі кезең басшы болып, төрге шығып, бас мүжіп отыратын заман емес. Қазір иненің ұшымен жүріп, тынбай еңбек ететін кез. Бұл туралы аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды.
Комиссия отырысына аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, сондай-ақ, мекеме, бөлім басшылары мен комиссия мүшелері және ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібінде аудан бо­йынша мал ұрлығына тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан шаралар және аудан көлемінде заңсыз есірткі егу фактілерін болдырмау, егілуі мүмкін жерлерді анықтау, олардың алдын алуды ұйым­дастыру жөніндегі мәселелер қа­ралды.
Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімі ал­ғашқы мәселе бо­йынша біраз ауыл әкімдерін орнынан тұрғызып, пада ұйымдастыруға қарекет етпегендерді сынады. Негізі, бәрімізге мәлім қазіргі таңда мал ұрлығына қатысты қылмыс саны азаймай отыр. Бөтеннің мүлкіне көз алартқандар көбінесе өрістегі малдарды қолды қылады. Сондықтан, мал ұрлығының алдын алу және жайылым жерлерде болдырмау мақсатында тұрғындар өз мүлкіне сақ болып, пада ұйымдастыру керек. Осыған орай, өңір басшысы кент және елді мекендерде малдарға пада ұйымдастыру мәселесін бұған дейін де айтып келеді. Енді бір ай уақыт ішінде ауыл әкімдері пада ұйымдастыру мәселесін бір жолға қоюы тиіс. Осылай деген аудан басшысы оларға соңғы ескерту жасады.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ақаділов мал ұрлығына тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баян­дады.
– Мал ұрлықтары қоралардан және біраз бөлігі мал жайылымдарында қараусыз жүргендіктен жасалған. Бұл қылмыстардың жасалуына ықпал еткен бірнеше себеп бар. Елді мекендерде қорадан ұрланған төрт түліктің көбі мал қоралардың үй ауласынан тыс жерлерде салынуы және ешқандай қауіпсіздіктің сақталмауынан болып отыр. Сонымен бірге, малдарды падамен бақпайды, соның салдарынан автокөлікке арналған тас жолдарға қараусыз, иесіз жүрген малдар шығып, көп жағдайда тек ұрлық қана емес, жол көлік оқиғаларының орын алуына да бірден-бір себеп болуда. Мәселен, Шиелі ауданының Төңкеріс, Нартай Бекежанов ауылдарында барлық малдарды бірнеше жылдардан бері тоқтатпай қысы-жазы падамен бағу нәтижесінде, соңғы 3 жылда мал ұрлығы орын алмаған. Біздің аудан көлемінде осындай нәтижеге қол жеткізу үшін, осы ауылдардың тәжірибесін қолдану қажет деп ойлаймын, – деді Н.Ақаділов.
Баяндамашының сөзінше, биылғы жылы ең көп мал ұрлығы тіркелген Аққұм ауылы екен. Бұған өткен жылғы ашылмаған мал ұрлығына қатысты 3 деректі қосыңыз. Негізі, бұған дейін ауыл әкімі берілген тапсырмаға сәйкес осындай қылмыстың алдын алу үшін 3 бағытта пада ұйымдастыру керек болатын. Бірақ, әлі күнге дейін пада мәселесі шешімін таппаған. Басқа ауы­лдарда осы бағыттағы жұмыстар ақсап тұр. Өңір басшысы тапсырмаға салғырт қараған әкімдерге енді тиісті шара көрілетінін де ескертті.
Сондай-ақ, аудан әкімі полиция бастығына орын алған қылмыстарды жедел ашуды, мал ұрлығын болдырмауға қатысты шараларды күшейтуді тапсырды.
Мұнан соң аудан көлемінде заңсыз есірткі егу фактілерін болдырмау, егілуі мүмкін жерлерді анықтау, олардың алдын алуды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар жайлы айтылды. Мәселен, 2017 жылы сора өсімдігіне қатысты 9 қылмыс тіркелсе, былтыр 8 қылмыс орын алған. Ал, биыл бұған қатысты қылмыстық деректер анықталған жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция органдарымен бірлесіп ауыл әкімдері рейдтік шаралар ұйымдастыруы қажет. Жалпы, нашақорлыққа қарсы тұру, оның алдын алу – әрбір адамның міндеті. Сондықтан, бұл дертпен күресте бірлескен әрі батыл шаралар қабылдану керек. Жиында осы сынды мәселелер көтерілді.
Басқосу соңында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты жауапты басшылар мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жиынды қорытындылады.

Н.ҚАЗБЕКОВ.
02 сәуір 2019 ж. 731 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930