» » ҚҰДАЙҒА ШҮКІР, НЕСИЕ АЛАТЫН ЖАСҚА ЖЕТТІМ!

ҚҰДАЙҒА ШҮКІР, НЕСИЕ АЛАТЫН ЖАСҚА ЖЕТТІМ!

Жаһанданып бара жатқан бүгінгідей қоғамда қаржылық мәселенің басым бөлігі несиемен шешілетіні ешкімге жасырын емес. Үй алса да, көлік мінсе де, тіпті, той жасаса да банктердің қызметіне жүгініп, қарызданатындарды көзіміз көріп жүр.
Өмір болған соң түрлі жағдай кездеседі. Тойдың өзін бәсекемен өткізетін халқымыз тұтынған заты мен киген киіміне дейін өзгелермен салыстырып отырады. “Заманына қарай адамы” деп мұның бәріне көз де, құлақ та үйренді.
…Жақында таксиде келе жатып екі жас жігіттің әңгімесін естідім. Арнайылап тыңдамайсың-ау, бір көлікте келе жатқаннан кейін естігің келсе де, келмесе де амал жоқ. Мақаланы жазуға түрткі болған осы диалогтан үзінді келтіре кетейін.
– Бүгін сенің туған күнің екен ғой.
– Иә, қайдан естідің?
– «Фейсбуктен» оқыдым.
– Иә, 21 жасқа толдым.
– Құтты болсын.
– Рахмет. Құдайға шүкір, несие алатын жасқа жеттім.
Көзі қарақты оқырман қысқа ғана диалогтан осы бір ойтүрткіге ненің себеп болғанын аңғарып отырған шығар. Мәселенің мәнісіне үңіліп, әлгі жігітті жаңа жасымен құттықтап, несие алу туралы ойыммен бөлістім. Несиені не болса соған алуға болмайтынын, мақсатсыз ақшаның бей-берекет жұмсалатынын жеткізгендей болдым. Ол болса бұл мәселеге басқа қырынан қарайтынын, жаңа үй, жақсы көлік, тіпті, тәуір телефон ұстау үшін де ақшаның қажеттігін айтумен болды. Оның ойымен келіспеске лаж жоқ. Жас болса да барлығын дұрыс айтып отыр. Бірақ, әдемі дүниеге қызығамын деп, несие беретін қаржы ұйымдарына қарызға кірмесе дедім.
Бүгінде аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың айрықша жобалары жүзеге асуда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу және жалпы ішкі өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін көбейту үшін облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасы өткен жылды жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялаған болатын. Естеріңізде болса 2018 жылғы 6 айда атқарылған жұмыстың нәтижесімен игі бастама үш жылға ұзартылды. Мемлекеттің көрсеткен қолдауын сезініп отырған азаматтар кәсібін дөңгелете бастады. Бұл қатарда жастар да баршылық. Әлгі жігіттерге осы жайды айттым. Несие алса, оны бір мақсатқа пайдаланып, кәсіпкерлікпен айналысу қажеттігін ескерттім.
… Менің сөзім бұл жігіттерге қаншалықты өтімді болғанын білмеймін. Бірақ, “несие алатын жасқа жеттім” деп қуанған дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

А.БЕК.

16 сәуір 2019 ж. 1 118 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930