25 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар
Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні (ДДҰ).
Безгек әлем халқының 40 пайызына қауіп төндіруде. Жыл сайын 500 миллионнан астам адам безгекпен ауырып, бір миллионнан астамы осы кеселден көз жұмады. Ең ауыр ахуал Африканың Сахара және одан арғы оңтүстік аумақтарында қалыптасқан. Бірақ бұл індет адамдарды Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, тіпті Еуропаның кейбір бөлігінде жалмайтын көрінеді.
1922 жылы Қапал уезінің атауы Талдықорған болып өзгерді, ал орталығы Гавриловка селосы болды.
2001 жылы Ыстанбұлда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.
2007 жылы Қазақстанда алғаш рет «Сentras Private Equite Fund» тікелей инвестиция қоры ашылды. Бұл қордың басты инвесторы Еуропалық қайта құру және даму банкі. Қордың негізгі инвестициялары бастапқы кездегі немесе бизнестің даму кезеңінде тұрған шағын және орта бизнес компанияларын дамытуға бағытталады. Қордың мақсатты секторлары болып банктік емес қаржылық қызмет, азық-түлік, бөлшек сауда, телекоммуникацияның баламалы қаражаты, құрылыс материалдары өндірісі табылады. Қордың негізін қалаушы және инвестициялық менеджері «Ceнтрас Cекьюритиз» АҚ.
2007 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Мұнай мен газ институтының жанындағы Геологиялық ғылымдарды зерттеу орталығы ашылды. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған.
2009 жылы Алматыдағы қалалық әкімшілігі ғимаратының алдында Сакура аллеясының салтанатты ашылу рәсімі болды. 2008 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде Сакура көшеттерін Қазақстан халқына сыйға тартқан болатын. Хоккайдо аралынан сакураның 9 түрі алынған, ондағы климат Алматының табиғатына ұқсас.
2012 жылы Американың Лас-Вегас қаласында өткен CinemaCon фестивалінде Тимур Бекмамбетов жылдың үздік шетел режиссері атанды.
2014 жылы Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кедендік ынтымақтастық бойынша арнайы жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
2017 жылы АҚШ-тағы Қазақстан Елшісі Ержан Қазықанов Президент Дональд Трампқа сенім грамотасын тапсырды. АҚШ Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қызығушылық білдірді.
1901 жылы Нью-Йорк штатында әлемде алғаш рет автомобиль нөмері енгізілді.