Соңғы хат
Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгер Қанатша Төлегеновтің баласы Жаһанша мен келіні Тынышкүл – бұл күндері сексеннен асқан қариялар. ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл болғанымен Жаһанша ақсақал көкесінің майданнан өз қолымен жазған хаттарын осы күнге дейін көзінің қарашығындай сақтауда. Қанатшаның арабтың төте жазуы мен латын және кирилл әріптерімен елге жөнелткен хаттарына қарап, үш бірдей алфавитте жаза білген өз заманының көзі ашық азаматы болғанын байқауға болады. Қанатша келіні Тынышкүл қайын атасының майданнан елге жазған бір топ хаттары мен басқа да құжаттарын музейге тапсырғысы келетіндігін айтқан соң сол кісілердің үйіне барып, біраз жәдігерлер жинақтап қайттық.
Соғыстан елге оралмаған солдат Қанатша Әлмаханұлы Төлегенов 1910 жылы осы күнгі Т.Жүргенов, Мақпалкөл ауылдары төңірегінде дүниеге келген. 1944 жылы Ленинград майданында жүргендігі жөніндегі соңғы хатынан соң хабар болмаған.
Төлегеннен Әлмахан, Құлмахан және Әбжәлел туады. Әбжәлелден Әбуләйіс. Құлмаханнан Мүсілім, Сансызбай. Төлегенұлы Әлмахан мен жары Танабайқызы Күнғаншадан Бодыбай, Қанатша және Асан туады.
Әлмаханның үш ұлының үлкені Әлмаханұлы Бодыбай 1904 жылы дүниеге келген. Аяғы ауыратын болғандықтан денсаулығына байланысты соғысқа қатыспаған. Бодыбайдан Амангелді, Ікірамша, Зина, Тиышбек пен Әлия деген үш ұл, екі қыз тарайды.
1920 жылы дүниеге келген Әлмаханұлы Асан да 1941 жылы соғысқа аттанып, елге оралмаған. Жаһанша ақсақал әкесінің туған інісі Асан бауырының да біраз құжаттарын музей қорына тапсырды.
Ескі куәліктерді ақтара отырып 1935-1936 оқу жылында Асан Әлмахановтың Жаңаталап колхозындағы мектепте білім алып жүрген кезіндегі үлгерімі туралы куәлігі, Оқу Халық Комиссариатының оқу жылындағы кластан класқа көшу туралы куәліктері, 1939 жылы Мәдениет ауылы Қара-төбе орталау мектебінің оқушысы Асан Әлмаханов «өте жақсы» оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін осы мектептің оқу бөлімінің ұстазы Райымбаев пен мектеп директоры Шындәулетов қол қойған Қаз ССР Оқу Халық Комиссариатының атынан берілген Мақтау Грамотасы мен аталған мектепті «өте жақсы» деген бағамен және мінез-құлқы да «өте жақсы» деген мінездемемен бітіргендігі туралы куәліктерін қолымызға алдық. Осы жерде артында ұрпақ қалмаған Асан есімді Ұлы Отан соғысы солдатының латынша жазылған мінездемесін қаз-қалпында бере кетуді де жөн көрдік: «Характеристика. Берілді осы характеристика комсомол Асан Әлмахановқа, себебі: Бұл жолдас 1937 жылдан ВЛКСМ-ның мүшесі. 1938-39 оқу жылында «Қара-төбе» орталау қазақ мектебінің VІ класына өтеді. Оқу майданында «отлично». Оқумен қатар мектеп көлемінде комсомолда бар және комсомолда жоқ жастардың арасында саяси оқу прапоганда қызмет атқарды. Мектеп көлемінде ойын-сауық және басқа қоғам жұмыстарынан бас тартқан емес. Комсомолдық міндетін орындап, күрделі қызметін ойдағыдай атқарған. Характеристика беремін (бастауыш білімінің состав отырысының қаулысы бойынша) үгіт жұмысында жақсы қызмет атқарғаны үшін. Қара-төбе орталау қазақ мектебінің бастауыш комсомол ұйымының секретары Атағаев». Ұлы Отан соғысынан біздерге жетіп отырған бұл таптырмас жәдігерлер музейіміздің құнды экспонат санын молайтары сөзсіз.
Қанатша Төлегенов ауылдық мектепте білім алған. Соғыс басталмас бұрын Калинин ауылдық кеңесінде есепші, хатшы, одан соң салық жинаушы болып қызмет атқарды. Қаржы бөлімінде Қанатша соғыстан бронмен босатылғанына қарамастан 1942 жылғы 16 маусым күні Ұлы Отан соғысына Тереңөзек аудандық әскери комиссариаты арқылы өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Соғысқа кеткен Қанатшаның артында Құдай қосқан жары Марқабайқызы Мәшен, бес жасар ұлы Жаһанша, екі жастағы Дина мен қырқынан шықпаған Ақтыныш атты қыздары қалады. Жаһанша мен Ақтыныштың ортасында 1940 жылы дүниеге келген Дина есімді қызы Балажарма каналына суға кетіп қайтыс болады. Ер азаматтары түгелге жуық майданға аттанған ауылдың қатын-қалаш, бозбала-бойжеткеннің барлығы дерлік таңның атуы мен күннің батуына дейін «Барлығы да майдан үшін!» деген ұранмен колхозда жұмыста жүрген қиын-қыстау кез туады. Азаннан кешке дейін шешелері колхоз жұмысында болса, әжелері немерелерімнің аузы майға толмаса да қауын-қарбызға тойдырайын деп, осы ауылдың үлкендерімен қосылып кетпен шауып, егін салады екен. Жүгері, бидайдан бадынақ, әңгелек, қауыннан қауынқұрт пен қауыншек жасап ашқұрсақ балалар қамын еш естен шығармастан ала жаздай жер шұқылайды. Өнім мардымсыздау болған жылдары санасын уайым билесе, егінді молырақ алған жылдары маңдай терінің қайтқанына қуанышта жүретіні айтпаса да белгілі жайт. Қанатшасының балапандары аяққа тұрып, қолы аузына жетсе бір белестің бағынғаны емей немене?!
Сондай күндердің бірінде енді ғана аяғын тәй-тәй басып жүрген Ақтыныш пен үш-төрт жасар Динаны Күнғанша әжесі ойын баласы болғанымен үйдің үлкені деп Жаһаншаға әдеттегідей тапсырып кетеді. Күндегідей егін басындағы әжесіне барып, әңгелек алып қайтпақшы болған сол күні Жаһаншаның соңынан үш-төрт жасар Дина да ере кетеді. Соңында келе жатқан қарындасынан көз жазып қалған ағасы жұртшылыққа дабыл қағып, барлығы кішкентай қызды іздей бастайды. Балажарма көпірінен суға құлап түскен бөбек ағыспен төменірек жылжып барып, арықтың жағасында етпетінен жатқан жерінен табылады. Бала жазымы осылай болған соң не шара?
Шүкір, осы күндері Қанатшаның аман қалған ұл-қызы елге сыйлы, абыройлы болып үрім-бұтағы бәйтеректей өсіп отырған жайы бар. Барлығы бір Алланың, одан соң соғыс уағында және соғыстан кейінгі қиын кездері қарасып қол ұшын берген ағайын-туыстың арқасы.
Соғыс кезінде жазған хаттарын солдаттар конвертке салмақ түгілі, хат жазатын қағаздың өзі тапшы болғаны мәлім. Сол себептен, жазған қағазды үшбұрышты етіп бүктеп сыртына мекен-жайын жазып, керекті адреспен хат қылып жөнелтіп отырған. Қанатшаның баласы Жаһаншаның айтуынша, майданда жүрген әкесі бауырмал кісі екен. Хаттарында ауылдың кәрі-жасының хал-жағдайларын ылғи сұрастырып, дұғай, сәлем жолдап отыруды еш естен шығармайды екен. Солдаттың елге жазған хаттары төмендегідей бөліктерге: қызы Ақтынышқа, Жаһанша ұлына, бауыры Бодыбайға, аяулы жары Мәшенге, Мүсілімге, 1942 жылы жазған хаттары, 1943 жылы жазған хаттары, басқа да туған-туысқандарына жазған хаттары және ең соңғы 1944 жылы жазған хаттары деп, топтастырылыпты. Хаттарының өте көнелігіне қарамастан әрқайсысы бөлек-бөлек қағазға салынып мұқият сақталыпты. Хаттарды ақтарып отырып, олардың қаламмен және сиямен жазылғаны байқалады.
Қанатшаның Ленинград майданынан 1944 жылы жөнелткен ең соңғы хатында баласы Жаһаншаға: «Ақжахаш, түнде сені түсімде көрдім. Кәдімгі өңімдегідей, маған жалынышпен қарап, қолыңды созып тұр екенсің деймін. Мен де қолымды беріп бетіңнен сүйе бергенімде «Ұрысқа әзірленіңдер, тездетіңдер!» деп бұйырған командирдің қатқыл дауысынан шошып ояндым. Өзімше түсімді жақсылыққа жорыдым. Лайым амандықпен қауышайық» – деп, баласы Жаһаншаның өзіне жалынышпен қарап, қолын созып тұрғандығын өңінде көргендегідей көрегендік танытып жазып кеткен екен. Атам қазақ секілді Қанатша да көрген түсін жақсылыққа жорығанымен бұл оның елге жазған ең соңғы хаты еді.
Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгердің баласы Жаһанша Қанатшаұлы мен келіні Тынышкүл Әбілдақызы отбасылық мұрағаттарынан Қанатша Төлегеновтің майданнан жазған 12 солдат хатын, куәліктерін, әкелерінің бауырлары Асан және Бодыбай Әлмахановтардың куәліктері мен Мақтау Грамоталарын, тағы да басқа жәдігерлерін аудандық музейге көздеріне жас алып сыйға тартты. Бұл хаттарды отбасымыз бен туған-туыстарымыз ғана білуші еді, енді музейге өткізген соң барша жұртшылық көретін болады. Осындай жәдігерлерді қолда сақтап отырған аудан халқы да сол дүниелерді музейге тапсырып, көпшілікке жасырулы тарихымыздың жарыққа шығуына атсалысады ғой деп сенемін, – дейді Тынышкүл әжей. Аталған баға жетпес құнды дүниелер музей қорының негізгі бөліміне қабылданды.
Кез келген Алаш ұлының Ұлы даламызды қорғаудағы ерліктері жылдан жылға, ғасырдан-ғасырға ауыздан ауызға жетіп, ұрпақ жадынан еш өшпегеніндей Ұлы Отан соғысынан оралмаған жалағаштық солдаттардың, соның ішінде Қанатша Төлегеновтің де есімі Жаһаншадай ұлдары, Ақтыныштай қыздары, Тынышкүлдей келіндері, немере-шөберелері мен бауыр-ағайындары һәм қазақ деген ұлты тұрғанда еш ұмытылмақ емес.
Қожатай Құлмахан,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.