ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖАНЫНАН «COWORKING» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың қатысуымен Жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығының ашылу рәсімі өтті.
«Coworking» орталығына жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаржы қаралды. Орталықта жастар тұлғалық қалыптасуға арналған арнайы семинар-тренингтерге, түрлі бағыттағы спорттық шараларға қатысып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
- Ел тәуелсіздігінің одан әрі қарыштап дамуының бірден-бір кепілі – жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Бүгін «Жастар жылы» аясында Жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығын ашып отырмыз. Бұл жерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. «Coworking» орталығының жұмысын облыстық жобалық кеңсе аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жастарға көрсетілетін қолдау мен қамқорлық алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретін болады, - деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, ашылу салтанатында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев орталық жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.
Қазіргі таңда аудандағы жалпы жастар саны - 8865 болса, бұл аудан халқының 24 пайызын құрайды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн. 77 мың теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 22 % пайызға артып отыр.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 7 мәдениет үйі мен 8 ауылдық клуб, 21 кітапхана, 1 мәдениет және өнерді дамыту орталығы, барлығы 37 мәдениет және өнер мекемелері, 143 спорт нысандары жұмыс жасайды.