Жалағаш ауданы Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1943 ж.ж.)
1939 жылы жаңадан құрылған Жалағаш ауданы экономикалық және мәдени-әлеуметтік даму жоспарларын жүзеге асырып жатқанда тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы енді ғана аяғына қаз тұрып келе жатқан ауданның жағдайын күрт нашарлатып жібереді.
Соғыс басталғаннан кейін өмір тез арада соғыс жағдайына бейімделіп, майдан мен тыл тұтасып, бір мақсатқа ғана қызмет етті. Сол бір сұрапыл жылдарда аудан еңбеккерлері «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен уақытпен санаспай еңбек етіп, барлық күш-жігерлерін Қызыл Армияның күш-қуатын нығайтуға жұмылдырады.
Осындай ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың нәтижесінде соғыстың ең ауыр кезеңі 1941 жылдың өзінде-ақ аудан еңбеккерлері мемлекетке ауылшаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын, яғни етті–101, жүнді–104,5, майды–100, дәндік егісті–110, күрішті–103 пайыздан асыра орындайды. Жылдық жылқы өсіру жоспары–105, сиыр өсіру–115, түйе–102, қой–105 пайызға асыра орындалды. («Күрішшілер» газеті, №67, 17.09.1942 ж.).
Соғыс жылдарында ауданымызда Отан қорғау және Қызыл Армия қорына қаржы жинау, ақшалай-заттай лоторея мен заемге жазылу, жауынгерлерге жылы киім мен майданға азық-түлік жөнелту науқандары кең өріс алады.
Мысалы, «Қазақстан Комсомолы» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинаудың алғашқы күндерінде-ақ аудан комсомолдары 16000 сом қаржы жинаса, «Мақпалкөл» колхозының комсомолдары 1500 сомның облигациясына жазылып, 2000 сом ақша жинаған.
1941 жылдың күзінде аудандық партия комитетінің секретары С.И.Кистанов облыстық партия комитетіне Қызыл Армия қоры мен «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасына 50 пұттан астам астық және 20 мың сомнан астам ақша өткізген 64 жалағаштық еңбеккерлердің тізімін жолдаған.
Аталмыш тізімге «Таң» колхозының–7, «Алғабас» колхозының–4, «Қызыл Ту» колхозының–6, «Жасқайрат» колхозынан–15, «Ақарық» колхозының–3, «Қызыл Жұлдыз» колхозының–5, «Шаңлыкөл» колхозының–1, «Мақпалкөл» колхозының–2, «Иіркөл» колхозының–1, «Жамбыл» колхозының–2, «Әдебиет» колхозының–4, «Қызыл Октябрь» колхозының–2, «Ұмтыл» колхозының 10 колхозшыларының есімдері мен бір өзі 105 пұт астық өткізген Марл Маркс ауылдық советінің председателі А.Ізтілеуованың және 150 пұт күріш өткізген Калинин ауылдық советінің председателі Есовтың аты-жөндері енген.(ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 8–9 п.п. )
Майдандағы жауынгерлерге жылы киім жіберу науқанына аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушылары да белсене атсалысты.
Мысалы, «1 Май» орталау мектебінің оқушылары мен мұғалімдері 1941 жылдың желтоқсан айына дейін майдан қорына 2 тон, 17 телогрейка, 5 мақталы шалбар, 20 пима, 67 қолғап, 75 жүн шұлық өткізсе, мектеп директоры Смайылов пен мұғалім Кенжетаевтардың әрқайсысы 1 көрпе, 1 телогрейка, 1 пима, 1 көйлек өткізген.
Сөйтіп, жалағаштық еңбеккерлер 1941 жылдың аяғына дейін майданға 7 мыңнан аса жылы киімдер, оның ішінде 152 тон, 281 пима, 472 қолғап, 430 жүн шұлық, 698 құлақшын, 510 шұлғау және т.б. көптеген бұйымдар жөнелтті. Бұл істе «Қызыл Ту», «Красный Октябрь» колхоздарының колхозшылары мен мемлекеттік банк аудандық бөлімшесінің ұжымы үлкен ұйымшылдық танытты. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 12 парақ)
Соғыс жылдарында аудан тұрғындары аудандық НКВД бөлімі қызметкерлерінің жіті бақылауында болғандығын да айта кеткеніміз жөн болар. Аудандық НКВД бөлімі оперативті түрде аудандық партия комитетінің секретарларына аудан халқының шынайы өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен хал-ахуалын еш боямасыз түрде, яғни қаз-қалпында үздіксіз баяндап және түрлі каналдар арқылы өздеріне жан-жақтан келіп түсіп жатқан құпия мәліметтермен бөлісіп отырған.
Мысалы, аудандық НКВД бөлімінің бастығы, мемлекет қауіпсіздігінің кіші лейтенанты Жұмаханов аудандық партия комитетінің секретары С.И.Кистановтың жеке өзіне «Аса құпия» грифімен 1941 жылдың 12 қараша күні жолдаған №268 санды баяндау хатында соңғы айларда аудан орталығы мен колхоздарда орын алған келеңсіз жайттарды еш бүкпесіз баяндайды. Сол баянаттан үзінді келтіре кетейік. «...Часть населения Маданьятского участка (ранее входившего в Кармакчинский р-н) в период 1930–32 гг. принимала участие в бандповстанческом движении, организованное байско-мусульманскими элементами Кармакчинского района, а также Маданьятского участка Джалагашского района, прилегающего к пескам Кзыл-Кум.
Основная часть байско-мусульманских элементов Джалагашского района являлась активными участниками буржуазно-националистической организации Алаш-Орда и которая во время экспроприации баев былив первых рядах этих бандвосстаний.
После подавления бандвосстания частями Красной Армии основные подстрекатели и организаторы былы арестованы и репрессированы органами ОГПУ–НКВД. Части из них удалось скрыться в песках Кара-Кум и Кзыл-Кум, а также эмигрировать в Афганистан, а основная беднота, которая принимала участие в восстании под влиянием байско-мусульманского элемента остались на своих местах...
Часть из участников банды осела в песках Кара-Кум и Кзыл-Кум по настоящее время и проживают там по нашим данным около 250 хозяйств, эти хозяйства осевшие в этих местах не возвращаются в колхозы, нигде не зарегистрированы и никаких налогов, госпоставок не вносят, имеют большое количество скота, занимаются скотоводством и охотой на диких коз и сайгаков. Многие из этих хозяйств поддерживают регулярные связи с колхозниками колхоза «Жана-Талап», «Джамбул», «Кызыл-Жулдуз» и др., получают в обмен на мясо и скот хлеб и промтовары от колхозников...
В октябре месяце сего года из Кызыл-Кум приезжали несколько человек т.е. участники бандвосстания, находились в колхозах Калининского а/совета, привозили мясо диких коз в обмен на хлеб и вернулись обратно в Кзыл-Кум. Целью их приезда является не только обмен мяса на хлеб, а попытка восстановления связей с отдельными элементами. К этому вопросу местные партийные организации никаких мер не принимают, а зачастую сами секретари парторганизации эти факты скрывают.
Например, 3 ноября сего года в колхоз «Кызыл–Джулдуз» приехалииз Кызыл-Кум несколько человек с несколькими верблюдами. Один из них, некий Суюндук остановился у парторга колхоза Жакупова Рахмета, который якобы является сватом парторга, а цель приезда мотивирует покупкой хлеба. Истинное положение его приезда нам пока не удалось выяснить.
Необходимо отметить, что не только парторги, но и председатели а/советов и председатели колхозов дают возможность таким людям свободно разгуливать в колхозах и покупать хлеб и т.д., вследствие чего наблюдается откочевки отдельных колхозников в Кзыл-Кум...
Наряду с этим в райцентре имеются разговоры и антисоветские суждения отдельных антисоветских элементов. Как-то некий К. сказал: «что нам беспокоится о войне, нам рабочим все равно, что советская власть, что Германия, нам все равно работать какой бы то власти не было».
Аналогичные факты в колхозе «Жана-Талап» Аксуского а/совета: некий А. когда колхозница приходила сдавать овчину для гос.поставок, говорит: «что вам торопится сдавать, может быть скоро совсем сдавать не будешь»...
По району имеется ряд аналогичных фактов.Необходимо отметить, что основная часть населения района патриотически настроена, но отдельные элементы проявляют антисоветские высказывания...». (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 20–Іс, 2–3 п.п.).
Осындай ұсақ-түйек жайттарға қарамастан, соғыс жылдарында аудан еңбеккерлері соңғы түйір дәні мен соңғы төліне дейін майданға жөнелтіп, таңның атысынан күннің батысына дейін колхоз даласында тыңбай еңбек етті.
Мысалы, 1941 жылдың егін жинау науқанында «Приморский партизан» колхозының колхозшысы Дю Сун күніне 0,10 гектар күріш орудың орнына 0,15 гектар күріш орған. «Жаңаталап» (№25 ауыл) колхозының колхозшылары Ибраева мен Елдеева күніне 0,10 гектар күріш орудың орнына 0,29 және 0,27 гектар жердің күрішін, Калинин атындағы колхоздың колхозшылары Ун Ет Сен мен Тян күніне 0,21 және 0,19 гектардың күрішін орған. «Путь Октября» колхозының колхозшылары Хван О Кан мен Ким Анна күріш оруда бір күндік нормасын 180 және 171 процентке орындаған.
1942 жылы «Алғабас» колхозының звено жетекшісі Қонтабаев әр гектардан 40 центнерден астық жинаса, Калинин атындағы колхоздың звено жетекшісі Пак Александра әр гектардан 60 центнерден астық жинаған.
1941–1942 жылдар аралығында аудан бойынша 865 адам «колхоз даласының стахановшысы» атанып, жұмыс жоспарын асыра орындаған. Олардың 284-і партия, 377-і комсомол ұйымының мүшелері еді. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 26–парақ).
1943 жылдың қаңтарында аудандық НКВД бөлімінің қызметкерлері танк колоннасының құрылысына 5 мың сом ақша, «Жасқайрат» колхозының колхозшылары 360 пұт күріш пен 48 пұт ет өткізіп, Қызыл Армияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында майдандағы қызыләскерлерге көптеген сыйлықтар жібереді. Осы колхоздың төрағасы Жүсіпов қорғаныс қорына 100 пұт күріш тапсырған. Ауданда толық емес көрсеткіштер бойынша, барлығы 1000 пұт күріш пен 200 пұт ет жинақталып, майданға жөнелтілген. Аудан бойынша 5302 адам қорғаныс заеміне жазылған. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 28–парақ)
Облыстық «Ленин жолы» газетінің 1943 жылғы 31 қаңтар күнгі №24 (1435) санында Қызыл Армия қорына мол астық өткізген облыстың алдыңғы қатарлы колхозшыларының тізімі жарияланады. Онда Жалағаш ауданы бойынша Отан қорғау қорына 300 пұт астық өткізген «Қызыл Ту» колхозының төрағасы Ж.Сақтағанованың, 100 пұт өткізген Калинин атындағы ауылдық кеңесінің төрағасы Есовтың, 100 пұт өткізген «Жаңаталап» колхозының колхозшысы Қыдырәлиевтің, 50 пұт өткізген «Мақпалкөл» колхозының колхозшысы Әбуовтардың есімдері енген.
1943 жылдың 2 ақпанына дейін аудан колхозшылары мемлекетке 53868 центнер астық өткізген. 1943 жылдың 25 ақпанынан 2 наурызға дейін мемлекетке қосымша 4614 центнер астық тапсырылады. Одан басқа, колхозшылар өздерінің жекеменшік қорларынан тағы да қосымша 8699 центнер астық тапсыру жөнінде міндеттеме қабылдайды. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 25–парақ)
Аудан еңбеккерлері 1943 жылдың жазына дейін Отан қорғау қорына 12 мың 250 сом, танк колоннасына 1 млн. 600 мың сом, авиация эскадрильясын жасақтау қорына 74 мың сом, Қызыл Армия қорына 105347 сом өткізеді.
Сонымен қатар, 4 миллион сомға соғыс заемына жазылып, 362 мың сомға лоторея билеттерін алып, майданға 10818 жылы киім, 5 вагон күріш, 3 тонна қауыншек, 3 тоннаға жуық сары май, 100 литрге жуық арақ жібереді. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 37–парақ)
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Қызылорда облысына 1941 жылдың 20 қазанына дейін жау басып алған батыс өңірлер мен қалалардан барлығы 7633 тұрғын эвакуациямен келіп, жұмысқа орналастырылған екен.
Жоспар бойынша 1941 жылдың ішінде біздің ауданға еліміздің батыс өңірлерінен эвакуацияланған 1500 тұрғынды және жер аударылған 3500 қоныс аударушыларды (спецпереселендер) қоныстандыру көзделсе, сол жылдың 20 қазанына дейін эвакуациямен келген 93 адам (оның ішінде, Ленинград қаласынан–5, Харьков қаласынан–5, өзге қалалар мен өңірлерден–83 тұрғын)орналастырылған екен. Олардың барлығын да жергілікті партия орындары мен колхоз төрағалары тұрғын үйлермен және мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз еткен. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 18–парақ)
Сонымен қатар, жау басып алған қалалар мен батыс өңірлерден 1941 жылы облыс көлеміне эвакуацияланған 1423 баланы орналастыру мақсатында Қызылорда қаласы мен аудандарда интернаттар мен балалар үйлері ұйымдастырылады.
Қызылорда облыстық Кеңес атқару комитеті тарапынан аудандық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеттерінің төрағаларына жаңадан ашылған балалар үйі мен интернаттарды екі күн ішінде оқу және тұрғын үй ғимараттарымен, азық-түлік және көкөніс өнімдерімен, отынмен, киім-кешекпен және т.б. керекті заттармен қамтамасыз ету тапсырылады.
Жалағаш және Қармақшы аудандарына жіберілген балаларды оқыту мақсатында аудан мектептерінде қосымша сыныптар ашу жөнінде облыстық Кеңес атқару комитетінің №98 «Об открытии дополнительных классов в школах Джалагашского и Кармакчинского районов для детей эвакуированных из прифронтовой полосы» деген Қаулысы қабылданады.
Осы қаулы бойынша, эвакуациямен келіп Жалағаш ауданына қоныстандырылған балалар үшін «Актив» колхозында жаңадан бастауыш мектеп-интернат ашылып, аудан мектептерінде қосымша 19 класс ұйымдастырылады.
1942 жылдың өзінде жау басып алған өңірлерден Жалағаш ауданына 2095 адам эвакуациямен келіп, қоныстандырылады. Оларды күтіп алып, жұмысқа орналастыру және қажетті тұрмыстық жағдайларын жасау мақсатында құрамында аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ш.Саяхов, аудандық партия комитетінің хатшысы Рүстемов, Шонин, Куроедов, медициналық қызметкерлер Кошевая мен Ким Сын Нен секілді жауапты кісілерден тұратын арнайы комиссия құрылады.
Алғашқы кезде эвакуациямен келген адамдар аудандық клуб, мектептер мен өзге де үйлер мен ғимараттарға орналастырылады. Кейіннен, олардың жартысын аудан орталығында қалдырып, қалғандарын 17 колхозға таратып жібереді. Эвакуацияланған адамдар колхоздарға келген бойда мемлекет есебінен 3 күн бойы тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Сөйтіп, аудандағы колхоздарға, түрлі өндіріс орындары мен мекемелерге барлығы 591 адам жұмысқа орналастырылады. Оның ішінде, партиялық жұмысқа–6, аудандық прокуратура мен сотқа–1, аудан мектептеріне–9, өндіріс орнының директорлығына–1, қаржы саласына–2, ауылшаруашылық бөліміне–1, түрлі қызметтерге–10 адам, сауда жүйесіне–6 адам жұмысқа орналасып, калғандарын колхоздың қара жұмысына жібереді.
Аудандық Кеңес атқару комитеті тарапынан көшірілген әр отбасына 15 мың сом көлемінде ақшалай көмек беріледі. Көшіп келген барлық адамдар медициналық қызметпен қамтамасыз етілді. (ҚО ҚСТМА, 264–Қор, 1–Тізімдеме, 49–Іс, 23–парақ).
Сонымен қатар, соғыс жылдарында колхоздарда ұрлық-қарлық секілді қылмыстық оқиғалар да орын алып тұрған.
Мысалы, 1943 жылдың егін жинау науқанында кейбір шаруашылықтардың колхозшылары, қойма меңгерушілері мен қарауылдары егіс алқабынан 5 келіден 32 келіге дейін бидай мен арпа дақылдарын ұрлап, милиция қызметкерлерінің қолына түседі. Аудандық прокуратура олардың үстінен РСФСР Қылмыстық Кодексінің №162 бабының «г» және «д» тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғап, материалдарын аудандық халық сотына жолдайды. Аудандық халық соты оларды 1,5 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырып, жаза мерзімін өз колхоздарында өтеуге үкім етеді. (ҚО ҚСТМА, 268–Қор, 1 ж–Тізімдеме, 4913–Іс, 21–парақ).
1943 жылдың көктемінде аудандық партия комитетінің секретары С.И.Кистанов аудан халқының атынан ВКП (б) Орталық Комитетінің Бас хатшысы, қорғаныс халық комиссары И.В.Сталин жолдасқа телеграмма жолдайды. Онда «Қымбатты Иосиф Виссарионович! Ерлікпен алға басып бара жатқан Қызыл Армияның жеңістеріне рухтанған Жалағаш ауданының колхозшылары және колхозшы әйелдері...6 күннің ішінде «Қызылорда колхозшысы» атты танк колоннасын жасауға 1,5 миллион сом қаржы жинап, мемлекеттік банкіге өткізді. Бірсыпыра колхозшылар бұл іске белсене қатысты. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Айымгүл Ізтілеуова жолдас танк жасау қорына 105 пұт астық пен 25 мың сом қаржы берді. Ауданның колхозшы шаруалары...Қызыл Армия қорына 57 мың пұт күріш, 12 мың пұт астық, мемлекетке 4272 пұт ет өткізді...» деп ақпар береді. (Аудандық «Күрішшілер» газеті, №21, 15.04.1943 ж.)
Аудан еңбекшілерінің осындай ерлікке тән істері үшін 1943 жылдың сәуірінде С.И.Кистановтың атына Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннен жеделхат келеді. Онда «Қызылорда колхозшысы» танк колоннасын жасауға 1 млн. 500 мың сом ақша жинаған және Қызыл Армияның қорына 57 мың пұт күріш тапсырған Жалағаш ауданының колхозшылары мен қолхозшы әйелдеріне менің туысқандық сәлемімді және Қызыл Армияның алғысын тапсырыңыз» делінген.(Аудандық «Күрішшілер» газеті, №21, 15.04.1943 ж.).
Қорыта айтқанда, Ұлы Отан соғысының алғашқы жартысында жалағаштық тыл еңбеккерлері теңдесі жоқ үлкен бірлік пен құрыштай беріктіктің үлгісін көрсете білді. «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін» деген ұран еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін майдан үшін еңбек етуге жұмылдырды. Зор ауыртпалықтар мен қиындықтарға қарамай жаудыталқандап, Жеңіс күнін жақындату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, өздерінің Отан алдындағы патриоттық борышын адал атқарған жүздеген жалағаштық колхозшылар мен қызметкерлер жоғары үкіметтік наградалармен марапатталды.
Қ.ЖАПАҚОВ.
Аудандық музей қызметкері