» » АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ

АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ

Музей директоры Қожатай Құлмахан бекітілген жоспар бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері жайлы ақпарат құралдарына тың мақала беруіміз керектігін ескертті. Ел аузында сақталған, бірақ түрлі себептермен ұмыт қалған, еленбей жүрген жауынгерлерімізді зерттеп жариялауы­мызды тапсыра отырып, осыдан 35 жыл бұрын жалағаштық соғыс ардагерінің атаман Г.Семеновты тұтқындағанын Темірхан деген кісіден естігенін білдірді. Сол операцияға қатысқан офицер cөзін өз құлағымен естіген Темірхан деген азаматты Есет батыр ауы­­лына арнайы іздеп барып, біраз мағлұматқа қанықтық. Атаманды тұтқындаған кісінің туып-өскен Еңбек ауылындағы қарашаңырағына да соғып, ұрпақтарынан көптеген деректер жинақталды. Сонымен қатар, Қызылорда облысының мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалынан да құжат көшірмелері жинақталды.
Әйгілі атаман Григорий Семеновты тұт­қын­даған жалағаштық офицер Молдағали Сариев екен. Бұл тарихи оқиға 1945 жылдың тамыз айын­­­­­да орын алған-ды.
Сариев Молдағали Елмұратұлы 1924 жылдың 4 шілдесінде Жалағаш ауданына қарасты Ынтымақ (қазіргі Еңбек ауылы) колхозында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. 1943-1954 жылдары Кеңес әскері қатарында Қиыр Шығыста қызмет атқарады. Майор шенінде запасқа шыққан соң 1955 жылы елге оралып, түрлі қызметтер атқарған. Әскер қатарында және партия, кеңес қызметінде жүргенінде еңбегі бағаланып, ІІ дәре­желі «Отан соғысы», «Октябрь революциясы»,­ «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен «Жапонияны жеңгені үшін», «Герма­нияны жеңгені үшін», тағы да көптеген медаль­мен мара­патталған.
Әскери қызметте жүрген Молдағали еңбек демалысын алып елге келген 1947 жылы Гүлжаһан Ахмедияқызымен некесін қиып, қызмет жасап жүрген Порт-Артур қаласына аттанып кетеді. 1949 жылы дүниеге келген тұңғышын қарулас досының есімімен Сергей қояды. Нәрестелі болған ерлі-зайыптылар жұмыс бабымен Градеков қаласындағы әскери базаға ауы­сады. 1954 жылы осында жүргендерінде дүниеге келген қыздарын, өздерімен жақсы араласатын достарының есімімен Алефтина деп жаздырады. Жұбайы Гүлжаһан (Майна) ұзақ жылдар бойы қаржы саласында еңбек етіп, ел құрметіне бөленген жан. Ерлі-зайыптылардың Сергей (Серік), Алефтина (Алма), Болат және Ербатыр есімді балаларынан тараған ұрпақ қазіргі таңда бәйтеректей ғұмыр кешуде.
Бүкіл ғұмырын ел қорғауға, ауыл шаруа­шы­лы­ғының өркендеуіне, туған ауыл, ауданы­мыз­дың әлеуметтік-экономикалық дамуына арна­ған Молдағали Сариев 1987 жылғы 12 ақпан күні дүниеден өтті.
Атаман Г.Семеновты тұтқындау операциясын талқыламас бұрын, сол кезгі тарихи оқиғаларға кішкене шегініс жасасақ.
1945 жылдың 26 шілдесі күні АҚШ, Ұлыбритания, Қытай үкіметтері Жапонияның толық тізе бүгуін талап еткен Потсдам декларациясын жариялады. Оған Жапониямен бейтараптық жөніндегі келісім­шартты бұзған КСРО да қосылды. Бірақ Жапон үкіметі декларация талаптарын қабылдамай тас­тады. Жапониямен соғысты 1941 жылғы жел­тоқсанда бастаған АҚШ пен Ұлыбритания 1945 жылдың ортасына қарай Жапония Қарулы Күштерін үлкен шығынға ұшыратты. Кеңес үкіметі 1945 жылдың 8 тамызында Жапонияға соғыс жариялады. Соғысқа Моңғолия әскерлері де аралас­ты. 19 тамызда құрлықтағы жапондық Квантун армиясы талқандалды. 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония өзінің толық жеңілгендігі туралы актіге қол қойды.
Потсдам келісіміне сәйкес Жапон аралдарын Америка карулы күштері басып алды. Барлык билік генерал Д.Макартур басқарған әскери әкімшілік қолына қарады. Жапонияның баска елдерден тартып алған аумақтары өз елдеріне кайта­рылды.
Қытайдың Люйшун (ағылшынша-Порт-Артур, жапонша-Редзюн) мен Далян (орысша-Дальний, жапонша-Дайрен) порттарын келісім-шарт негі­зінде Кеңес билігі 1945 жылдан 1956 жылға дейін жалға пайдаланды.
Атаман Г.Семенов Далян портында тұрып жатқан кезінде тұтқындалады. Тақырыбымыздың кейіпкері әйгілі атаман Г.Семенов деген кім?
Григорий Михайлович Семенов 1890 жылы осы күнгі Ресейдің Забайкал өлкесі, Онон ауданында казак отбасында дүниеге келген. Патшалық Ақ Армияның генерал-лейтенанты, казак атаманы. Ресей және шет мемлекеттердегі Ақтар қозғалысының қайраткері. Григорий моңғол, бурят және басқа да жергілікті тілдерде еркін сөйлеген. Моңғол тіліне «Устав кавалерийской службы русской армии» және Пушкин, Лермонтов, Тютчев өлеңдерін аударған. 1914 жылы басталған І-ші дүниежүзілік соғыста Варшава маңындағы ұрыста көзге түсіп, ІV дәрежелі «Әулие Георгий» орденімен марапатталады. Сол жылдың желтоқсан айында аса ержүректілігі үшін «Георгий қаруын» иемденеді. Барон П.Врангель өз естелігінде Г.Семенов «Кавказда соғысты. Левандовский дивизиясы құрамында парсылық Күрдістан жорығына қатысты. Есаул (майор) атағын алды. Румын майданында жүріп әскери министр А.Керенскийге хат жазып, Забайкалда моңғол-бурят дербес атты әскер полкін жасақтауды ұсынды. 1917 жылы уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалды. Большевизм идеяларымен келіспегендіктен қызылдарға қарсы аянбай шайқасты. 1918 жылы Уссурий, Амур және Забайкал әскерінің атаманы болып сайланды. Атаман Дутов қаза тапқан соң Урал және Сібір казак әскерінің де атаманы атанды» – деген мәлімет келтіреді.
1921 жылы Г.Семенов Ресейден Жапо­нияға, одан соң Қытайға, әрі қарай АҚШ пен Кана­даға эмиграцияға кетеді. Көп ұзамастан Жапо­нияға қайта оралып, осында тұрақтайды. 1932 жылы Жапонияның бастамасымен Маньч­жоу-Го мемлекеті құрылған соң қайтадан сая­сатқа тартылады. 1934 жылы Маньчжур импе­рия­сындағы ресейлік эмигранттар бюро­сының ұйым­дас­тыру­шы­ларының бірі болып, 1937 жылы «Дербес Манчжур Әскері Белгісін» бекі­теді. Бұл кеуде белгі 1937-1941 жылдар аралығында шығарылып тұрған және бұл белгіні иемдену ақсүйек орыс эмигранттары арасында үлкен мәртебе саналған. 1938 жылы Харбинде Г.Семеновтың «О себе: Воспоминания, мысли и выводы» атты мемуар кітабы жарық көреді. Жапондықтар Дайрен қаласында атаманға үй береді. Сонда 1945 жылдың тамызында тұтқындалғанынша белсенді өмір сүріп, ай сайын 1000 алтын иен зейнетақы алып тұрады.
Г.Семеновтың тұтқындалуы осы күнге дейін құпия күйінде қалып отыр. Атаманның тұтқындалуы жөнінде бірнеше таласты деректер бар. Олардың көбі аңызға негізделген және шындыққа жанаспайтындықтан біз солардың ішінен тек ресми және бейресми бір-бір нұсқасын ғана қаперімізге алдық.
Атаманның кіші қызы Елизавета Григорьевна Явцева (Семёнова) 2001 жылдың 25 сәуір күні «Труд» газетіне берген сұхбатында: «Әкемді 1945 жылдың 22 тамызында Дайрен қаласындағы вилласында әуеден арнайы түсірілген кеңестік арнайы қызмет (спецслужба) десанты ұстаған». Атаман НКВД офицерлерімен біраз әңгіме-дүкен құрғандығын айта келе: «Столда отырып, шай ішіп, әңгімелесті. Соңыра, әскерилердің бірі: «Сонымен, мырзалар, қазір қандай көзқарастасыздар?» – деген кезде әкем: «Азамат соғысы кезіндегі көзқарас, – сіздер атып тастайтын көзқарас. Біз – орыс офицерлеріміз, біз Сенімге, Патшаға, Отанға ант бердік және сол антымыз да берікпіз – революцияны қабылдағамыз жоқ және большевизммен қолдан келгенімізше шайқастық», – деді. Бұл бейресми нұсқамыз.
Ал ресми нұсқа бойынша кеңес-орыс тарихшылары Г.Семенов қызының бұл сөзі архивтік деректерге сәйкес келмейтіндігін айта келе, атаманды тұтқындау үшін ешқандай арнайы десант түсірілмегендігін және оның тұрғылықты мекенін КСРО консулы М.Жуковский көрсеткендігін айтады. Дайренге Қызыл әскердің негізгі бөлімдері 23 тамыз күні басып кірген. Г.Семенов 24 тамызда тұтқындалған. Кеңес офицерлері атаманды тұтқындау үшін портта жапондықтардан тартып алынған үш автокөлікпен келген. Г.Семеновпен бірге Ресейлік Фашистік Кеңесінің бірқатар мүшелері тұтқындалған. Сол күні бір топ сыбайластарымен бірге ұшақпен кеңес территориясына жеткізілді, – делінеді.
Ал Г.Семеновтың қызы, әкесі 22 тамызда тұтқындалып, керек десеңіздер 26 тамыз күні үйге босатылғанын айтады.
Г.Семенов ісін СМЕРШ пен МГБ бір жылға жуық тергейді. Бұл іс бойынша Г.Семеновпен бірге К.Родзаевский, А.Власьевский, А.Бакшеев, И.Михайлов, Л.Охотин деген генералдар мен Н.Ухтомский, Б.Шепунов деген князьдар сотталады. 1946 жылдың 26 тамызында басталған сотты КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының төрағасы В.Ульрих ашады. Сотталушыларға КСРО-ға қарсы шпионаж, диверсия, терроризм, антикеңестік үгіт-насихаттары бойынша айып тағылады. Семенов, Власьевский, Родзаевский, Бакшеев және Михайловтар ату жазасына, князь Ухтомский мен Охотин 15-20 жыл каторгалық жұмысқа жегіледі. 1946 жылдың 30 тамыз күні түнгі сағат 23.00-де Мәскеу қаласында Г.Семеновтың үкімін дарға асу арқылы іске асырады.
Кеңес билігі атаманның отбасын да аямаған. Зинаида Дмитриевна (Манштейн) деген әйелі 1945 жылдың наурызында өз ажалынан дүние салған. Одан кейінгі әйелі Елена Викторовна (Терситская) 1982 жылы Челябинск қаласында белгісіз себептермен өлтіріледі. Вячеслав пен Михаил деген ұлдары 1945 жылы әкелерінің артынша кеңес территориясына жөнелтіліп, 25 жылға сотталады. Михаил (1922-1947 жж.) бала кезінен мүгедек болғанына қарамастан 1947 жылы Уссурийскіде атылады. Вячеслав (1915-1993 жж.) көп жылдар бойы кеңес түрмелерінде отырып, 1993 жылы көз жұмады. 1948 жылы атаманның қыздары Елена (1921-2000 жж.), Татьяна (1928-2011 жж.), Елизаветалар (1930-2012 жж.) тұтқындалып, Кеңестер Одағына әкетіледі де «МГБ ішкі түрмесіне» жабылады. Одан соң атаман балалары Сібір лагер­леріне, түрмелерге, ақыл-естері түзу бола тұра психдиспансерлерге қамалады. Елена деген қызы жындыханадан тек 1994 жылы босап шығады.
Осы іс жөнінде кеңес-орыс материалдары мен атаман Г.Семеновтың балалары және сол жорыққа қатысқан М.Сариевтің өз аузынан біздерге жеткен деректерге сүйене отырып, құпия операцияға шолу жасап өз ой-пікір, жорамалымызды қорытып көрсек.
Атаман тұтқындалатын күні Молдағали атқыш­тар взводының командирі лауазымы қыз­метін атқарған. Осы операцияны іске асыру үшін Мәскеуден арнайы қызметтен (спецслужба) екі әскери кісі Қиыр Шығысқа келеді. Осы шараны іске асыруға бір взвод автоматшы жеткілікті болып шешіледі де, лейтенант М.Сариевтің взводы қатыстырылатын болып бекітіледі. Шет елде тұрып жатқан, әрі басқа мемлекет азаматы болып саналатын Г.Семеновты ұстауға аттанған бұл диверсиялық топ отыздай адамнан құралады.
Операция қорытындысынан халықаралық дау туындап кету қаупі басым болғандықтан, И.Сталин бұл істі аса құпия түрде іске асыруды тапсырады. Атаман тұтқындалған соң операция ізі мұқият жасырылғаны соншалықты, ол жөнінде осы күнге дейін таласты пікірлер еш толастар емес. Г.Семеновты тұтқындау барысы туралы кеңес-орыс архивтеріне сенуге болады ма? Әлбетте, архивтік құжат бұлтартпас айғақ екені рас. Бірақ, сол құжатты болашақ тарих үшін архив сөресіне «аса құпия» грифімен тапсыратын да сол мемлекеттің «аса құпия» қызметкерлері екендігін ұмытпағанымыз жөн. Не де болса аталған операцияның саяси астары басым болғандықтан мұқият жасырылғаны анық байқалады.
Бұл оқиғаны Молдекең өтірік ойынан шығарған шығар деген ой туындауы да мүмкін. Себебі, атаманды тұтқындауға қатысқан Молдағали Сариевтің бұл диверсиялық жорығы туралы еш жерде жарияланбаған және бұл жөнінде архивтік деректер де ләм-мим демейді. Аса құпия түрде ұйымдастырылған бұл операцияны М.Сариев еш­кімге таратпау жөнінде қолхат берген де болуы мүмкін. Басынан өткен сол ұмытылмас оқиғаны ол өмір бойы жасырып өткендей. Тек, дүние салар алдынан бірнеше жыл бұрын ғана сол тарихи операцияны өзімен бірге о дүниеге алып кетуден сақтанып, сыр сақтай білетін бір адаммен бөліседі.
Молдекең 1983 жылы Аққошқардағы ЖМК-27-де шебер болып жүргенінде осы мекеменің бас инженері Темірхан Әжібеков деген азаматты ертіп алып, Коммунизм совхозына (осы күнгі М.Шәменов ауылы) жеңіл автокөлікпен жол жүреді. Жеңіс күніне орай Мөрәлі Шәменовтің баласы Айтмұрат жылда әкесінің қарашаңырағында дастархан жайып,­ әруақтарға құран бағыштайтын әдеті бол­ған деседі. Сол жиынға Молдағали ақсақал да ылғи шақырылатын сыйлы қонақтардың тізімінде болыпты. Атаман Г.Семеновты тұтқындау операциясы туралы Молдекең өзінің әріптесі, әрі інісі Темірханға егжей-тегжейлі жолай айтып береді.
Темірхан Әжібековтың айтуынша, Молда­ға­­ли­дің атқыштар взводы 1945 жылдың тамыз­ айында астанадан келген екі арнайы қызмет офи­­цер­лерімен бірге ұшаққа отырғызылады. Взводқа операция барысы түсіндірілгенімен, кімді тұтқын­дай­тындары айтылмайды. Диверсиялық десант тобы әуеден қажетті пунктке парашютпен түсуі көзделеді. Жерге түскен бойда парашюттерін жасы­рып, жоспарланған нүктеде бас қосып, картаға сүйене жеделдете жылжып отырып, Дайрен (орысшасы-Дальний, қытайша-Далянь: сол кездері Қытайдан басып алған Жапон территория­­сы) қаласының шеткерірегінде орналасқан бір объектіні (вилла) қоршап, взводтың әр бөлімшесі өзіне жүктелген міндетті атқаруы тиіс. Үй ішіне еніп, осындағы субъектіні (Г.Семенов) тұтқындап болған соң бұл аймақтан шұғыл түрде кету жоспарланады. Жасырылып тұрған жеңіл ұшаққа тұтқын жеткізілген соң Сариев взводы шекара асып, әскери базаларына өз күштерімен жетулері көзделеді. Диверсанттардың әскери базасының дислокациясы аталған операция пунктінен шамамен 200 шақырымдай қашықтықта орналасқандығын ескере кеткеніміз де жөн.
Аулаға, одан соң үй ішіне кіргендердің арасында Молдағали да болады. Ішке кірген кезде, кең залдың үлкен столының төрінде тәуір киім киінген, орта жастардан асқан мұртты кісі бұларды арнайы күтіп отырғандай: «Отандастар, кіріңіздер! Мырзалар, төрлетіп дәм татыңыздар!» – деп, орнынан түрегеліп, бұларды дас­тархан басына дәм татуға шақырады. Г.Семеновтың бұл ұсынысына ешқайсысы үн қатпастан өз орындарынан қозғалмайды. Бұл адамның әйгілі атаман Г.Семенов екенін Молдағали кейін ғана білген. Г.Семенов ешқан­дай қарсылық көрсетпеген және сөйлеу, өзін-өзі ұстау мәнерінде қонақжайлылық, салқынқандылық, па­ра­­­­сат­тылық пен мәрттік танытқандай.
Жерлесіміздің атаманды тұтқындау туралы біздерге жетіп отырған әңгіме желісі шамамен осыған саяды. Атаман өзін тұтқындауға келген бұрынғы отандастарымен тағы да тіл қатысқан, бірақ нақты айтылған әңгіме барысы ұмытылғандықтан тарихқа қиянат болмас үшін сөз бұрмалаудан сақ болдық. Ал енді осы операцияны сұрыптап көрсек.
Кеңестік және осы күнгі орыс тарихшылары­ Г.Семеновты ұстауда ешқандай арнайы десант түсірілмеген дейді. Дайренге Қызыл әскердің негізгі бөлімдері 23 тамыз күні басып кірген соң 24 тамыз күні атаманның үйіне үш жеңіл автокөлікпен барып тұт­қын­­да­ғандарын айтады. Олай болса, Сариевтің дивер­сия­лық тобын түсірудің не қажеті болған? Сонымен қатар, сол күні атаманмен бірге бір топ сыбайластары тұтқындалып, (бұл іс бойынша сотты болған тағы да 7 генерал мен князьдардың аты-жөндерін жоғарыда атап өттік.-М.Ш.) барлығы ұшақпен кеңес территория­­сына жеткізілді, – деген дерек келтіреді. Бұл жердегі бізді маза­лайтыны, егер сол күні кеңес әскері бұл портты жапондықтардан басып алған болса, Сариевтің взводы не себептен шекара асып өз әскери бөліміне 200 шақырымдай жерді жаяу, әрі бастарын қауіп-қатерге тігіп аттанулары керек болған. Кеңес-орыс тарихшылары айтатындай, 10 тұтқынды 3 жеңіл актокөлікке қалай сыйдырған? 10 тұтқынды әлбетте 3 көлікке сыйдыруға болар, бірақ, ол үшін жүргізушілерді қосқанның өзінде 10 адамды тұтқындау үшін бас-аяғы 5-ақ адам аттанған болып шығады. Тұтқындалушылардың 8-і орта жастар шамасындағы, нақ бабындағы майдангер генералдар: мысалға, Семенов 55 жаста болған. 2 автокөліктің артына 6 тұтқындалушы, әр көліктің ішінде 1 тұтқындаушы мен 1 жүргізушіден, ал біреуіне тек жүргізуші ғана бол­ғаны ма? Қисынға келмейді.
Сірә, 24 тамыз күні тұтқындалып, кеңес территориясына жөнелтілген атаман Г.Семенов емес, оның сыбайластары болса керек. Г.Семенов олардан бұрын ұсталған.
Г.Семеновтың қызы: «Әкемді 22 тамызда Дайрен қаласындағы вилласында әуеден арнайы түсірілген кеңестік арнайы қызмет десанты ұстап әкетті» – деген сөзі шындыққа жанасатындай. Атаман қызының, «арнайы түсірілген десант» дегені Сариев жасағы екені даусыз. «Әкем столда отырып, шай ішіп, олармен әңгімелесті…» деген де мәлімет келтіреді. Майдангер атамыздан біздерге жеткен дерек бойынша атаман өзін тұтқындауға келгендермен әңгімелескені рас, бірақ кеңестік әскерилер дастархан басына оты­рып дәм татпаған. «Әкем 1945 жылдың 22 тамызында тұтқындалып, 26 тамыз күні үйге босатылды» – дейді атаман қызы. Ол да мүмкін, өйткені Сариевтер бұл үйдің жалдамалы қызметкерлеріне тиіспей, тек атаманның жалғыз өзін әкетіп, арнайы жеңіл ұшаққа дейін шығарып салғандығын және сол ұшақпен астаналық екі офицердің де мініп кеткендігін айтқан. Шындығында, кеңестік десанттар атаманды 22 тамызда жасырын түрде әкеткен соң ғана 23-24 тамыз күндері кеңестік әскерилер Дайренді басып алады. Арнайы операциямен зорға дегенде қолға түсірген атаманды 26-сы күні неге босата қалды деген сауал өзінен-өзі туындайтыны да заңдылық. Біз атаманның жалғыз өзі тұтқындалғанын білеміз. Сариевтер атаманды тұтқындаған күні балалары үйінде болмаған. Операцияны толық аяқтау үшін Кеңес билігі атаманның сыбайластары мен балаларын да қоса қамауды мақсат тұтқандай. Ол үшін кеңестік әскерилер қаланы толық иемденген соң сыбайластарын 24 тамыз күні құрықтайда да, атаманды 26 тамыз күні үйіне қайтарып, әлі қашып үлгірмеген балаларын тұтқындаған болар деген болжамға тірелеміз. Себебі, атаман ұсталған соң әкелерінің артынша ұлдары да қамалған. Қыздары болса тек 1948 жылы ұсталады.
Қорыта келе, атаман Г.Семенов кеңес-орыс тарихшылар айтпақшы, 24 тамыз күні емес, 22 тамыз немесе одан да ертерек күндері арнайы операция арқылы тұтқындалған. Бұл құпия операцияның негізгі мақсаты – атаман Г.Семеновты тұтқындау болғаны анық. Ал сыбайластарын кеңестік әскерилер қаланы толық басып алған соң барып ұстаған және солардың арасында атаман да болды деп, Г.Семеновты тұтқындау операциясын беймәлім себептермен (геосаяси себептер болуы мүмкін.-М.Ш.) көпшіліктен жасырып қалған.
Атаманды автокөліктермен барып емес, әуеден арнайы диверсиялық топ түсіру арқылы қолға түсірген соң тасада жасырылып тұрған, санаулы ғана адам көтере алатын жеңіл ұшақпен жедел түрде кеңес территориясына әкеткен. Осы диверсиялық тапсырмаға қатысушы негізгі топ шағын ұшаққа сыймайтындықтан жаяу қайтатындықтары операция жоспарында белгіленеді. Демек, лейтенант М.Сариев жасағы о бастан-ақ құр­бан­дыққа шалынатындығы шешіліп қойылған. Құдай қарасып Молдағали жасағының негізгі құрамы жау тылындағы қырғын ажалдан тірі оралады. Өз бөлімдеріне аман-есен жетулері үшін М.Сариев взводы жаумен шайқасып, бірқатар сарбаздарынан айырылып, жаралыларын сүйеп, біраз шығынмен келеді.
Атаман Г.Семеновты тұтқындауға қатысқан лейтенант М.Сариевтің осы жорығы туралы Қызылорда облыстық архивтеріндегі жеке ісінде де, отбасылық жеке мұрағатында да ешбір мәлімет кездеспеді. Жау тылынан аса сәтті орындап қайтқан тапсырмасы үшін М.Сариев те, взвод жауынгерлерінің де ешқайсысы аталған құпия операция үшін мемлекет тарапынан ешқандай марапатқа ұсынылмаған.

Марат Шөмекей,
аудандық музейдің ғылыми қызметкері.
07 мамыр 2019 ж. 1 863 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930