Медицина – халық саулығының негізі

Қай кезде де халық саулығы басты орында тұруы тиіс. Бұл бағытта Жалағашта толымды тірлік бар. Ең алдымен, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы үшін жағдай жасалды. 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан типтік жобадағы емхана бой көтеріп, пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимарат заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған. Ауысымына 250 келушіге қызмет көрсетуге толық мүмкіндік жасалған. Емханада аудан жұртшылығын спирография, электроэнцефалография, холтерлік мониторлау тексерулерінен өткізу де қарастырылған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емханадағы қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан едәуір жақсарған әрі барлығы қолжетімді. Орталық ауруханада да дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін, оларға тез әрі дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізетін медициналық аппараттар жеткілікті. Электролиттерді жедел анықтайтын аппарат арқылы қан құрамына талдау жасалады. Бұл аппараттың тиімділігі сонша, 2-3 секунд ішінде қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады. Одан соң, науқасты өкпені жасанды желдету аппаратымен демалдырып, тыныс алуын тоқтатуынан сақтандырады. Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылға дейін емханаға келушілер медициналық кітапшасын арқалап, кезекке тұрып жүретін. Содан соң дәрігердің қорытындысын кітапшасына жазып бергенше тағы күтетін. Бұл уақыт шығынын келтірсе, бір жағынан кей науқастардың денсаулықтарына кері әсер ететін. Қазір бұл қиындық артта қалды. Барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуде. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру, заманға сай аппараттармен толықтыру халыққа тиімді әрі сапалы қызмет көрсетуге жол ашуда.
Саланың дамуы жолында сырқатына ем, жанына дәру іздегендердің дертіне дауа, көңіліне демеу болатын денсаулық сақшыларының да еңбегі зор. Мәселен, ауданның денсаулық сақтау саласында аудан бойынша халық денсаулығын қорғауда қосқан зор үлесі, ұзақ жылғы адал қызмет атқарғандары үшін әр жылдары 16 медицина саласының қызметкері «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төс белгісінің, мекеменің қаржы саласының 2 қызметкері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісінің, 1 дәрігер «Ерен еңбегі үшін» медалінің, сондай-ақ 2 медициналық қызметкер «Конституцияның 10 жылдығына», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» арналған мерекелік медальдардың иегерлері атанды. Айта кету керек, ауданның емдеу мекемелерінде 88 дәрігер, 466 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтылу – 26 пайызды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғарылап отыр.
Мұнан бөлек, былтырғы жылы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында Жаңадария, Бұқарбай батыр және аудандық емхананың шұғыл бөліміне жедел-жәрдем автокөліктері пайдалануға берілді. Бұқарбай батыр, Аққұм және Дәуімбай елді мекеніндегі дәрігерлік емханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалағаштықтарды қуантқан жағымды жаңалықтар мұнымен толастамақ емес. Биылғы жылы аудан орталығынан типтік жобадағы жаңа аурухананың құрылысы басталады. Ауданға ең қажетті нысандардың бірі – Жалағаш аудандық орталық ауруханасының бой көтеруі жергілікті халық жағдайының жақсаруына, науқастардың сапалы ем-дом алуына мол мүмкіндік жасамақ. Қазіргі таңда жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын құрылыс нысанына 500 млн теңге қаражат бөлінді.
Аудан халқын қуантқан жағымды жаңалықтар, келелі істер мен байыпты бастамалар жарасымды жалғасын табады деп сенеміз.
Н.АЛМАС.