» » ЖАҢҒЫРУҒА БЕТ БҰРҒАН, ЖАҢАРУҒА ДЕН ҚОЙҒАН ЖАЛАҒАШ

ЖАҢҒЫРУҒА БЕТ БҰРҒАН, ЖАҢАРУҒА ДЕН ҚОЙҒАН ЖАЛАҒАШ

Аптаның сәрсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аймақ басшысы «Таң LTD» ЖШС-ның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешенінің жұмысымен танысып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар аудандық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
«ТАҢДАҒЫ» ИГІЛІК КӨПКЕ ҮЛГІ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен Таң ауылына табан тіреді. Мұнда аймақ басшысы спорт кешені мен ет бумалау, консервілеу цехының жұмысымен танысты.
Жалпы Таң ауылында көпке үлгі боларлық жұмыс жеткілікті. Өткен жылы күріш ақтайтын зауытты іске қосқан елді мекенде көркейту жұмыстары да қолға алынғаны көрініп тұр. Егілген көшеттер мен қаламшаларды айтпағанның өзінде ауылға кіре берістен бастап жолдың қос қапталын қоршап жатыр. Көктем келіп, даладағы дүбір басталғалы егістік алқабында да қызу жұмыс жүруде. Осылайша ауыл тынысымен танысып келе жатқанымызда қос бірдей қызыл-сары ғимарат көзімізге оттай басылды. Оның бірі – жоғарыда атап өткен спорт кешені болса, екіншісі – ет бумалап, консервілейтін цех.
Облыс басшысына алдымен спорт кешенінің жұмысы таныс­тырылды. Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа нысанның жалпы құны 56 млн теңгені құрайды. Бір мезетте 100 адамды қамти алатын кешенде дзюдо, таэквондо үйірмелері жұмыс жасайды. Ауыл балаларының көзіндегі от олардың спортқа деген құлшынысын көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады екен. Таэквондошылар аяқ-қолдарын сермеп, жекпе-жектің осы бір түрін меңгеруге дайын екенін айғақтады. Ал дзюдошылар болса кәнігі балуандардай әдіс көрсетіп, өздері білмейтін тәсілдерді меңгеруде. Осы бір көрініске сүйсінген облыс әкімі ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жастарды саламатты өмір салтына баулитын кешен жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң облыс әкімі Таң ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс елді мекеніндегі «Агролидер Таң» ЖШС-ның ет бумалау, консервілеу цехының жұмыс барысымен таныс­ты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асқан жобаның болашағы зор екенін айта кеткен жөн. Мұнда күніне 10 ірі қара сойылып, 500 келі ет өңделеді. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, биыл мамырда аяқталды. Ғимаратта мал сою, ет кесу және бумалау бөлмелері, мұздатқыш орналасқан. Жауапты жұмысты ветеринар, технолог, зертханашылар атқарады.
– Біздің өнімді әзірге өңір тұрғындары тұтынуда. Алдағы уақытта нарық ауқымын ұлғайтып, басқа облыстармен байланыс орнатуға бекініп отырмыз, – дейді «АгроЛидерТаң» ЖШС директоры Сәкен Шағыртаев.

ЖАЛАҒАШТА
ЖАҢА ҚОНАҚ ҮЙ

Сапар аясында облыс әкімі Жалағаш кентінде мамыр айында жұмысын бастаған «Jibek» қонақ үй кешенін де аралап көрді. Екіқабатты ғимаратта 4 кеңсе, 50 адамға арналған асхана, люкс санатындағы 3, эконом санатындағы 4 бөлме бар. Қонақ үйде 5 адам жұмыс істейді.
Осы орайда аймақ басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс жайына тоқталды. Биыл бизнесті дамытуда несиелер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау үшін 900 млн теңге, несиені ішінара кепілдендіру үшін 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы арнайы жобаларды қаржыландыру мақсатында өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 800 млн теңге қарастырып, бағдарламаны жүзеге асыруда. Онда кәсіпкерлер үшін жылына ақтық мөлшерлеме – 8 процент. Қаражат өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 10-нан 20 млн теңгеге дейінгі аралықта беріледі.

АУРУХАНА­ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Осы күні жаңадан салынатын аудандық аурухананың іргетасы қаланды. Көпке қуаныш сыйлаған рәсімге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Аудандық емханаға жапсарлас орналасқан медициналық нысанның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Типтік жобадағы үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды. Мұнда шамамен 20 дәрігер, 60 медбике, 30 техникалық қызметкер еңбек етеді.
Аймақ басшысы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысы басталғалы жатқанын айтып, Жалағаш жұртының қуанышын еселей түсті.
– Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздегі кәсіпкерлік, индустрия­ландыру, құрылыс салаларының жұмысын оң бағалады. Бұл баға­лауда туған жерді дамытудағы бар­ша­ңыздың үлесіңіз бар. Бүгін сол игілікті істі жалғастырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысын бастағалы отырмыз. Бұл әлеуметтік саладағы маңызды бағытқа әрдайым басымдық берілетінін көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Аурухананың іргетасын қалау рәсімінде сала ардагері Сахы Қалыбаев өзекті мәселенің шешілуіне ық­пал еткен аймақ басшысына алғыс білдірді. Аудан тұрғындары үшін жаңа нысанның маңызы айрықша екенін айтып, батасын берді.
Орталық аурухананың бас дәрігері Әсия Бекбергенованың айтуынша, бұрынғы ғимарат жиырма жылдан астам уақыт бұрын асар әдісімен са­лынған. Апатты жағдайда деп танылғалы бері аудан тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған еді. Енді міне, жаңа аурухана салу қажеттілігі оң шешімін тауып отыр. Ауқымды жұ­мысты құрылыс саласындағы тәжі­рибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС ат­қа­рып, келесі жылы ел игілігіне ұсынуға ниетті.
Айта кетейік, 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мың­ға жуық жергілікті халыққа, бұлар­дан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельд­шерлік-акушерлік, 3 меди­ци­на­лық бекет қызмет көрсетеді.
Облыс елді мекендерінде тек соңғы 2 жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың дені – ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Барлығы заманауи үлгіде жабдықталған, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.

ТАБЫСҚА
БАСТАЙТЫН
ЖОБАЛАР АЛАҢЫ

Облыс әкімінің жұмыс сапары аграрлы-индустриалдық аймақта қорытындыланды. Мұнда аймақ басшысына аудандағы серпінді жобалар мен «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехының жұмысы таныстырылды. Айта кету керек, «Өркен Әлем» ЖШС 2017 жылдан бері жұмыс жасайды. 2 жыл бұрын арнайы тапсырыспен 810 дана броньды кеудеше және 240 дана арнайы киімдер тігілген. 2018 жылы 1,4 млрд теңгенің тапсырысы орындалған. Қазіргі таңда 5630 дана броньды кеудеше мен 2125 дана каскаға арналған бүркемеге тапсырыс түскен. Кеудешенің бір данасының құны 250 мың теңге тұрады. Кәсіпорында 24 адам жұмыс жасайды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Цехтың бір жылда 7000 данаға дейін броньды кеу­­деше тігуге мүмкіндігі бар.
Ал “Серпін” аграрлы-индустриалдық аймақтың жұмысы туралы аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев айтып өтті.
Былтыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба іске асып, соның аясында 84 жаңа жұмыс көзі ашылды. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Искаковтың тойхана және шағын маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға берілді.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы биылғы жұмыстар да қарқынды екенін айта кеткен жөн. Таңдағы ет өнімдерін консервілейтін цех пен Жалағаштағы қонақ үй сөзімізге дәлел бола алады. Бұдан бөлек, Мақпалкөлдегі алма бақ, Еңбектегі жылыжай, кент орталығынан ашылған қоғамдық монша сөзімізді қуаттай түседі. Сүйіншілейтін жаңа­лықтың тағы бірі, Жалағаш кентінің шығыс бөлігінен жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында электр станциясын салу жұмыстары басталып кетті.
Мамандардың айтуынша, жобаның болжамдық құны 12 млрд теңгені құрайды екен. Өткен жылдың мау­сым айында бұл жоба бойынша­ Европалық даму банкі атынан «ЭкоСоциоАналистс» компаниясымен тұр­ғындар арасында әлеуметтік және экологиялық әсерін бағалау жұмыс­тары жүргізілген. Сонымен қатар 2018 жылдың 10 шілдесінде жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша ашық түрде қоғамдық тыңдау өткізіліп, қолдау тапқанын да айта кеткен жөн. Жобаның бастамашысы «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер телімі табысталды. Жобаны Греция мемлекетінен ТОО METKA-EGN KZ компаниясы ұтып алған. Қосымша мердігер «COM KZ» ЖШС екенін айта кетейік. Қазіргі уақытта қоршалау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Аталған нысан­ды күзету үшін «Алим Секьюрити»­ ЖШС күзет агенттігімен келісім шартқа отырған. Күзет мекемесі аудан тұрғындарынан 25 адамды жұмысқа қабылдайтын болады.
Тілге тиек еткен жобалардың бар­лығы ауданның әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуына септігін тигізері кәміл. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш бүгінде жаңарып, жаңғырып келеді.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

18 мамыр 2019 ж. 841 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930