РОБОТОТЕХНИКА – ТЫҢ ИДЕЯЛАР АЛАҢЫ
Цифрландыру дегеніміз – бұрын-соңды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің құралдары. Цифрландыруды бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруды және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды бағытқа алған мемлекеттер ұстанады. Қазіргі таңда бұл технологиялардың ең озық үлгілері жасақталу үстінде. Яғни, ол біздің бүгінде қолданып жүрген ақпараттық технологиядан әлдеқайда жоғары.
Ал бұл үдеріс бүгінгі күні Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Тіпті, бірнеше жылдан бері біздің ауданда да әр салаға жаңа ғылыми технологиялар енгізіле бастады. Дәлірек айтсақ, ауданға қарасты сегіз мектепте робототехника кабинеті ашылды. Соның бірі – Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп. Біз үйірменің жұмысымен танысып көрдік.
Робототехника – роботтардың құрылысымен, жұмысымен, оған қоса оларды басқарумен айналысатын ғылыми технологияның саласы. Қазіргі таңда әлемде бұл үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұндай әлемдік даму үдерісінен біздің ел де шет қалмауы тиіс. Аталған мектеп-лицейдің негізгі мақсаты да осы. Бұл үйірме жыл басынан бері жұмыс жасап келеді. Оған мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жайдарбек Баймаханов жетекшілік етеді. Үйірмеге 5-9 сынып аралығындағы оқушылар тартылған. Қарап отырсақ, робототехника үйірмесі оқушылардың бірі-бірімен ғылыми-техникалық идеялар, техникалық, инженерлік білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Роботтардың әр түрін құрастыра отырып, балалар шыдамдылыққа, терең ойлауға және әрбір жасалған жұмыстың нәтижесін көруге қалыптасады. Үйірме жетекшісінің айтуынша, робот құрастыру негізінен екі деңгейден тұрады екен. Біріншісі, роботтарды құрастыру, екіншісі, негізгі бағдарламаларын құру.
Робототехника кабинеті бір мезетте 15 баланы қамти алады. Күніне екі ауысым бойынша 30 бала жаңа технологияның қыр-сырын білуге мүмкіндік алуда. Бұл робототехника үйірмесінің кабинеті Lego EV3 конструкциялық жинақтардан құралған. Бұл жинақ үйірме қатысушыларына үйренуге аса қиындық туғызбайды және құрастырмалардың көмегімен кез келген пішіндегі роботтарды жасап шығаруға болады. Оқушылар роботтарды құрастыруды, оларды құрылғы арқылы басқаруды меңгеруде. Олар түрлі техникаларды, дрон мен адам кейпіндегі роботтарды да құрастырыпты.
Ашылғанына аз уақыт болса да үйірме қатысушылары аудандық «ZhalagashRobotics-2019» сайысына қатысып, 9 «а» сынып оқушысы Бахтияр Мұсахан жүлделі ІІ орын, Эльдар Мнаж «Алғыс хатпен» марапатталған. Сонымен бірге облыстық «Kazrobotics-2019» сайысының іріктеу кезеңінде Данияр Жақсылық, Нұрболат Уызбай арнайы сертификат иеленген. Оқушылар алдағы уақытта талай жарыстарға қатысып, өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін сынауға дайын екендерін жеткізді.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
сурет автордікі.