"Айыппұл салынады": Білім министрлігі 6 жасар балалардың ата-аналарына ескерту жасады
Қазақстандық 6 жасар балалардың ата-аналары оларды бірінші сыныпқа бермесе, 5-тен 10 АЕК-ке (12 625-25 250 теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Министрдің орынбасарының сөзінше, бастапқыда министрлік мұндай ата-аналарға ескерту жасайды. Артынша қатаң шаралар қолданыла бастайды. Суханбердиева 6 жасар балалардың ата-аналарын уақытынан бұрын уайымдамауға шақырды. Балалардың бәрі оқу бағдарламасын игере алады, дейді ол.Вице-министрдің сөзінше, 6 жасар балалардың 70 пайызынан астамы оқушылар қатарын толтырған. БҒМ еліміздегі барлық мектепке балабақша мен шағын орталықтарға бармаған балаларды дайындауға арналған 3 апталық курс енгізуді жоспарлап отыр.
«Ата-аналардың бәрі жақсылап ойланады деп ойлаймын. Балалардың 7 жасынан бастап мектепке баруын талап ететін ата-аналар бар. Бірақ олар аз. Алайда барлық ата-ананы тағы да тыныштандырғым келеді. Бұл әдеттегі тәжірибе, ата-аналар уайымдамаса болады. Жаңартылған бағдарлама баланың оқуға еніп кетуіне барынша ыңғайлы, әр баланың ерекшелігі ескерілетіндей етіп дайындалған. Сондықтан мұнда ешқандай проблема жоқ», - дейді Эльмира Суханбердиева.