Пәтер кезегінде 15 мың дәрігер, 10 мың мұғалім тұр
Қазақстан ипотекалық компаниясы екі министрлікпен келісім жасасып, мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз 3 мың пәтер жалға берілетінін (кейін сатып алу мүмкіндігімен) жария етті. Яғни, осы үйлердің жартысы ұстаздарға, жартысы ақ халатты абзал жандарға беріледі. Баспананы бөліп төлеу құны қанша? Үйге қол жеткізудің талаптары қандай? Алғашқы пәтерлер қашан беріле бастайды? Тақырыпты тереңірек талдап көрелік.
Казинформ.
Пәтер кезегінде 15 мың дәрігер, 10 мың мұғалім тұр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру. Тағы 10 мың мұғалімнің үйге қол жеткізе алмай жүргенін Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев те айтып отыр. 3 мың пәтер осы 25 мыңдық қажеттілікті жаба қоймас. Десе де... «Қазіргі таңда Қазақстанда 400 мыңға тарта медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 170 мың мейірбике мен 60 мың дәрігер бар. Әлбетте, осы баспана тапшылығы мәселесінің бары белгілі.
Қазақстан ипотекалық компаниясымен меморандумға қол қою - біз үшін қуанышты жағдай. Менің ойымша, осы шаралар арқылы дәрігер мен мейірбикелердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызметтің сапасын арттыруға септігін тигізеді», - дейді Елжан Біртанов.
Өз кезегінде Арын Орсариев компания мен министрліктердің арасындағы жұмыс механизмі қалай жасалатынын айтып өтті. «Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) Білім және ғылым министрлігіне қанша пәтердің бары туралы хабарлама жібереді. Ол хабарламада пәтердің шаршы метрі, қабаты, бағасы бәрі көрсетіледі. БҒМ кезектегі адамдарға өтініш хат жібереді. ҚИК қатысушылармен жалға алу шартын жасайды. Осы шарт 240 айға арналған. Бір жолғы төлем - 1 пайыз», - деді ол.
Бағдарламаның артықшылығы неде?
Бағдарламаны қаржыландыруға «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның шамамен 40 млрд теңге меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес, қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады. Компанияның басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді өткізу талаптары мынадай https://www.inform.kz/kz/mugalimder-men-darigerlerge-bastapky-zharnasyz-pater-berilmek_a3534386: тұрғын үйді жалдау мерзімі 20 жыл. Баспана бастапқы жарнасыз беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл ретте бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болмақ.
Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құратын болады. Өз кезегінде «ҚИК» ИҰ» АҚ берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шартын бекітеді.