«Орда»: Үйлі болуға жасалған мүмкіндік
Өткен жылы Сыр елінде бастапқы жарнасыз тұрғын үй алуға тиімді «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы әзірленген болатын. Бағдарламаның облыста жүзеге асуына жыл сайын жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлуге қатысты шешім де қабылданған еді. Бұйыртса, қолға алған жобаның жемісін көретін күн де алыс емес сияқты. Кеше ғана өңірде «Орда» аймақтық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыс әкімдігімен бірлесіп әзірлеген әлеуметтік жобасы аймақ тұрғындарына баспананы жалға алып, кейін оны сатып алуға мол мүмкіндік береді.
Бұрын облыс тұрғындары пәтерге қол жеткізу үшін алдымен алғашқы жарнасын жинап әлек болатын. Тіпті, оның өзі кезекпен жүзеге асатын жұмыс еді. Ал, бұл бағдарламамен баспаналы болуды көздеген кез келген жан мұндай әуре-сарсаңға түспейді. Себебі, өңірде 3 жыл қатарынан жүзеге асатын бағдарламаның басты тиімділігі де осында.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 250 пәтер жергілікті халыққа үлестіріледі. Қатысушылар үшін көп қабатты үйдің шаршы метрі 120 мың теңгені құрайды. Сатып алу мүмкіндігі бар, сондай-ақ, жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары бағдарламаға толықтай қатыса алады. Яғни, көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері аталған бағдарламамен алғашқы жарнасыз баспанаға қол жеткізуге болады. Мұнан бөлек, 35 жасқа толмаған жас отбасыларға да баспана мәселесін шешуде бағдарламамен бақ сынауға мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, ерлі зайыптылар кем дегенде некесін қиғанына 2 жыл толуы қажет. Сондай-ақ, балалары да болуы тиіс.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалы директоры Әділжан Саудабаевтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде баспанасы жоқ жандарға қолдау көрсету үлкен маңызға ие. Бағдарламаның жергілікті әкімдікпен бірлесе құрылуының да басты мақсаты – осы. Үміткерлердің бәрі алғашқы жарнаны жинап үлгермесе де, ай сайын белгілі бір соманы банкке аударып отыруға дайын көрінеді. «Орда» бағдарламасына қатысып, орайлы сәтте баспанаға қол жеткізуді көздегендер 8 жыл бойы жалға берілетін пәтерде тұрады. Осынша уақыт аралықта үміткер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына баспана бағасының 50 пайызын жинап үлгеруге міндетті. Мұнан кейін қатысушы тұрып жатқан үйін жеңілдетілген мөлшермен сатып ала алады.
Банктегі өз шотына баспана бағасының жартысын жинаған қатысушы жетпей тұрған соманы жылдық мөлшерлемесі бар болғаны 3,8 пайызбен несие түрінде алады. Онда қарызды қайтарудың ең ұзақ мерзімі – 11 жыл. Ал, сатып алу мүмкіндігі қарастырылған пәтер жалдаушылар пулын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әзірлейді. Пулға банктегі шотында кемдегенде 500 мың теңге қаржысы бар және көп ұпайға ие болған азаматтар өтеді. Ұпай саны депозит мерзімі мен оның қаншалықты жиі толтырылғанына байланысты анықталады.
Аталған банктің есебі бойынша, 58 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтер құны 6 млн 960 мың теңгені құрайды. Жаңа пәтерде 8 жыл бойы тұрған азамат банктегі шотына ай сайын 36888 теңге аударып отыруы қажет. Шоттағы қаражат жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы мен банк сыйақысы қосылып, пәтер бағасының жартысына жеткенде 3 млн 480 мың теңге несиемен рәсімделеді. Ал, несие бойынша ай сайынғы төлем 32200 теңгені құрайды.
Жаңа бағдарламамен жайлы қонысты мақсат еткендерге қойылатын талап та жоқ емес. Қандай азаматтар қатыса алатынын жоғарыда атап өттік. Олардан бірінші кезекте ҚР азаматтығы немесе оралман мәртебесі талап етіледі. Сондай-ақ, қатысушы пәтер алуға талаптанған елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы міндетті. Бірақ, бұл жерде осыған дейін тұру мерзімінің ұзақтығы талап етілмейді.
Бұған дейінгі баспана алуға талпынғандардың алдындағы бірінші белестің алғашқы жарна екенін ескерсек, бұл бағдарламаның кез келген тұрғынға тиімді екенін аңғарамыз. Себебі, осыған дейін елімізде алғашқы жарнасыз тұрғын үй алу мүмкіндік қарастырылған бағдарлама жүзеге асқан емес. Осындай мол мүмкіндік қарастырылған «Орда» бағдарламасының өзі Сыр елінде жүзеге асуы әрине, қызылордалықтарды қуантады. Енді тұрғын үй алуға талаптанғандар мүмкіндікті тиімді пайдаланса дейміз.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.
Пікір 2