» » Баспаналы болу бақыты бәріне бұйырады

Баспаналы болу бақыты бәріне бұйырады

Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде халықтың әлеуеттік ахуалын арттырудың бірнеше тетігі айқын көрініс тапқан. Енді тек саяси құжаттағы маңызды міндеттер іске асса болғаны. Бес әлеуметтік бастаманың алғашқы бөлімінде Президент баспана мәселесін ерекше назарға алады. Бұл – құптарлық мәселе. Себебі, халыққа баспана алуда қаражатын өтеу мерзімінің қысқалығы мен алғашқы жарнаның қымбатшылығы оңайға соқпай отыр. Саяси құжатта мұны ескерген Елбасы әрбір отбасының баспанаға қол жеткізуінің жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.

Рас, соңғы жылдары елімізде пәтер алу мүмкіндіктерін мейлінше жеңілдету мақсатында қыруар жұмыс атқарылды. Былтырдың өзінде 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй ел игілігіне берілген. Бірақ, бұл жұмыстар елімізде баспана мәселесі түбегейлі шешілді дегенді білдірмейді. Әлі күнге дейін көптеген отбасы тұрғын-үйге қол жеткізе алмауда. Иә, тұрғын-үй ипотекасының жаппай қолжетімділігін арттыру бұл мәселені шешудің тиімді тәсілі екенін баршамыз түсінетін уақыт жеткен сыңайлы. Шынында, жұмыс жасайтын кез келген азамат несиеге пәтер алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай арзан ресурстар халыққа қажет-ақ. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынды.
Аталған бағдарламаның тиімділігін айта беру артық болар. Мұнда несие өсімінің мөлшері қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайды. Бүгінде банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызын алдын ала талап етеді. Кей банктерде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін барған күндер болды. Ал, жаңа бағдарламада бастапқы жарнаны 20 пайыздан асырмау көзделген. Мұнан бөлек несие алушының төлемін азайту үшін оның мерзімі де бұрынғыдай 10-15 емес, 25 жылға дейін ұзарады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктері маңызды рөл атқарады. Аталған бағдарламаның іске асуы тұрғын-үй құрылысына жаңаша қарқын әкелетіні сөзсіз. Осылайша миллиондаған ел азаматы үшін баспана алудың қолжетімділігі айтарлықтай жеңілдейді.
Енді Сыр еліндегі тұрғын үй мәселесінің шешілуі жайында әңгіме өрбітсек... Жалпы аймағымызда тұрғын үй мәселесінде проблема жоқтың қасы. Себебі, Алаштың анасына айналған бұрынғы Ақмешіт бүгінде құрылыс алаңына айналды. Аймақта «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асуы құрылыс саласының серпінді дамуына жол ашты. Осылайша біздің өңір тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қарағанды, ОҚО және ШҚО сияқты бірқатар аймақтарды артта қалдырды. 2013 жылдың өзінде 270 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл – жергілікті тұрғындардың тек бір-ақ жылда қол жеткізген баспанасы. Ал, бүгінде көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Облыс орталығының өзінде соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 5 жылда жергілікті халық 2 млн шаршы метр пәтерге қол жеткізді.

Аймақта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуден бөлек апатты жағдайдағы көпқабатты үйлердің мәселесін шешу де жүзеге асуда. Соңғы 3 жылда 309 апатты жағдайдағы пәтер иелері жаңа баспанаға қол жеткізді. Алдағы уақытта өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынады. Осы мақсатта өткен жылы 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы әзірленді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыс қазынасынан 2 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылды.
«Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасының негізгі мақсаты – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Аталған жол картасы аясында қатысушыларға тұрғын үйлер кейіннен сатып алу құқығымен жалға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» алғашқы жарнасын бірден жинап беруді қалтасы көтермейтін тұрғындар жаңа үйге қоныстанып алғаннан кейін банк шартын орындай береді. Қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жариялаған пулдарына өтінім бере алады. Бастапқы үй алу үшін үміткерлерге бірқатар талап қойылады. Алдымен үміткер ҚР азаматы немесе оралман мәртебесі болуы шарт. Екіншіден, тұрғын үй алушының сол үй орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы міндетті. Келесі кезекте қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінің, сонымен қатар отбасы құрамына қосылған және өтініште көрсетілген басқа да отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы үйі немесе меншігінде үй болмауы қажет.
Жол картасына қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жариялаған пулдарға қатысу үшін өтінім беру қажет екенін жоғарыда атап өттік. Ұсынылған өтінімдер бойынша «ҚТҚЖБ» АҚ қатысушыларға іріктеу рәсімін жүргізеді. Мұнан кейін іріктеуден өткен қатысушылардың тізімін қалыптастырып, қала немесе аудан әкімдіктеріне ұсынады. Қала немесе аудан әкімдіктері іріктеуден өткен қатысушылармен 8 жыл мерзімге тұрғын үйді жалға алуға шарт жасасады. Бұл кезеңде қатысушы тұрғын үй жинақ жүйесінде тұрғын үй құнынан 50 пайыз алғашқы жарнаны жинақтайды. Алғашқы жарнаны жинаған жалға алушылар тұрғын үйді сатып алу мақсатында 11 жыл мерзімге банктік несиелер алу үшін аталған АҚ-ға өтініш беріп, қала немесе аудан әкімдіктерімен тұрғын үйді сатып алу шартын жасасады. Өткен тұрғын үйлерден түскен қаржыны аталған банк қала немесе аудан әкімдіктеріне аударады. Әкімдіктер өз кезегінде тиісті қаржыны бюджеттік кредитті өтеуі үшін облыстық бюджетке қайтарады. Міне, осылайша баспанаға мұқтаж жандар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көмегімен үйге қол жеткізеді. Осылайша тиісті қаражат жоғарыда көрсетілген механизмдердің арқасында мемлекет тайқазанына қайта құйылады.
«Орда» Жол картасы – аймақта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатарын азайтудың тиімді жолы. Жергілікті тұрғындар баспанаға қол жеткізген сайын аймақта жаңа нысандардың әлі де бой көтеретіні сөзсіз. Осылайша соңғы 5 жылда алып құрылыс алаңына айналған Қызылордада әлі де шағын аудандар қалыптасады. Елордаға қарап бой түзеген Ақмешіттің сол жағалауында да зәулім ғимараттардың кірпіші қалануда. Тіпті олардың бірқатарының құрылысы аяқталуға жақын. Ендігі кезекте сол жағалау игерілсе, 200 жылдық тарихы бар шаһардың ажары әлі де айшықталары сөзсіз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

17 наурыз 2018 ж. 1 170 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930