Баспана алудың негізгі қағидаттары түсіндірілді Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығы қала орталығындағы халық көп шоғырланатын орындардың бірі «Жайна» сауда үйінде «Баспана алудың негізгі қағидаттары» тақырыбында акция ұйымдастырды. Аталмыш іс-шараға Қауымдастық мамандарымен бірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» менеджері Мырзайым Махатаева да шақырылды.Акция барысында ең маңызды мәселеге айналған тұрғын үй тақырыбы сөз етілді, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тұрғын үйлерді ұсыну тәртібі мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алудың жаңа әрі ыңғайлы жүйелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.Қордаланған сауалдарымен тұрғын үй қатынастары бөліміне жиі баратын халық бүгінгідей шараның тиімділігін ескеріп, белсенділік танытты, баспаналы болудың заңдылығымен танысты. Елбасы жыл сайынғы жолдауында тұрғын үй құрылысын дамытудың бағытын айқындап, басымдығын нақтылап, осы сала қызметкерлеріне салмақты міндет жүктеп келеді. Биыл да баспана алуға қатысты жаңа «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы айқындалды.Осы уақытқа дейін банктер үй алуға несиені 18-30 пайызбен, алдын ала 50 пайызын төлетіп, 20 жылға дейін есептеп беретін болса, енді Елбасы несие пайызын 7 пайызға, алдын ала төлемді 20 пайызға азайтып, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзартты. Мұндай бастама халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл – әрбір отбасына үлкен демеу, үлкен қолдау болаты¬ны анық.Акция барысында Қызылорда облысында бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін «Орда» бағдарламасы да түсіндірілді. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға арналады.Осылайша басты мұңы баспана болған жандар мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаржы көмегімен пәтерге қол жеткізе алады. Елбасымыздың сындарлы саясаты мен тәуелсіз елдің тұрақтылығының арқасында өміршең бағдарламалардың барлығы да халық үшін игілігі зор. Сондықтан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану әрбір азаматтың өз қолында екенін естен шығармаған абзал.http://www.syrboyi.kz Қоғам 10 мамыр 2018 ж. 750 0