» » «ТҮЙЕ ЖАҢҒАҚ» ТҮЙНЕК ТҮЙДІ

«ТҮЙЕ ЖАҢҒАҚ» ТҮЙНЕК ТҮЙДІ

Базар мен дүкен сөрелерінен көріп, той дастарқанынан ғана дәмін татып жүргеніміз болмаса, кәдімгі грек жаңғағы аудан тұрғындарының күнделікті ас мәзірінде кездесе бермейді. Сондықтан еліміздің оңтүстік аймақтарында ғана өсірілетін бұл жаңғақ біз үшін экзотикалық жеміс. Жеміс-жидектерден бас­тап, бұта, өсімдіктерге дейін бейімділігіне қарай өз топырағына ғана тамыр тартады. Сыр бойының климаты қатал, қысы – суық, жазы – ыстық, топырағының да құнары төмен. Бірақ, соған қарамастан бағбандар мен диқандар осындай құнарсыз топырақты өңдеп, майда дақылдар мен жеміс-жидектердің сан түрін өсіріп, өнім алып отыр. Әрине, сортаң топыраққа түскен дәннің дәмін тату үшін аз тер төгілмейді...
Грек жаңғағы – көп жылдық жемісті өсімдік. Биіктігі 30 метрге дейін өседі. Сәуір айының ортасында гүлдеп, жемісі қыркүйек, қазан айларында піседі. 150-200 тіпті кейбірі 300 жылға дейін "өмір сүреді". Бұл жаңғақтың Отаны – Кіші Азия, оның ішінде Иран. Осы жерден ол Грекия, Италия және Батыс Еуропа елдеріне таралған. Біздің елге ертеректе осы жаңғақ тұқымдары Грекиядан әкелінгендіктен осындай атауға ие болыпты. Мамандардың айтуынша, жаңғақ дәнінің құрамы дәрумендерге аса бай. Адам ағзасының қорғаныш қабілетін күшейтеді, ми жұмысының белсенділігін арттырады, жүрек, бүйрек, бауыр, асқазан-ішек ауруларына және қаназдыққа таптырмас дауа. Сонымен бірге өкпені тазалау қасиетіне ие және теріні ажарландырып, қан айналысын және жүйке, сүйек жасушаларының да қызметін жақсартады. Тіпті, сусамыр, қатерлі ісік ауруларының да алдын алады, ағзадағы холестеринді төмендетеді. Бұл аз десеңіз, халықтық медицинада грек жаңғағының діңінен, жапырағы мен тамыр қабықтарынан және дән арасын бөліп тұрған жұқа қабырғасынан алынған сөл мен майлар да көптеген аурулардың бетін қайтарады.
Міне, осындай мың да бір дертке дауа болатын шипалы жаңғақты ауданымызда ауласына өсіріп және оның жемісін жеп отырған үй бар десе сенбеуіңіз мүмкін ғой. Алайда, Жаңаталап ауылында тұратын Балбыровтар отбасына бара қалсаңыз, бұл сөзімізге көз жеткізесіз. Есік алдындағы бақ ішінде жемістің бірнеше түрі бар. Бірақ, солардың ішінен діңі сұрғылт, ұзынша, қою жасыл жапырақты, сырты түкті жемісі бар осы ағаш ерекше көзге түседі. Бұл жеміс халық арасында "түйе жаңғақ" аталып кеткен.
Белгілі диқан, бағбан, ауданның ауыл шаруашылығы саласына зор еңбек сіңірген өнертапқыш Балбыров Жамбыл ағамыз осыдан 17 жыл бұрын грек жаңғағының үш түп көшетін Түркістан жақтан әкеліп, өз қолымен бақ ішіне жерсіндіріпті. Бірақ, бүгінде соның бір ғана түбі бой алған. Әлден-ақ биіктігі 5-6 метрге жуықтаған ағаш бұтақтары биыл да мол жеміс байлап тұр. Жамбыл ағамыз өмірден өткен соң әкесінің бағбандық ісін жалғастырып келе жатқан Ербол қазірде бақтың күтімін өз қолына алыпты.
– Жаңғақ биыл екінші жыл жеміс беріп тұр. Бұл ағаштың біздің жердің топырағына тамыр байлауы оңай болмады. Оған әкем көп уақытын жұмсады, қаншама еңбектенді. Бұл сазды-тастақ жерлерге тән ағаш болған соң, бой алып кеткенше оның тамырына қосымша нәр беріп, қолдан қоректендіріп отыру қажет болды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын әкем өзінің ұзақ жылдық бағбандық тәжірибесіне сүйеніп сол сазды-тастақ жерлерде болатын минералдарды жаңғақ ағашының өн бойы­на тамырына жіберген ылғал арқылы беріп отырды. Міне, нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Былтырдан бері отбасымызбен жемісін жеп отырмыз. Бақ егіп, одан мол өнім алу тек айтуға ғана жеңіл. Баққа бап керек, ондағы әрбір ағаш сәби сияқты, ерекше күтімді қажет етеді. Оны да мәпелеп, өбектеп отыруың керек. Мәселен, 300 жылға дейін жасайтын осы грек жаңғағына қатысты аңыз әңгімелер көп. Соның бірі, бұл ағаштың көшетін тек қарт адамдар ғана отырғызу керек деген сенім бар. Неге десеңіз, жаңғақ ағашын еккен адам оның жеміс бергенін өзі көре алмайды-мыс. Мүмкін, ел арасындағы бұл әңгіме жаңғақ ағашы ұзақ жылдан соң өнім беретініне байланысты айтылса керек. Менің әкем өзі өсірген осы ағаштың жемісінен дәм тата алмады. Әкем дүниеден өткен соң да бірнеше жылға дейін түйнек түймеді. Бірде үйге оңтүстік өңірде тұратын бір танысым қонаққа келді. Бақ ішіне кірген ол жаңғақтың жай-күйін көріп, «Мына ағаш бір түптен үш дің шығарыпты. Бірақ, мына жердің құнары төмен болғандықтан, бұның бойына толық нәр беруге жердің күші жетпей тұр. Сондықтан үш діңнің екеуін кесіп таста. Сонымен бірге бұны «биыл жеміс бермесең, келесі жылы тамырыңнан шауып тастаймын» деп діңін жаралап алмай балғамен жайлап ұрып «қорқыту» керек. Бұл да ырым», деді. Танысымның айтқанын істедім. Айтқанындай, келер жылы жеміс берді. Сондай-ақ осы бақта жүзім және алма, шабдалы, қара өрік, сары өрік, қызыл өрік, шие ағаштары да бар. Ертеректе әкем Алматыдан алманың әлемге әйгілі апорт деген сортын алып келді. Ол кезде мен жастау едім, сондықтан бұл апорт алманы біздің баққа қалай жерсіндіргені есімде қалмапты. Бір білетінім, бұл алма көшеттен немесе тұқымнан шыққан жоқ, жерге көмілген тұтас алманың өзінен көктеді. Кейін бой алған соң, басқа жерге көшірілді. Міне, тау баурайында ғана өсетін осы алма ағашы да көп жылдан бері төгіп жеміс беріп келеді, – дейді Ербол Балбыров.
Иә, расында бұл бақ ішіндегі ағаштардың барлығы да бағбанның маңдайынан төгілген тердің нәрімен ғана жеміс беріп тұр. Ал, маңдайдың тері сіңген қандай жеміс те дәмді һәм шипалы.

Қуат АДИС.
15 маусым 2019 ж. 1 483 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930