Арыстағы өртті тоқтаусыз жарылыстың салдарынан сөндіру мүмкін болмай тұр
Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі Арыс қаласында жарылыс азайғанымен, әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты аумақтағы өртті сөндіру мүмкін болмай тұр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Жарылыстардың қарқындылығы төмендеді, бірақ әлі де қайта-қайта жарылыстар болып жатыр.Осыған байланысты өрт бөлімшелерінің қызметкері өртті сөндіруге кірісу үшін оқиға орнына жете алмауда", - деп хабардар етті ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Еске сала кетейік, бүгін, 24 маусым күні таңғы сағат 09:20-да Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс болды.
Жарылыс қала тұрғындарын дүрліктіріп, зәресі ұшқан тұрғындар жаппай қаладан кете бастады. Тұрғындар қаладан жаяу және велосипедпен қашып жатыр.
Қорғаныс министрлігі зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс, Ішкі істер министрліктеріне және Түркістан облысы әкіміне жарылыс зардаптарын жоюды тапсырды.
Қорғаныс министрі оқиға орнына жетті. Жарылыс салдарынан пойыздар уақытынан кешігіп жатыр.