» » » Cурет әлеміне саяхат

Cурет әлеміне саяхат

Шарж – бейнелеу өнерінің бір жанры және ең күрделі саласы. Кейіпкердің мінез-құлқын, болмысын, сол сәттегі ішкі жан-дүниесінде болып жатқан толқыныстарды бет-бейнесіндегі әжуалы артық элементтер арқылы сыртқа шығару. Шарж жанры көбіне саяси астары немесе араздық тудыратындай зілі жоқ достық әзілдерде қоданылатыны белгілі. Аталған жанрға қалам тартып жүрген суретшілер елімізде де бар. Бірақ көп емес. Солардың қатары тағы да бір жас талантпен толықты. Ол – елімізге белгілі жас суретші, жерлесіміз Мейрамбек Қитанов.
Мейрамбек жас та болса бейнелеу өнерінің осы бір күрделі жанрына өз қолтаңбасымен, өз ерекшелігімен келген талант иесі. Аз ғана уақыттың ішінде көптеген танымал тұлғалардың бейнесін қағаз бетіне түсірді. Әсіресе өнер жолында жүрген ағаларына жасаған шарждары көпшілік көрерменнің көңілінен шығып жүр. Халық сол өнер иелерінің сахнадағы сыртқы келбетін ғана көрсе, Мейрамбектің шарждары арқылы олардың жаратылысындағы табиғи мінездерін дөп берген.
Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру" мақаласы аясында "Өркениетке бас­таған туған өлке" атты өлкетану жобасы бойынша аудандық кітапхананың Coworking орталығында суретші, шарж жанрының шебері Мейрамбек Қитановпен кездесу өтті. Кездесуге мектептердің оқушылары, колледж студенттері мен мұғалімдері және жас суретшінің әріптес­тері мен ұстаздары қатысты.

Мейрамбек Қитанов – аудан орталығындағы №201 мектеп-лицейдің түлегі. Мектеп жасында аудандық Оқушылар үйінің "Көркемсурет" үйірмесіне қатысып, ұстазы Жұматай Қорғанбаевтан дәріс алады. Өнерге деген алғашқы баспалдағы осы жерден басталған Мейрамбек ұстазынан сурет өнерінің қыр-сырын үйренеді және көптеген облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындар иеленіп, көкжиектен мұнартқан арманына қанат қағады. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін "Бейнелеу өнері және сызу" мамандығы бойынша тәмамдайды. Аталған оқу орнында оқып жүрген Мейрамбек қазақ бейнелеу өнеріне еңбек сіңірген ұстаз­дарының шеберханасында бойындағы талантын шыңдайды. Алғашқы еңбек жолын өзі дәріс алған Оқушылар үйінен бастаған Мейрамбек Қитанов ауданның мәдени-рухани өміріне белсене араласып, шәкірттер тәрбиеледі. Одан соң Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында суретші-декоратор болып қызмет істеп, көптеген қойылымдардың сахналық безендірілуінде өз қолтаңбасын қалдырды. Қазіргі уақытта жеке шығармашылық жұмыспен айналысып келеді.
Рухани кешті ашқан аудандық кітапхананың директоры Ұлмекен Меңдібаева жас та болса еліміздің руханиятына өз үлесін қосып жүрген өнер иесінің шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Сонымен бірге көптеген шәкірт тәрбиелеген Жұматай Қорғанбаев өзі бала кезінен баулып, өнер жолына бағыт-бағдар берген шәкіртінің дарыны мен талабын, бойындағы адамгершілік қасиетін, нағыз суретшіге тән зерек зердесін, адам бойындағы, тіпті табиғаттағы көпшілік аңғара бермейтін элементтерді, әсемдіктерді көре білетін таным-түйсігін, орнықты да салмақты мінезін кезде­суге қатысып отырған жас талапкерлерге үлгі етті. Сонымен бірге Жұматай Қорғанбаевтың шеберханасынан дәріс алған, бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп келіп шәкірт тәрбиелеп жүрген Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің бейнелеу пәні мұғалімі Меңлібаева Ақгүл және №246 мектептің сызу және көркем еңбек пәні мұғалімі Қорғанбаева Нұргүл кездесу барысында сөз алып, жастарға өнер жолының иесіне сыйлайтын өзіндік азабы мен ләззаты болатыны жайында әңгімелеп және сол жолда қатар келе жатқан әріптестері Мейрамбектің туындыларына аталған саланың кәсіби мамандары ретінде көзқарастарын білдірді. Ал мектеп оқушылары кездесу кейіпкеріне көркем өнердің қыр-сырына қатысты сауалдарын қойды. Кездесу соңында Мейрамбек Қитанов тағылымы мол кешті ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, ең қызықты сауал қойған оқушының шарж жанрындағы бейнесін салып, естелікке тарту етті.

Қуат Ахетов
18 қаңтар 2020 ж. 664 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930