МӘДЕНИЕТ – ХАЛЫҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ӨЗЕГІ
Мәдениет қашаннан халықтың руханиятының өзегі іспеттес. Мұны қазақтың өнер десе ішкен асын жерге қоятынынан-ақ байқауға болады. Қай заманда болсын, ел басына қандай нәубет төнсе де ұлы дала халқы өнерден бір елі ажыраған емес. Қазіргі таңда да індетпен бетпе-бет келіп отырған қазақстандықтар үшін мәдениет саласының қызметкерлері онлайн түрде мәдени шаралар, концерттер ұйымдастыруда. Біз аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйіне хабарласып, төтенше жағдай кезінде нендей жұмыс істеп жатқанынан хабардар болдық.
Мәдениет үйінің қызметкерлері мәдениет пен өнерді насихаттау мақсатында бірқатар онлайн шаралар өткізіпті. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары халықты сабырға шақырып, елдің амандығы үшін уақытпен санаспай жұмыста жүрген ақ халатты абзал жандарға арнап «Алғыс» әнін орындап, "Біз біргеміз" ұранымен денсаулық сақтау саласы мамандарына қолдау көрсетті. Онлайн өткен шаралар қатарында Ұлы ақынның 175 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты 5-8 сынып оқушылары арасында көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы да бар. Байқауға 23 қатысушы бейнекөрсетілімдерін жіберіп, бақтарын сынады. Нәтижесінде 10-12 жас аралығында Ақсу ауылынан Сынасап Ақниет ІІ орынмен, 13-15 жас аралығында Т.Жүргенов ауылынан Егізбай Нұрталап І орынмен, аққұмдық Бақберген Нұрай ІІ орынмен, Есет батыр ауылынан Тұрар Талшын ІІІ орынмен марапатталды.
Бұдан бөлек аудандық мәдениет үйінде қазақтың күйшісі, күй өнеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына орай Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жас күйшісі Кенжебек Пірмаханның орындауында Дәулеткерей Шығайұлының "Жеңгем сүйер" күйі ұсынылған. Халық күйшісінің шығармашылығына тоқталсақ, оның халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін бейнелеген "Топан", "Жігер" атты күйлері тегеурінділігімен қоса тақсірет көрген ержүрек адамның салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысын бейнелейтінін аңғарамыз. Оның алғашқы шығармаларының бірі – "Ақжелең". Сонымен бірге "Жеңгем сүйер", "Қоңыр", "Желдірме", "Керілме", "Ысқырма", "Қосішек" сияқты күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан көріністерді баяндайды.
Аудандық мәдениет үйі мемлекеттік "Қазақтың жүз әні", "Қазақтың жүз күйі" жобасы аясында жасөспірімдердің кәсіби мамандыққа сауаттылығын дамыту, меңгерген өзіндік ерекше білім, дағды, шеберліктерін жетілдіру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырды. Музыкада ән мен күйдің егіз екенін ұғындыру үшін хормейстр, үйірме жетекшісі А.Бауыржанқызының үйірме жетекшілігінен бейнекөрсетілім ұсынылды. Жас өрендерге арналған "Қуыршақ" үйірмесі "Қойшы, аю және түлкі" ертегісін онлайн түрде бүлдіршіндер назарына ұсынды. Қазақ батыры Б.Момышұлы «Ұшқан ұя» мемуарлық кітабында «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға ертегіні ата-аналары айтып бермейді. Ал бесікте жатқанда құлағына анасының әлди үні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын» деген екен. Әсіресе, ертегінің мектеп жасына дейінгі балаға тигізер оң әсері мол. Балалардың дамуы үшін ең алдымен оның қиялдай білу қабілетін дамыту керек. Ал ертегі баланы төзімділікке, шыдамдылыққа, тапқырлыққа, еңбекқорлыққа шақырып, мақтаншақтық пен сараңдықтан аулақ болуды үндейді. "Қуыршақ" үйірмесі жетекшісінің негізгі мақсаты – балаларды адами қасиеттерден шет қалдырмау. Мәдениет үйі қызметкерлерінің онлайн шаралардың басым бөлігін балаларға арнауының маңызы зор. Өйткені бәріміз білеміз, балалар үйлерінде таңертең бір мезгіл ғана сабақ оқып, қалған уақытта бос болады. Ал бұл шаралар жас өрендердің бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасамақ.
Сонымен бірге мәдениет үйінде жергілікті ақын-сазгерлердің шығармалары да насихатталды. Шара барысында мәдени-рухани құндылықтары азық болған жергілікті ақын Т.Сарыбаевтың сөзіне жазылған А.Орынбаеваның «Жалағашым» әнінің жаңа форматтағы нұсқасы жарияланыпты. «Көркем сөз көрікті ойға жетелейді» тақырыбында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі С.Шәріпқұловтың шығармашылығынан да сыр шертілді. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі жаңғырып тұруы тиіс. Бәрінен бұрын ұлттық кодымызды сақтасақ, көп жетістікке қол жеткізеріміз анық. Кәсіби маманның алдындағы аса жауапты міндет – мемлекеттік құндылықтарды рухани байыту үшін жас ұрпаққа терең меңгерту. Мұндай рухани дүниелерді өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту мақсатында аудан өнерпаздарының орындауында бірнеше дәстүрлі ән онлайн түрде тыңдарманға ұсынылды.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты мен сүйіспеншілігіне арналған мерекелі күнді де назардан тыс қалдырмапты. Бұл ретте Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының архив қорынан қоюшы-режиссер Әсет Шілдебаевтың «Махаббат бекеті» қойылым-концерті ұсынылған.
Мәдениет үйінің қызметкерлері ел ішіндегі ахуалға қарамастан жалағаштықтарға рухани азық сыйлап, оқушылар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға атсалысуда. Бұл жұртшылық үшін жасалған игі істердің бірі деп ойлаймыз.
Н.АЛМАС