Бәйгеде оза шапқан

Шашасына шаң жұқпай, шаршамай дара,
Дүбірінен дүрлікті ән сарай дала.
Әне кетіп барады жалға жабысқан,
Желмен бірге жарысып қаршадай бала, – деп бұлбұлдай сайраған әнші Төреғалидың әні де осындай сәтте сергек көңілге серпін беріп, жігерлендіре түседі.
Бүгінгі әңгіменің кейіпкері Мәди Қалмырза да қадамын қарыштап басқаннан бәйге десе делебесі қозған ерен жүйріктің өзі. Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының тумасы. Өзін қанаты қатайғаннан шынықтырып, шымыр еткен нағашылары екенін мақтанышпен айтады. Нағашы жұрты Мәдидің бойындағы ерекше қасиетті байқап, тумысынан сабырлы, қайсар баланы бәйгеге қосуға қолқа салған. Үлкен атасы Өтеген ұзақ жыл мал баққан. Үйір-үйір жылқыны көріп, құлынмен жарысып өскен жас өрен алғашында атқа мінуге жүрексінген екен.
– Бірінші мүшелге шыққанда «Бісміллә» деп алғаш бәйге атының үзеңгісіне аяқ салып, шаршы топта аламанға шаптым. Тұяғы жер тарпып тұрған тұлпарымның аты – «Жұлдыз». Атына заты сай жұлдыздай ағатын текті жануар. Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылында Наурыз мерекесіне орай өткен жарыста 1-ші орынды еншілеп, сыйлыққа айфон телефон ұттым. Қазалыдағы бәйгеде «Бақытторы» деген жүйрігіммен жеңімпаз атандым. Республика көлеміндегі талай жарыстарда бақ сынап келемін. Атқа қонғанда бойымда алапат күш пайда болады. Атқа сенсең, ол серігінің сеніміне қарай шабады. Сондықтан шабарман өзінің қайратына сенуі керек. Қазақтың қанында бар өжеттік мені үнемі алға жетелейді. Атты шабысынан, ерді намысынан таныған елміз ғой. Батырлар жырын, дастандарды, жалпы ауыз әдебиеті туындыларын көп оқимын. Батырлар жырындағы хас жүйрік сәйгүліктер көзіме елестейді. Атқа қонсам, маған ерекше қанат бітіп, көкке самғағандай әсер аламын, – дейді жас шабандоз.
Шынында, жастықтың буымен жүрегі аттай тулап өрекпіген бозбала ғой дейін десең, Мәди сөйлеген сөзі кесек-кесек ойдан тұратын, алған марапаты төрден ойып тұрып орын алатын қанжығасы майланған нағыз жеңімпаздың өзі. Жүзі нарттай жанып тұрған жас өрен өзін мақтағанды онша құп көрмеді. Қабырға толы марапатқа да мастанбай, өзін салқын ұстады. Қарапайымдылығына сүйсіне қарадық.
–Бұл жеңістің, жетістіктің бәрі менің бапкер ұстазым Сайфулла ағамыздың тынымсыз еңбегі мен маңдай терінің нәтижесі ғой. Ол кісі ұядағы балапанды қияға ұшырған хас шебер атбегінің нағыз өзі. Сайфулла Дүйсенбеков ағамыз 25 жасынан осы кәсіппен айналысқан. Ол талай тай-құнанның терін алып, сан асауға бас білдірген кәнігі атбегі. Осы уақытқа дейін оның бәйгеге жаратқан аттары ауыздықпен алысып, небір жүйрікпен жарысып, алда келеді. Оның дәлелі, ұстазым ұтыс сыйлығынан 28 темір тұлпарды еншілеген, – дейді Мәди.
«Болар елдің баласы он бесінде баспын дейді, болмас елдің баласы отызында жаспын дейді» деген аталы сөздің мәртебесін асқақтатқан тұлпар тақымдаған шабандоздың жеңісі шынында мақтауға лайық.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ