» » Атсейістің әңгімесі немесе тұлпардың тектілігі

Атсейістің әңгімесі немесе тұлпардың тектілігі

Қазақтың ең көне ұлттық өнерінің бірі – атбегілік. Біз қазақ тегіміз –түркі, түлігіміз – жылқы деп өткен елміз. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген бар. Ат баптау ісіне ерекше ықтиярлықпен қараған жөн. Соңғы жылдары осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындар қатары көп болғанымен, оны жарату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алайда, кәсіптің осы түріне ынталы азаматтар қатары артып келеді. Солардың арасында ат баптау ісінің шебері, жүйріктері бәйге бермейтін, облысымыздың намысын қорғап жүрген Сайфулла Дүйсенбеков жайында ерекшелеп айта кеткеніміздің артықшылығы болмас. Ол 30 жылдан астам уақыттан бері ат баптаумен айналысып келеді. Сол арқылы абырой мен құрметке бөленіп жүр. Бүгінге дейін ол баптаған жүйріктер түрлі тұғырлы бәйгеден топ жарды.

«Аттың жылағанын көріп пе едіңіз?» деді ол күлімсіреп. Мен басымды шайқадым. Ол алтын көмбедегі әңгімесінің тиегін ағытты. «Басынан бағы тайып, бабы болмай қиналғанда, жарықтық текті түліктің жанарының талай мөлдіреген жасын сүртіп, жан дүнием құлазыған сәт болғанын жасырмаймын. Мөлдіреген көзіне мойылдай мұң ұялаған қайран арғымақты жұбатып, сауырынан сипай алмай кеткен кезімді еске алсам, заты асыл сәйгүлікті бағаламаған бапкерлерге іштей қапа боламын. Ақылды жануардың сезім пернесін дөп басып, жан-тәніңмен қызмет етпесең, топ жарған додада жеңістің дәмін тату мүмкін емес. Жансебіл болған бейнет пен табан ет маңдай теріңнің арқасында шаршы топта қас жүйріктерді шаң қаптырып, дара шауып бас бәйгенің бағы бұйырады» дейді кәнігі бапкер.
Оң жамбасына дөп келген әңгімені айтқан сайын оның екі беті алаулап, жанарынан жарқылдаған от ұшқыны көрінеді. Бәйге мәресіне тұяқ тигізген арғымақ секілді қызынып алған ат баптаушы басынан өткізген қызықты оқиғаларын тізбелей жөнелді. Көз алдымызға бір сәт дала төсін дүбірлетіп көсіле шапқан қас тұлпарлар елестеп, оқиғаға еліте түстік.
«Бір тәулікте екі аламан бәйге шапқан тұлпарды көрдік. Арты жақсылыққа бармады. Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында ас бәйгесі болды. Сол жарыста шиелілік тұлпар бірінші болып бәрімізді қуанышқа бөледі. Сол жерде ертең түс кезінде Сунақ ата ауылында сабан тойға бәйге беріп, ат жарыстырамыз деген шақырыс болды. Біз сол жерге келіп қонып, бәйгені қызықтадық. Әлгі жүйрік тағы да бірінші болып келді. Бірақ бұл жолы біз қуанбадық, жануардың алдыңғы екі аяғы майысып жерге тиді. Аттың қасынан өтіп бара жатқанда екі көзінен жас парлаған жануар бізге қарады. Біз жерге қарадық. Бұл қалай болды, бір аяғына тұрмайтын жаман тай үшін мына жануарға не істеді. Ат иесіне атақ па, әлде тай керек болды ма деген ойлар келіп жатты. Бапкері бізден үлкен жастағы, көргені көптеу кісі болатын. Сондықтан іштен тындық та, жүріп кете бердік» деді атбегі әңгімесін одан әрі өрбітіп.
Сәл тыныстап, бір терең күрсінген атбегі ағамыз тағы да төрелі сөздің түйінін тарқатты. Шынында, аттың бабын келтіре алмай жүргендерге келелі кеңес екен. «Менің «Ақ сауыр» деген атым болатын. Құнанында үш рет бірінші болып келді. Төртінші бәйгенің хабары шықты. «Үмітсіз шайтан» деп мен тер алуға тағы да жолға шықтым. Алдымнан ат тілін жақсы білетін бір ағам кездесіп «жол болсын!» деді. Мен тер алуға барамын, жақында жарыс бар екен дедім. Ол кісі маған «келер жылы бәйге болмайды деп естідің бе?» деп қарсы сұрақ қойды. «Жоқ» деп мен төмен қарадым. «Ендеше, бұл құнанда ақың қалды ма? Биылғы атағы біраз жерге кетті ғой, темір де сынады. Бұл жаны бар нәрсе ғой. Жәй жүрсең алысқа барасың деген, жылына жақсы атты екі бәйгеге қос, сонда көп бәйге аласың» деді. Мен райымнан қайттым. Сол кісінің сөзі қамшы болып, кейін де көп жылдар ат жарыстарына қатысып, жүлделі болып жүрдім.
Менің бәйгеге қосып жүрген аттарым – ағылшын текті арғымақтар. Олардың жүрегі қазақы жылқыдан бір жарым есе үлкен. Атты уақытында бағып, жілік майын толтыр дейді. «Қанша бір жүйрік болса да, жалсызды мінбе жорыққа» деген тәмсілдің осыған қатысы бар. Бағып болған жылқыны қайыру деген болады. Сол кезеңді ойдағыдай өткізу керек. Аттың алдыңғы, артқы аяқ бұлшық еттерін жетілдіру арқылы алдыңғы аяқ буындарын шынықтырып барып тер алуға дайындау керек» деді Сайфулла Дүйсенбеков.
– Ендігі мәселе атпен шабатын шабандоз бала туралы болмақ. Біздің қанша бағып, баптап келген сәйгүліктеріміздің сыналар шағында «әттеген-ай» деген күндеріміз аз болған жоқ. Сондықтан баланы да атпен бірдей үйреткен мақұл болар еді. Көп жерде ат қосқан ағайындардан кетіп жүрген кемшіліктерді көріп жүрегің ауырады. Аты бәйгеден келмей қалса, баланы керек етпей ұруға дейін барады. Негізінде 30 шақырым жайдақ шауып келген баланың сол тұрғандағы күйі қандай десеңізші! Қайта су беріп, арқасынан қағып, қателік болса, келесі бәйгеде түзейміз, «ендігісі біздікі болады» десек, көңілі құлазып тұрған жас өреннің сайысқа деген құмарлығы артып, кемшілігін жоюға ұмтылары анық қой. Мен осыған сенемін. Өмірлік тәжірибем бойынша ат та, бап та қатар шапса, нәтиже жоғары болады. Бапкер мен жылқының арасында тіл табысу да үлкен жеңіске жетелейді. Жануардың да тілін біліп, оған қалауына қарай қызмет жасау керек. Сонда шабыс малы сенен жанын аямайды.
Осыған орай менің баулыған шәкіртім шабандоз Мәди Қалмырза жайлы айта кеткенді жөн көрдім. Ол қадамын қарыштап басқаннан бәйге десе делебесі қозған ерен жүйріктің өзі болды. Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының тумасы қазір небары 17 жасында қаншама жеңістің дәмін татты. Тұяғы жер тарпып тұрған «Жұлдыз» атты тұлпарымен Қармақшы ауданы Жаңақала ауылында өткен жарыста 1-ші орынды еншіледі. Қазалыдағы бәйгеде «Бақытторы» деген жүйрігіммен жеңімпаз атанды. Республика көлеміндегі талай жарыстарда бақ сынап келеді. Алған марапаты төрден ойып тұрып орын алатын қанжығасы майланған нағыз жеңімпаздың өзі. Осындай шабандоздар атбегінің бағын ашады.
Осы шабарман бала тұратын Жалағаш ауданында да тұлпардың бағын ашқан талай атбегілер елге танылғанын білеміз. Солардың бірі Еңбек Ері, республикамызға белгілі азамат Ұзақ Еспановтың әкесі – Еспан Сәтбайұлы сейіс 1874-1947 жылдары өмір сүрген. Ұзекең – текті азамат. Әкесі Еспан 20 жылға жуық бәйгеге ат жаратып қосып, 110 рет бәйгеден алдына жан салмаған кісі дегенді естігенмін. Сол Ұзекеңнің әкесі Еспан сейіс «Бурыл» деген жүйрігін тай, құнан күнінен жаратып, 19 жасқа толғанша ас-тойларда бәйгеден келтіріп отырған. 1929 жылы Абақан Кете Шегебайдың асындағы бәйгеде «Бурыл» ат шауып келе жатып, жолындағы арықтан қарғығанда үстіндегі бала түсіп қалады. Бірақ Бурыл баласыз-ақ қарақшыдан бірінші болып өтіп, бас бәйгені жеңіп алады. Үстінде шабандоздары бар жарыстастар адамсыз атты адастырып кету үшін неше түрлі айла-әрекеттерге барады, қилы-қилы жолдарға бұрылып шабады. Бірақ хас жүйрік алдауға, адастыруға көнбей, әлсін-әлсін артына бұрылып қарап, олар қай жолға түссе, солардың алдына шығып отырған. Шылбыр да, жүген де ығысып, аяғына басылуға жақындағанда оны басымен, мойнымен сілкіп, өз орнына келтіріп отырған. Аттың ақылдылығына, айлакерлігіне асқа қатысқан барша жұрт риза болады. Текті тұлпар баласыз шауып, бірінші орын алады.
Еспан сейістің Бурыл атты күтіп бағуы да ерекше бөлек. Ол сәйгүлігіне қыстыгүні қой түнеген ескі көңнің астынан көктеп шыққан қозықұйрықты және Қызылқұмда өсетін қияқ шөптің тамырын қаздырып береді екен. Солайша жаратылған жүйрік бір жылғы ас-тойлардағы бәйгелерде 70-тей ірілі-уақты қара жүлде алған. Есағаң осының барлығын ауылдағы жетім-жесірге, жарлы-жақыбайларға үлестірген деседі. Қандай көрегендік десеңізші.
Сөздің реті келгенде тағы бір әңгімені айта кетейін. Бірде қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов ағамыздың асына бәйге беріп, ат шаптырамыз деген дүмпумен үдере көтерілген болатынбыз. Бәйге де басталып кетті. Құнан бәйгеден қызылордалықтар бірінші, екінші орындарды жеңіп алдық. Ендігі ат жарысы қызық болды. Бәйгеге тігілген «Волга» автомашинасын маған шаппай бер» деп «Господин» деген сәйгүлігі бар бір кісі келіп дауыс көтерді. Көрермен халық аң-таң болдық. «Бұл қалай болар екен?» деп абыржығанымыз да рас. Сол кезде орта жасқа келген бір кісі ортаға шығып «Азамат сіздің атыңыздың талай машина ұтқан жүйрік екеніне дауымыз жоқ. Бірақ мынау жиналған көпшілік бұрын естіген едік, енді көзімізбен көретін болдық деп қуанып тұр. Шауып алғаның жөн болар» деді. Ол жігіт Түркістан қаласынан ат әкелген бапкер екен, – деді Сайфулла ағамыз қызықты әңгімесін бастап.
Біз еріксіз елең ете қалдық. Оқиғаның соңы қалай болар екен?
– Содан ат жарыс басталып кетті. Соңғы айналымға кеткенде «Господин» жануар жеке дара алға шықты. Өз елінің адамдары бірауыздан ұрандата «Господин» деп айғайлағанда жер дүрілдеді. Бірақ үстіндегі бала атты іркудің орнына оған қамшы салып, соңғы күшін жұмсап қойды. Бұл шабарманның үлкен қателігі болатын. Соңғы тура жолға түскенше атты іркуі керек еді. Бұрын жарысқа қатысып жүрген сәйгүліктер соңғы тура жолда үлкен айқай мен жойқын текетірестің бар екенін біліп, өзінің шамасы келгенінше күшін артқа сақтап отырады. Соны шабандоз бала екеуі қатар түсіне білуі керек-ақ еді, әттеген-ай. Әлі жарты айналым жер бар. «Господин» желіп, жан-жағына қарап келеді. Сол кезде артынан бір күрең байтал жетіп-ақ келді. Сонда бұрын ат оздырмай дара шапқан хас тұлпар шамалы қабаттасып шапты да қала берді. Мәре сызығынан екінші болып өтті. Бірінші келген байтал түркістандық «Шауып алғаныңыз дұрыс болар» деген жігіттікі болып шықты, – деді атбегі.
Атбегінің айтуынша, қазақ атамыз «астамшылық сөйлеме, атыңа зияны тиеді» деген сөзді сол сәтте айналадан гу-гу етіп естіліпті. Бір қызығы, бәйгені ұтып алған жігіт ертең жарыс деген күні атының терін алып келе жатса, екі немересін жетектеген бір кейуана кемпір жолығып «Балам, ертең атын бірінші болып келеді» дейді. Сонда жігіт «Апа, бірінші болып келсе, екі балаңызға екі түйе мінгіземін» дейді. Бәйгеден кейін дуалы ауызға риза болған азамат кемпірді тауып алып, екі түйе мінгізгеніне куә болдық.
Басынан өткен қызықты оқиғаларын табаны қызған жүйріктей желдірте әңгімелеп шыққан ағамыз кең тыныстап алды да түйінді сөзін салмақтап айтты. «Бұл жайларды тізбектеп айту себебім – сәйгүлікті сән үшін емес, атадан қалған мұра деп түсініп, аттың да жай-күйін ұға білу керек екенін түсіндіру. Бабы келмей, берместі тартып аламын деп шамадан тыс шарықтау артық іс болады. Ал атқұмар әріптестеріме айтарым арғымақтарды аялай білейік. «Әттеген-ай» деген өкінішті азайтып, әлдеқандай бір пайда үшін жүйріктерге зәбір көрсетпейік деген сөз. Ендігі менің үлкен ой-арманым аудан, облыс, республика көлемінде ат спорты мектептерін көбейтіп, жас жеткіншектерді осы өнерге баулысақ» деді ол.
Атсейіс баладай баптаған тұлпары елу, тіпті жүз шақты шашасына шаң жұқпаған қас жүйріктерді басып озып, дара шауып, алғаш мәреге жеткенін көрген кезде көңілі босап, жанарына жас толатынын риясыз ақ жүрекпен ақтарыла жеткізді. «Осы сәттегі көл-көсір сезімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Сайфулла аға. «Тектілік төресі – тұлпарым да сондай шуақты шақта менен жылы сөз бен шынайы қолдау күтіп, жанары мөлдіреп маған мейірлене қарайды. Мен құдіреті күшті Жаратқанға жалбарынып, тұлпарымның тұяғы таймай, жеңіс салтанатымен оралғанын тілеймін» дейді толқып.
Қалай десек те, текті тұлпармен тіл табысқан атсейістің жүрегі мейірім мен шуаққа тұнып тұр. Оның алақанымен жем беріп, алқынғанда дем берген сәйгүліктерінің қай-қайсысы да оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп, көш бастап жүр. Кәнігі бапкер армандаған шоқтығы биік мақсат та осы болса керек. Олай болса, тұлпарға бап, атбегіге бақ қонақтасын деп тілегеніміз жөн болар.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
20 наурыз 2021 ж. 763 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930