» » ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ТОП ЖАРҒАН

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ТОП ЖАРҒАН

Қазақ спортына кейін қосылса да бұрын көшпенді халықтың ұлттық дәстүрлі ойындарының санатында болған тоғызқұмалақ қазірде әлемнің көптеген елдеріне кеңінен таралды. Тек таралып қана қойған жоқ, Азияның бірнеше мемлекеттерінде арнайы тоғызқұмалақ мектептері ашылып, аталған спорттың бұл түрінің бәсі бүгінде халықаралық дәрежеге дейін биіктеді. Бұл логикалық ойынның түрі адамның ақыл-ойын жетілдіріп, рухани кемелденуіне де әсерін тигізеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл ойынға деген жалпы жұртшылықтың, тіпті спорт сүйер қауымның да көзқарасы түзу болмады. Тоғызқұмалақ деген атауынан-ақ ат-тонын ала қашып, таңнан кешке дейін мал соңында жүрген көшпенді халықтың еріккендегі ермегі деп қана қарағаны рас. Жасыратыны жоқ, ол біздің уақытында ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, рухани қазынамызға бей-жай қарайтын бейқамдығымыздан баяғы. Алайда, бертін келе ұлтжанды ұлдардың арқасында тоғызқұмалақ қазақтың ұлттық ойындарының қатарына енгізіліп, қазірде оған әлем елдері қызығушылық танытып отыр. Ұлттық ойынымызды ұлықтап, әлемге танытуда ойыншыларымыздың да еңбегі зор. Солардың бірі – жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, тоғызқұмалақ ойынынан спорт шебері Қызжібек Әбілда.

Қызжібек аудан орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің түлегі. Осы аталған білім ордасын «Алтын белгімен» тәмамдаған мектеп мақтаныштарының бірі. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ білім мен спортты қос қанатындай қатар алып жүрген Қызжібек 11 сыныпта «Жарқын болашақ» Халықаралық VІІІ «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадасында ІІ орын иеленіп, өзі білім алған мектебі мен ауданымыздың абыройын биікке шығарды. Қазірде ол Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 2 курс студенті. Өзі оқып жатқан жоғары оқу орнының ең үздік шәкірттерінің қатарында. Білім мен спортты қатар меңгеру студент жас үшін оңай емес. Десе де, Қызжібек Әбілда әлі де ел намысы үшін шет мемлекеттерде өткен бәсі биік байрақты бәсекелерде бәйгені бермей, қазақ елінің атын шығарып жүр.
Қазақстанның ауыл жастары ІІ жазғы Ойындарында 2 орынды, Алтай өлкесінде өткен Халықаралық турнирде 2 орынды иеленді және ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жақсы ойын көрсетіп, Азия чемпионатына жолдама ұтып алды.
Таяуда ғана ауданымызға тағы да жақсы жаңалық жетті. Жас спортшы Қызжібек Әбілда Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық турнирде жүлделі 3 орынды иеленіп, көк байрағымызды желбіретті. Елге келген сәтін пайдаланып, чемпион қызымызбен аз-кем сөйлескен едік.
– Осы маусым айының ортасында Жамбыл облысында өтетін оқу-жаттығуда болып, алдағы Азия чемпионтына дайындаламыз. Содан соң шілденің басында Қырғызстанда өтетін Халықаралық турнирге аттанамыз. Ол да мен үшін үлкен бәсекенің алдындағы шеберлігімді шыңдайтын мүмкіндік. Шілденің аяғында – Моңғолияда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Бұл жарыста барымды салып, жаттықтырушыларым мен маған сенім артқан елімнің үмітін ақтаймын деп ойлаймын. Ел намысы қолда тұр, тек соны жасытып алмау керек, - дейді Қызжібек Әбілда. Иә, біз де ауданымызды айтпағанда, тәуелсіз елімізді тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойынымыз арқылы төрткүл дүниеге танытып жүрген жерлесімізге алдағы Азия чемпионатында байрағымызды биіктет деп тілек айтамыз.
Қызжібектің жетістіктері жолында жаттықтырушылары Марат Рахметов және тоғызқұмалақ ойындарынан әлемнің 3 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Хакімжан Елеусіновтердің төккен тері мен еткен еңбегі зор.
Айта кету керек, негізі қай спортта болмасын жасы жиырмаға толмаған спортшы ересектер арасында ойын көрсете алмайды. Ал, он сегізге енді ғана толған Қызжібек Әбілда қазірде ересектер арасында бақ сынап, биік белестерді бағындырып келеді.

Қ.АХЕТОВ.
05 маусым 2018 ж. 1 196 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930