» » » Мұхтар Ниязов Түркістанда өткен аламан айтыстан бірінші орын алды

Мұхтар Ниязов Түркістанда өткен аламан айтыстан бірінші орын алды

Тарихы терең, Түркістан қаласында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай алғаш рет өткізілген екі күнге созылған аламан айтыс өз мәресіне жетті.

Финалдық кезеңге шыққан 10 ақын бес жұп болып сөз сайысының көркін қыздырды. Алғашқы болып сахнаға шыққан Ш.Сезімхан мен А.Қалиев сөз сайыстырды. А.Шұғатаев пен С.Әуезхан түрленген Түркістанды жырға арқау етіп, көпшілікке керемет көңіл сыйлады. Үшінші жұпта А.Жаппарқұлова мен М.Сұлтанхан өзара мықтыны анықтады. Ал Ж.Мусина мен Т.Жаманов айтыстағы аға мен қарындас сыйластығының үлгісін көрсетті. Айтыс көркін бесінші жұп болып шыққан түркістандық Д.Ақсақалов пен сыр сүлейі М.Ниязов бүгінгі айтыстың бас жүлдесіне лайықты өнер көрсетті.

Айтыс қорытындысына сай, А.Алматов пен Ә.Қалыбекова бастаған қазылар тобы 15 минуттық үзіліс алып, жүлдегерлерді анықтады. Нәтижесінде «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты республикалық айтысына қатысқаны үшін Түркістан облысы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының арнайы жүлдесі А.Жаппарқұлова мен С.Әуезханға бұйырды. Оны «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев табыстады. Сондай-ақ, қызылжарлық Ж.Жұпарханға Көпбай Омаров атындағы жүлде, Орынбай Тайманов атындағы жүлде маңғыстаулық А.Жолмағамбетовке, Тәушен Әбуова атындағы жүлде тараздық Қ.Мырзаханға, Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлде атыраулық Ш.Ізбасаровқа, Құлыншақ Кемелұлы атындағы жүлде түркістандық Т.Тілеулиев, Нысанбек Айнабеков атындағы жүлде шымкенттік Б.Байтуовқа бұйырды.

Үшінші орын төрт бірдей ақынға бұйырды. Олар: Айбек Қалиев, Төлеген Жаманов, Мейірбек Сұлтанхан, Шұғайып Сезімхан. Орамды ой мен өткір әзіл айтып, түркістандық көрермендерді тәнті қылған оралдық Жансая Мусина мен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал финалдық кезеңде тартысты айтыс өнерін көрсеткен сыр сүлейі атанған Мұқтар Ниязов жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Бүгінгі айтыстың көркін қыздырып, облыс намысын қорғаған жас ақын Дәурен Ақсақалов республикалық айтыстың бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Бас жүлде иегеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев темір тұлпардың кілтін табыс етіп, айтыскерлерге шынайы алғысын білдірді,
«Қазақ руханиятында айтыстың орны ерекше. Бүгінгі аламан айтыста бағы жанған ақындарды құттықтаймын. Бұл Түркістанда өтіп жатқан айтыстың соңғысы емес. Алдағы уақытта айтысты дәстүрлі түрде өткізуге бар жағдайды жасайтын боламыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, айтыс өнеріміз асқақтай берсін», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы биыл мерейлі 70 жасқа толып жатқан халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованы арнайы құтттықтап, сый-сыяпат жасады.
20 маусым 2021 ж. 487 0